Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын Қазақстан Республикасының жер ресурстарын пайдалану мәселелері туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Көтеріліп отырған тақырыпқа орай агенттік жұмысы туралы көрме әзірленіп, Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынылды.
Елбасы Үкіметке пайдаланылмайтын жерлердің жай-күйіне талдау жүргізуді және алдағы уақытта оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу әлеуетін анықтауды, жайылым және шабындық жерлерін қайта қалпына келтіруге және ұтымды пайдалану үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы мәселе бойынша депутаттар алдында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков баяндама жасады.
Агенттік төрағасы ауылшаруашылық жерлерінің жай-күйі туралы, 2010 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елімізде 207,9 мың шаруа, фермер қожалықтары, 6,1 мың акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктер, 1,3 мың өндірістік кооперативтер жұмыс істеуде. Олардың иеліктеріне барлық ауылшаруашылық жерлерінің 98,4 пайызы берілген, деді.
Оның айтуынша, Жолдауда аталған міндеттемелерді шешу үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін, әсіресе, Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтары маңындағы жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізіп, ондай жерлерді мемлекетке қайтару және оларды тиімді пайдалану шараларын іске асыру керек. Агенттік, Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасына орай, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жайылым және шабындық жерлерін қайта қалпына келтіру және ұтымды пайдалану туралы шаралар қабылдауды көздеп отыр.
Жер мониторингі жүргізу нәтижесінде елімізде республика бойынша барлық егістік жерлердің (24,2 млн. га) 16,3 млн. га – сапасы жақсы; 2,0 млн. га – тұзды жерлер; 2,5 млн. га – сортаң жерлер; жел және су эрозиясына бейім жерлер – 1,6 млн. га; 1,3 млн. га – қиыршық тастақталған және 0,4 млн. га шамадан тыс ылғалданған жерлер болып отыр.
Ауылшаруашылық жерлерін пайдаланбай отырған субъектілерге 17 млн. теңге көлемінде айыппұлдар салынып, жер пайдаланушыларға жерді өз мақсатында пайдалану туралы 733 жазбаша ресми хабарлама жіберілген. Сот органдарына 33,5 мың гектарды мемлекетке қайтарып алу туралы 51 талап-арыздар беріліпті.
Тексеру нәтижелерінде 2010 жылы мемлекет меншігіне 1,1 млн. га ауылшаруашылық жерлері қайтарылды, деді баяндамашы. Ал, 2009 жылы, осындай тексерістер нәтижесінде 505 мың га жер қайтарылған болатын. Жер инспекциялары 2010 жылы 6342 тексеріс жүргізіп, жер заңнамаларын бұзушыларға 428,7 млн. теңге айыппұл салды.
Қазіргі кезде Мәжілістің қарауында депутаттар бастамасымен жасалған және бірінші оқылымда мақұлданған «Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша біршама мәселелер қаралып отыр. Оның бастысы – елді мекендерді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, соның ішінде, елді мекендер айналасындағы жасыл аймақтарды (екпе ағаштар), қорғаныс және байланысты, энергетиканы, көлікті дамыту үшін, сондай-ақ кен орындарын игеру мақсатындағы жерлерді резервке қою;
жер учаскелерін игерудің нақты мерзімдері мен шарттарын орнату, яғни құрылыс үшін берілген жер учаскелерін жеке меншікке беру, объектіні пайдалануға берілгеннен соң жүзеге асыру;
жергілікті аумақтардағы жер учаскелерінің мемлекет жеке меншікке бергенде базалық ставкаларын белгілеуді облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарымен бекіту;
шекара аймақтарында шетелдік тұлғаларға жер учаскелерін жеке меншікке беруді шектеу, яғни Қазақстанда тіркелген, бірақ құрылтайшылары шетелдік болып келетін мемлекеттік емес заңды тұлғаларға ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тек 10 жылға жал ретінде беру.
Қазіргі қолданымдағы Жер кодексіне сәйкес, жерлерді пайдаланбағаны үшін жер учаскесі иелерінен алып қою процедурасы өте күрделі, яғни бұл ретте ондай жерлер кемінде екі жыл пайдаланбағаннан кейін ғана жер инспекциясының ескертілуі беріледі және де тағы да бір жыл өткеннен кейін ол жерлер пайдаланбаған жағдайда ғана сот органдарына жерді мәжбүрлеп алу туралы талап-арыз түсіріледі, сол себепті жерді қайтарып алу мәселесі, сот процедурасын қоспағанда, үш жылдам астам уақытқа созылады.
Осы себепті, аталған мәселелерді реттеу үшін кодексте көрсетілген екі жыл пайдаланбау мерзімі бес жыл кезең ішіндегі мерзімдер деп белгіленді және де ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану тәртібін белгілейтін ережелерді қабылдау көзделіп отыр.
2008 жылдың 28 маусымында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтарып алу процедурасын мейлінше оңтайландыру туралы тапсырма берілген. Бұдан басқа, аталған жәйт Мемлекет басшысының төрағалығымен 2011 жылдың 12 қаңтарында өткен «Мал шаруашылығының ағымдағы жай-күйі және даму перспективалары» атты кеңесте де талқыланған болатын, деп атап өтті агенттік төрағасы Өмірзақ Өзібеков.
Агенттік төрағасының баяндамасынан кейін Мәжіліс депутаттары Серік Оспанов, Петр Дмитриенко, Дауылбай Құсайынов, Жексенбай Дүйсебаев, Сағынбек Тұрсынов, Қылышбай Бисенов сұрақтар қойып, Мұрат Әбенов, Құрманғали Уәли, Розақұл Халмұрадов ұсыныстар айтты.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов та көтеріліп отырған мәселеге орай ой-пайымын жеткізді.
Мәжіліс депутаттары талқылауда айтылған мәселелерді агенттік, Үкімет өз қолына алады, оң шешеді деп есептейді және осы мәселелерге байланысты өзгерістер, толықтырулар енгізу керек болса, заңдар қабылдау керек болса, өздерінің дайын екендіктерін білдіріп отыр.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.