Отандық балет жұлдызы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Сеулде өткен XIII халықаралық би байқауында жеңіске жетті. Әртіс «Классикалық би» санаты бойынша ерлер арасындағы ересектер тобында виртуоздық техникасымен және кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, көрермендерді таңғалдырды әрі қазылардың да көңілінен шыға білді. Нәтижесінде, 1-ші орынға ие болды.
6-10 тамыз аралығында Корей Ұлттық театрына дүние жүзінің белді балет әртістері жиналды. Онда 11 жастан 35 жасқа дейінгі бишілер үш санат бойынша бақ сынады. Олар: классикалық, қазіргі заманғы және халық биі.
Бақтияр Адамжан шілде айында Ыстанбұл қаласында өткен Балет әртістерінің V халықаралық конкурсында бас жүлдені иеленіп, еліне жеңіспен оралған еді. Кейін бір апталық демалыстан кейін ол Сеулдегі байқауға қатысу үшін бірден дайындыққа кіріседі. Әртіс классикалық балеттерден Л.Минкустың «Баядеркасын», Б.Асафьевтің «Париж жалынын», Ц.Пунидің «Эсмеральдасын», сонымен қатар, қытайлық хореограф Исян Чжанның қойылымындағы «Ояну сәтінде» (In the wake) атты заманауи туындысын сахнаға шығарады. Бишінің пікірінше, жоғары деңгейде өнер көрсету үшін, ең алдымен, жақсы көңіл-күй және физикалық дайындық қажет екен, сол себепті, ол конкурс барысында дәл осы қағиданы басшылыққа алыпты.
Сонымен қатар, Бақтияр Адамжан конкурс аясында жоғары кәсіби техникалық деңгейімен ерекшеленетін корей балет мектебімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғанын, бұл оның кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне ықпал еткенін айтады.
Ал байқаудың қазылар алқасының құрамында «Астана Опера» театры балет труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев те болыпты. Балетмейстер әлемдік балет элитасын шыңдаған жобаға қатысу үлкен құрмет әрі жауапкершілік екенін жеткізді. «Біздің әртістеріміздің шығармашылық әлеуеті жоғары, бұл олардың алдыңғы қатарлы әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетулеріне, айтулы байқауларда жүлделі орындарға ие болуларына мүмкіндік беріп келеді. Өнерпаздарымыздың табыстары, олардың кәсіби шеберліктері мен балет өнеріне деген сүйіспеншілігі мені айрықша тебірентті. Халықаралық деңгейдегі мамандардың қазақстандық әртістерге берген бағасы да жоғары. Бұл Отанымызға деген мақтанышымызды молайта түскендей болды», – дейді Тұрсынбек Нұрқалиев.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»