15 Тамыз, 2016

Рио-2016: Өзбекстан қазағы қола медальге қол жеткізді

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15-08-16-tasmuratov

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындарда өзбекстандық грек-рим палуаны Елмұрат Тасмұратов қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық Алмат Кебісбаевпен бір салмақта, 59 килоға дейінгілер қатарында күрескен ол ақтық сында қырғызстандық Арсен Эралиевті 3:1 етіп тізе бүктіріп, жүлдеге қолын жеткізді. Екінші қола медаль жұбаныш раундында Кебісбаевты 2:0 етіп ұтқан норвег Стиг Андре Бергеге бұйырды. Атап өтуіміз керек, 25 жастағы Елмұрат Тасмұратовтың ұлты қазақ. Ол Ташкент облысында туып-өскен. 2004 жылы жасы 13-ке толған кезінде ата-анасы оны арнайы Қазақстанға жібереді. Жасөспірім сол кезден бастап Түркістандағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатында төрт жыл оқиды. Интернатты бітіргеннен кейін Елмұрат Қазақстан құрамасы сапына енуге әрекеттер жасайды. Бірақ 2008 жылы Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткізілген турнирде жеңіліп қалуына байланысты оған мұндай мүмкіндік берілмейді. Сондықтан көп ұзамай еліне қайтады. Сол уақыттан бері Өзбекстан туы астында өнер көрсетіп, Азияның үш дүркін чемпионы, әлемнің екі мәрте қола жүлдегері атанды. Қазір Өзбекстанның олимпиялық құрамасы қоржынында 1 алтын, 4 қола медаль бар. Соның алтын жүлдесін боксшы Хасанбой Дусматов әкелсе, қола медальдің бірі осы Елмұраттың еншісінде. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ