Қоян жылының «тарту-таралғысы» әлеуметтік мәні зор азық-түлік бағасының қымбаттауынан басталғаны белгілі. Елдегі «Қазагромаркетинг» АҚ жүргізген мониторинг азық-түліктің негізгі түрлері бойынша Жамбыл облысының ең қымбат өңірге айналып шыға келгенін көрсетіпті. Бұл дерек пен дәйек Таразды елдегі «ең арзан қала» деп, тілдері таңдайына жұқпайтын әкімдердің өздерін ойландырып тастаған. Базарларға барып, супердүкендерге кіріп, бағаның былтырғысы мен биылғысын салыстырып байқағандар да ішегін тарта таңғалуда.
Базарға барғам, дейді бір тараздық тұтынушы, жылқы, сиыр, қой еттерінің 1 килосы былтыр 750-850 теңге болса, биыл 1100-1200 теңгеге шарықтаған. Қазы – 1500-ге «секірген». Картоп ұсақ-үлкеніне қарай 70-80 теңгеден 110-120 теңгеге өскен. Пияз 70-80 теңгеден 110-120 теңгеге жеткен...
Байқағандарыңыздай, Тараздағы азық-түлік бағасы еліміздің Астана, Алматы сияқты қалаларындағы базар бағаларымен емін-еркін тайталасып тұр. Ал облыс тұрғындарының айлық жалақысы республика бойынша ең төменгі деңгейден көтерілмеген. Мысалы, Жамбыл облысында орташа айлықтың көлемі 52, 1 мың теңге болса, бұл еліміздегі орташа жалақы деңгейінен 32,7 пайыз төмен деген сөз. Сондықтан «Тараз базарлары мен дүкендеріндегі бағаға байланысты ауажайылушылықты кім реттейді? Зейнеткерлер мен көп балалы отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері қымбатшылыққа байланысты абыржып жатқанда Тараз қаласының әкімі Б. Орынбеков неге жайбарақат отыр? Әлеуметтік мәні зор азық-түлік бағасын тым көтеріп жіберген алыпсатарлар мен сауда дүкендері басшыларын тәртіпке шақыратын мекемелер неге қауқарсыз?» деген сауалдар да көбейе түскен.
Қалтасы жұқа халықтың осы тақылеттес сауалдары әсер еткен болуы керек, облыс орталығындағы «Достық» алаңында ақпандатып ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұрын күзгі жиын-терін айларында ғана өтетін жәрмеңкенің ақпан айында еске түсуінің басты мақсаты – қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын арзан бағаға ұсыну арқылы қымбатшылық «құқайына» қарсы тұру.
Шынында, жәрмеңкеде сүт, қаймақ, құрт, ірімшік, картоп, сәбіз, пияз базарға қарағанда едәуір арзан сатылыпты. Бірақ ақпан айындағы азық-түліктің жұғымдысы ет өнімдері емес пе?!. Ал жұрт мақтаған жәрмеңкеден арзан етті байқай алмадық. Өйткені жылқы етінің 1 килосын базар саудагері 1100-1200 теңгеге сатса, жәрмеңкедегі баға да сол төңіректен түспеді. Бұл үшін, әрине, алыстан артынып-тартынып келген тауар өндірушілерді кінәлай алмайсың. Салық, жем-шөп, жол шығынын жаба отырып, олар да маңдай терінің өтеуін көруі керек емес пе. «Артынып-тартынып» демекші, жәрмеңкеде ет сатып тұрған көгенкөздердің бәрін «алыстан келді» деу де өтірік, өйткені Әулиеата базарындағы ет сатумен тұрақты айналысатын «таныс та бейтаныс» саудагерлерді жәрмеңкеден жыға таныған тұтынушылар да бар.
Жәрмеңке саудасын алғашқылар қатарында Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы және Жамбыл аудандарының агроөнеркәсіпшілері қыздырды. Делдалсыз жеткізілген азық-түлік бағасы базардағы алыпсатарлардың бағасынан 15-20%-ке төмен болғандықтан, жәрмеңке жасаған «арзаншылық» қалалықтарға кәдімгідей қолайлы болды дейді тұрғындар. Бірақ мұндай жәрмеңке күнде өтпеген соң аптасына бір рет болатын алданыш кімнің қалтасына қамсау болмақ? Ал базар, супердүкендердің есігі күнде ашық. Бағасы да сол қымбат қалпы...
Тілшілер қосынына мынандай тосындау ақпарат та келіп түсті. «Облыс орталығындағы жәрмеңкеге азық-түлік апарып ұсынасыңдар» деген жоғарғы жақтың тапсырмасы келіп түскен бетте кейбір аудан әкімдері өз кезегінде ауыл әкімдеріне тапсырма береді. Ал ауыл әкімдері болса қызметкерлерін ауыл тұрғындарынан азық-түлік жинауға жұмсайды. Ол азық-түлік ауыл тұрғындарының қолында бар өнім болса жақсы ғой, кейбір аудан әкімдері «ассортимент» үшін шаруалардың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген өнімдерді жинауды тапсырады. Ушықпай тұрғанда бұл да ойланатын мәселе.
Жәрмеңкенің «Достық» алаңында өтуіне де сын көзбен қараушылар бар. Өйткені, алаң Тараз қаласының тура ортасында, яғни тоғыз жолдың торабына орналасқандықтан, азық-түлік ұсынушылар мен оны тұтынушылардың авткөлікпен келіп, кетуі көптеген қиындық туғызуда. Сондай-ақ, еліміздің басты мерекелеріне байланысты (30 тамыз, 25 қазан, 16 желтоқсан, 1 мамыр, 22 наурыз, 9 мамыр, т. б.) салтанатты шерулер мен жиындар, марапаттар мен құттықтаулар, түрлі концерттер мен мәдени іс-шаралар өтетін қасиетті алаңды «сауда нүктесіне» айналдыру асқан тапқырлыққа жатпайтын сияқты. Одан кейін жексенбі, сенбіге орай алыс-жақыннан қыдырып келген қонақтар мен туристер тамашалап көргісі келген алаңның жәрмеңке айғай-шуына «бөленіп» тұруы ыңғайсыз-ақ. Шынында азық-түлік қана емес, сонымен бірге үй жануарларына арналған жем-шөпке дейін сатылып жатқан жерден өркениет пен мәдениеттің ауылы алыс қонатыны бесенеден белгілі. Ал алаң төріндегі сәулетті ғимараттар мен Бәйдібек бабаны қамтып суретке түскісі келетін қонақтарға «кешіріңіздер, бүгін бізде жәрмеңке өтіп жатыр еді» деп қай әкім қалай ақталады? Тараз қаласының әкімі Б.Орынбековке сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы жәрмеңке өткізетін орын табу қиын ба әлде?
Сонымен, 6 ақпанда өткен жәрмеңкеде тараздықтар өздеріне қажетті азық-түлікке 20 млн.-нан астам теңге жаратыпты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.