13 Тамыз, 2016

Нұриланың жеңісі

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
0003-3Қытайдың аз ұлт өкілдері арасындағы «Тұлпар» әдебиет сый­лығының 2016 жылғы ие­герлерінің есімдері белгілі болды. 1981 жылдан бері 3 жылда бір ұйымдастырылып келе жатқан бұл мәртебелі байқау биыл 11 рет өткізіліп отыр. Бұл жолы есімі Қытайда ғана емес, дүниежүзі қазақтарына белгілі ақын, жазушы, этногроф Нұри­ла Қызыханқызы «Тұлпар» сыйлығының иегері атанды. Бұған дейін қаламгер «Қа­зақ­тың аңшылық құрал-сай­мандары мен әдіс-амалдары» деген мақаласымен және «Ләй­ла» повесімен қазақ-қырғыз «Тұл­пар» сыйлығын алған болатын. Ал «Борандағы көш» повесі Тянь-Шянь әдебиет-көркемөнер сыйлығын иеленген. Нұрила Қызыханқызының айтуынша, әдебиеттің түрлі жанрлары бойынша аз ұлт өкіл­дері арасында өтетін «Тұл­пар» әдебиет сыйлығына өз шығармаларын алғаш рет ұсынған. «Роман», «Әңгімелер мен повестер жинағы», «Шал­қыма», «Поэзия», «Очерк», «Аударма» аталымдары бойынша «Тұлпар» сыйлығын иеленген 28 адамның ішінде ол жалғыз қазақ болып отыр. – «Тұлпар» сыйлығын мен «Әңгі­мелер мен повестер жинағы» аталымы бойынша алып отырмын. Жеңімпаз атанған «Бақыттың иесі» деген кітабым «Күйтін» баспасынан шыққан. Оған төрт повесть пен оншақты әңгімем енген еді, – дейді ол. Бұған дейін бұл марапатты дәл осы аталым бойынша 2012 жылы жазушы Оразхан Ахметов «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты повестер жинағы үшін иеленген болатын. Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист АЛМАТЫ