Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауында әлеуметтік саланың дамуына, соның ішінде халықтың денсаулығын жақсарту ісіне барынша мән бергені баршаға белгілі. Бұл орайда отандық медицина саласындағы өзгерістерді өзге елдердің тәжірибесімен салыстыра отырып, олардың үлгі тұтар тұстарынан үйренгеніміз артықтық етпейді деген ойдамын.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы медицина мекемелерінің бір топ басшылары Литваның Каунас қаласында болып, «медицина мекемелерін тиімді басқару» атты тақырыпта өзара тәжірибе алмасып қайтқан едік. Сол сапарда көзбен көріп, көңілге түйген жәйттермен бөлісіп, Балтық жағалауы еліндегі ілкімді істерді ортаға салып, ой бөліскенді жөн санадым. Біз Каунасқа алғаш аяқ басқанда көзге түскені – мұндағы жалпы инфрақұрылым мен медицина мекемелерінің сыртқы бейнесі кеңес дәуіріндегі ең жақсы деген орталықтардың келбетін еске түсіргендей болды. Сол кездің өзінде бұл елдер осындай деңгейге жеткен болса, біз өткен ғасырда Кеңес Одағының резервациясының бірі ретінде ғана болғанымыз көзге айқын көрініс бергендей еді. Біз Литвадағы медицина саласының деңгейімен жете танысып, маман ретінде сарапқа салғанымызда, бұл елдің денсаулық сақтау саласында озық істер баршылық екенін бағамдай түстік.
Атап айтсақ, медициналық аппараттармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені көзге бірден көрініп тұрды. Мысалы, олардың аудандық деңгейдегі ауруханаларының өзінде МРТ, КТS-тәрізді рентген аппараттары орнатылып, қабылдау бөлімшелері заманға сай жабдықталған. Мамандығым хирург болғандықтан бірден байқағаным, мұнда операциялық блоктарға дейін қойылған екен. Хирургия саласындағы директордың айтуынша, хирургиялық қызметтің жеті бөлімшесі жылына 50 мың операция жасайтын көрінеді. Оның ішінде, 2200-дей травматологиялық операциялар болса, жүрек-қан тамырлары жүйесі бойынша 10 мың операция жасауға мүмкіндік бар. Бұл жерде біз тек жоғары мамандандырылған жәрдемге жататын операциялардың түрлерін ғана атап отырғанымызды айтуымыз керек. Жақынырақ танысқан кезде аталған клиникаға жан-жақтан науқастардың ағылып келіп жатқанына куә болдық. Бұл мысалдың өзі аталған клиника мамандарының кәсіби деңгейінің өте жоғары екендігін дәлелдейді.
Сонымен қатар, сала мамандарының әлеуметтік жағдайына қысқаша тоқталсақ, мұнда дәрігерлерге мейлінше жағдай жасалған. Өйткені, бар-жоғы 3 миллионға жуық халқы бар аталған мемлекетте жоғары білікті мамандарды тұрақты ұстап тұру өте қиын. Еуропадағы іргелі елдермен қоңсы отырғандықтан, Литвадан жылына 50-ден 150-ге дейін кәсіби деңгейі жоғары мамандар өзге елдерге жақсы өмір іздеп көшіп кетеді екен. Сол себепті мамандық түрлеріне қарай дәрігердің жалақысы 2000 литтен басталады (1 АҚШ доллары 2.6 литті кұрайды). Оның жартысына жуығын коммуналдық, сақтандыру және де басқа төлемдер құрайтын көрінеді. Былайша айтқанда, дәрігерлердің әл-ауқат жағдайы біздің елге қарағанда екі есе жоғары.
Енді Литвадағы медицина жүйесі жайлы бірер ауыз сөз. Мұндағы денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік саясат бойынша азаматтар ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты болуы керектігі нормативтік база арқылы шегеленіп қойылған. Яғни, науқастанып, жұмысқа жарамсыз болып қалу азаматтардың өзіне тиімсіздік туғызатын заңмен бекітілген. Мәселен, біздің елімізде учаскелік дәрігерді науқас үйіне шақырған жағдайда кезекке қою деген ұғым мүлдем жоқ. Ауырып жатқан адамға келесі күні немесе екі күннен кейін келу деген біздің түсінігімізге келмейтін жәйт. Ал Еуропа елдерінде бір апта, он күн бойы отбасылық дәрігерді тосып жүру үйреншікті үрдіске айналған.
Ауруханалардың жағдайына келсек, Литвада және де басқа Еуропа мемлекеттерінде жоспарлы стационарлық ем түрін алу үшін 5-6 жылға дейін кезекте тұру қалыпты жағдай. Бұл орайда республикамызда жүзеге асырылып жатқан Ұлттық бірыңғай медициналық жүйесі отандастарымыздың денсаулығын сақтау бойынша конституциялық құқықтарын толық қанағаттандыруға әлеуеті бар бағдарлама деп білемін. Тек бағдарлама бойынша кәсіби әрі өмірлік тәжірибеде кездескен кемшіліктер болса, уақтылы сараптаудан өткізіп, дер кезінде түзетулер енгізіп отырғанның айыбы жоқ деп есептеймін.
Қорыта айтқанда, Еуропадағы елдің қазіргі деңгейін көріп келгеннен кейін, өзімнің Қазақ елінде туғаныма, тәуелсіз елімнің дамуына өз үлесімді қосып жатқаныма қуандым. Елбасымыз биылғы Жолдауында 2015 жылға қарай елімізде 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатынын атап көрсетті. Ендеше, біз өзге де дамыған мемлекеттердің жаңа технологиялары мен тәжірибесін игере отырып, медицина саласын да жаңа биікке көтеруіміз керек. Сондықтан кемелденіп жатқан елімізді, кең-байтақ жерімізді, барлық салада қол жеткізген жетістіктерімізді бағалай білейік. Елімізде болып жатқан өзгерістер осы бағытта жалғасын тапса, біздің дүние жүзінде еш мемлекетке ұқсамайтын дербес даму жолы бар мемлекетке айналарымыз анық.
Сөзімнің соңында өңірде еңбек етіп жатқан медицина мамандарының бірі ретінде еліміздің кемел келешегін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевпен және республикамыздағы ең беделді саяси ұйым «Нұр Отан» партиясымен ғана байланыстыратынымды айтпақшымын.
Серік МЫҢБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық амбулаториялық хирургия орталығының бас дәрігері.
Шымкент.