Өз адамың өзектен тепсе жаман
АҚШ-та президент сайлауының науқаны күшейіп тұр. Екі үміткердің бір-бірінің беделін түсіру үшін сөз таңдамайтынын заңды десең, республикашылардың өз арасынан белгіленген үміткері миллиардер Дональд Трампқа қарсы шабуылдарын жалғастыруын түсіндіру қиын. Әдетте ішкі партиялық күресте партияластардың бір-бірін сынауы болып жатады. Лайықты адамды таңдау үшін ол керек деп уәж айтылады. Ал сол лайықты адам таңдалған соң бүкіл партия соның жеңісі жолында қызмет етуге тиіс. Бірақ бұл жолы республикашылар бұл әдептен айнып, съезд белгілеген үміткер Трампқа шабуылын тоқтатпай отыр. Елдің қауіпсіздігі мәселесімен айналысқан, жоғары дәрежелі қызметтер атқарған, дипломатиялық жұмыста болған 50 қайраткер бас қосып, Республикашылар партиясының Ұлттық комитетіне хат жазып, шұғыл түрде Трампты жаңа үміткерге алмастыруды өтінген. Бұл хатты ескермеуге болмайды. Ол атақты «Нью-Йорк Таймста» жарияланды. Қол қоюшылар белгілі қайраткерлер. Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің және Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Майкл Хайден, Ұлттық барлау басқармасының бірінші директоры, АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары болған Джон Негропонте, бұрынғы бас хатшы, Дүниежүзілік банк президенті Роберт Зеллик, бұрынғы ішкі істер министрлері Томас Ридж, Майкл Чертоффтың пікірімен санаспай тұра алмайсын. Хат авторлары үміткерге көп айып тағады. «Трамп мырза талай рет АҚШ-тың ең маңызды ұлттық мүдделерін, ел алдында тұрған дипломатиялық мәселелерді, америкалық сыртқы саясат негіздеген әріптестерді, демократиялық құндылықтарды мүлдем түсінбейтіндігін көрсетті. Сонымен бірге, ол біздің қарсыластарымызға көпшік қоя сөйлеп, одақтастарымыз бен достарымызға доқ көрсететіні бар». Ауыр айыптаулар. Ал осы хаттың бастамашысы болған Реджина Томпсонның «Дональд Трамп – бұл опат» деп қысқа тұжырымдауы тіпті қатал. Республикашылардың Трампты ғайбаттауына жұрттың еті өліп кеткендей. Сайлау науқаны басталғалы бері ол жайында не айтылмай жатыр! Кешегі президенттер Үлкен Буш, Кіші Буш бас болып, президенттікке бұрынғы үміткерлер Митт Ромни, Джон Маккейндер Трамп партиядан үміткер болатынын аңғарып, съезге де бармай қалды. Сол съездің үстінде оған айтылған сын да талайды тұралатар еді. Осыдан кейін Трамптың шыдамына, көнторылығына таңданбасқа шараң жоқ. Ол республикашылардың барлық үміткерлеріне қарсы жалғыз айқасып келеді. Және жеңіп келеді десең де болғандай. Ащы сынға мойымайды. Бірақ оны да оңып тұрған қасиет деуге болмас. Талай жұрт сөз өтпейтін тоңмойын дер. Партияластарының соңғы шабуылына да мыңқ етпеді. Өздері талай нәрсені бүлдірген, жосықсыз мұра қалдырғандар деп, қарсы соққы берді. Қалай дегенде де, бұл хат Трампқа қатты тисе керек. Республикашылар партиясының Ұлттық комитетінің төрағасы Рейнс Прибас хаттағы ұсынысты қабылдап, қайта съезд аша қоймас, жаңа үміткер ұсынылмас. Бірақ өз адамдарының өзекке тепкені үміткердің беделін түсіреді. Сірә, осының да әсері бар шығар, Трампқа қарағанда демократтардың үміткері Хиллари Клинтонның рейтингі 10 пайызға жоғарылап кетті. Трампқа соққы екі жақтан да тиіп жатыр. Мамадияр ЖАҚЫП, журналистАлматы облысында көлік салығынан жалтарғандар анықталды
Қоғам • Бүгін, 13:34
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Президент • Бүгін, 13:28
Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Бүгін, 13:05
Мереке күндері ХҚКО қалай жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 13:00
Қарағандыда күдікті 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға жұмсаған
Оқиға • Бүгін, 12:39
Ақмолада вейп саудасы тоқтатылды
Оқиға • Бүгін, 12:36