13 Тамыз, 2016

Рио-2016: Бүгін Қазақстанның 4 боксшысы рингке шығады

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-08-16-dychko

Бүгін тамыздың 13-і мен 14-іне қараған түні Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың бокс турнирінде Қазақстанның 4 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады. Соның ішінде Олжас Сәттібаев пен Иван Дычко бұл турнирдегі бірінші шайқастарын өткізгелі тұр. Жерлестеріміздің бұл жекпе-жектері сериясын 52 кг салмақтағы Олжас Сәттібаев бастайды. Осы күнгі ұрыстардың шымылдығын ашып беретін ол 1\16 финала пуэрториколық Джесус Джевиер Кантронмен кездеседі. Егер оны жеңсе, 15 тамыз күні ойналатын 1/8 финалда әзербайжан Эльвин Мамишзадемен қолғап түйістіреді. Бүгінгі жекпе-жек Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Сессия «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Осы күні бізден екінші болып шаршы алаңға шығатын боксшымыз – 69 кг салмақтағы Данияр Елеусінов. Ол 1/4 финалдық айқасын венесуэлалық Габриэл Хосе Маестреге қарсы өткізеді. Мұның алдында Данияр ұлыбританиялық Джошуа Келлиді 3:0 етіп ұтқан болса, оның бүгінгі қарсыласы итальян Винченцо Мангикапре рингке шықпай қалуы себепті келесі кезеңге шайқассыз өткен еді. Жекпе-жек сағат 03:30-те «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Бұдан кейін 91 кг салмақтағы Василий Левит кубалық Эрисланди Савонмен жартылай финалдық айқас өткізеді. Ол «Хабар» телеарнасынан сағат 03:45-те көрсетіледі. Ең соңынан рингке аса ауыр салмақтағы Иван Дычко көтеріледі. Ол өзінің ежелгі қарсыласы әзербайжандық авар жігіті (Ресейден алдырылған) Магомедрасул Меджидовпен 1/8 финалдық кездесуін өткізеді. Ұрыс сағат 04:00-де басталады. Бұл да «Хабар» арнасынан тікелей эфир арқылы беріледі. Иван бұл қарсыласымен бұған дейін екі рет ұшырасқан. Оның біріншісі 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында орын алып, алаң иесі ұпай санымен жеңіске жеткен. Екінші реті 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының финалына дөп келіп, ол Меджидовтің нокаут арқылы жеңуімен аяқталды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ