15 Тамыз, 2016

Ольга Рыпакованың табысына туыстары қуанып жатыр

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

15-08-16-rypakova1

Ортекедей орғыған жеңіл атлет Ольга Рыпакова Олимпиаданың тағы бір жүлдесін еншіледі. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Ольга Рыпакованың жеңісімен құттықтап, Өскеменде тұратын отбасына қоңырау шалған едік. Әкесі мен күйеуі Олимпиада ойындарына бірге аттанғандықтан, туған сіңлісі Людмила Алекссевамен сөйлесудің сәті түсті. – Люда, саламатсыз ба? Ольганың қола жүлдесі құтты болсын! – Рахмет! – Ольга Рио Олимпиадасына қандай сеніммен аттанды? Қай тұғырдан көрінетінін алдын ала білді ме? – Оля қай межеден көрінетінін білмесе де, жүлдегер болатынын, медаль алатынын анық білді. Өйткені, Олимпиадаға жақсы көңіл-күймен, тас-түйін аттанды. Әрине, спортшының барлығы алтынға ұмтылады. Ольга бұл жолы «қолаға» ие болды. Өте қуаныштымын. Негізі, бұл сұрақты елге келгенінде жаттықтырушысына қоюларыңыз керек шығар. – Жаттықтырушысы әкесі екенін білеміз. Үйде қандай да бір болжамдар болған шығар? – Иә, Ольганың бапкері туған әкесі – Сергей Дмитриевич Алексеев. Үйде болжамдар болды ма, білмеймін, есімде жоқ. Негізі, нақты болжамға арқа сүйеген жоқпыз. Алтын аламыз деп те айтпадық. Жүлдені ойлауға тырысқан жоқпыз. Әрине, жан-дүниемізде үміт сәулесі болды. Үміт үнемі болуы керек. Бірақ «алтын» болады деп талқылаған емеспіз. Әкеміз болжам жасағанды ұнатпайды. Ол тек жұмыс істейді. Болжам жасау дұрыс дүние емес. Өйткені, спортты болжау мүмкін де емес. Дайындалдың, алтын аласың деуге болмайды. – «Қоланы» қомсынған жоқсыздар ма? – Мен ризамын. Ольга жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қарсыластары да өте мықты болды. Неге «алтын медаль алмады» дегенге келсек, бұл Ольганың қателігі емес. Ол өзіне жүктелген барлық міндетті жақсы атқарды. Бәсекені көргенде, әсіресе финалға келгенде, қарсыластарының өте қуатты екенін байқадық, сондықтан қатты қобалжу болды. Бірақ түптеп келгенде Ольга үштікке енді. Ет жақындарына Рио Олимпиадасы Лондон Олимпиадасынан кем соққан жоқ. Сөзсіз қуаныштымыз. Бұл өте күрделі күреспен келген медаль! Ольганың Лондоннан кейінгі үзілісін есепке алғанда, бұл жүлденің бәсі биік екені даусыз. Бүгінде Ольга екі бала тәрбиелеп отыр. Лондоннан кейін отбасына да көңіл бөлді, жаттығуға да уақыт тапты. Және жаттығуын ойдағыдай атқарды. Оның нәтижесін Рио төрінен көрдіңіздер.

15-08-16-rypakova2

– Олимпиада қалашығында Ольганың ет жақындарынан кімдер болды? – Жаттықтырушы ретінде әкесі Сергей Дмитриевич Алексеев бірге барғанын айттым. Күйеуі Денис Сергеевич Рыпаков та жаттықтырушы ретінде жанында болды. – Ольганың өнерін қайда көрдіңіздер? – Теледидардан тікелей көрсетілім таңертең ерте болғандықтан, үйде бәріміз бірге тамашаладық. Анамыз, мен, Оляның кіші ұлы бар, үшеуміз көрдік. Қатты қобалжыдық та, қуандық та. Бұл тамаша нәтиже болды. Қатарынан Олимпиада медальдарын еншілеу дегеніңіз!.. Өте ғажап дүние ғой! Әлбетте, Ольга өзінің дайындығына сенді. Тіпті қарсыластары туралы, олардың нәтижелері жөнінде де ойламайды. Өзінің көңіл-күйі мен барлық ой жүйесін қимылы мен секіруіне арнайды. Осылай болғанына сендік. Ақтық бәсекеде алдыңғы нәтижелері сәл кемшіндеу болғандықтан, қатты уайымдадық. Өзінің жоғары ұпайын еншілеп, қола медаль алатыны белгілі болғанда ғана иығымыздан жүк түскендей, тынысымыз кеңіп сала берді. Жыладық дей алмаймын. Анам қуанғаннан күле берді. Бәріміз қуандық. Өйткені, Ольга Олимпиада тұғырында қалды. Бізге арада секундтар өтпей жатып, құттықтаған қоңыраулар мен смс-тер келе бастады. Кейбіреулер тағы да секіре ме деп сұрап жатты. Ағайындар мен достардың барлығы жанкүйер болып, қолдау көрсетті. – Сіз Ольгаға қалай туысасыз? Ол кішкентай кезінде қандай болды? – Мен Ольганың туған сіңлісімін. Үйде екеуміз өстік. Әкеміз – жеңіл атлетикадан балаларды жаттықтыратын. Бастапқыда Ольганы үйде жалғыз қалдырмау үшін өзімен бірге жаттығу залына ертіп апарып жүрді. Ольганы жаттығып жатқан балалардың арасына қосып қоятын. Ол алғашқыда осылайша көпшілікпен бірге жүгіріп, секіріп жүрді. Ата-анамыз 9 жасында жүйелі түрде айналысуға жеңіл атлетикаға берді. Ол өз қатарластарының арасынан суырылып шықты. Осылайша 15 жасынан бастап кәсіби түрде шұғылдануға ден қойды. 2007 жылдардың шамасында жеңіл атлетиканың осы түріне бет бұрды. – Сіз де спортшысыз ба? – Жоқ. Денсаулығым келмейтіндіктен, спортпен шұғылданған емеспін. [caption id="attachment_56706" align="aligncenter" width="612"]SONY DSC SONY DSC[/caption] – Ольгаға спорттық дарын әке жағынан келді ме, әлде шешесі де бұл салаға бейім бе? – Әкеміз спортпен шұғылданғанын, спортшыларды тәрбиелегенін айттым. Анамыздың табиғатында да спорттық мінез-құлық бар. Ең алдымен адамның табиғатында қабілет болуы тиіс. Сонан соң спорттық сапа, төзімділік, шыдамдылық, жеңіске құштарлық сынды қасиеттерді меңгеру үшін тастай тәртіп керек. Тәртіп болмаса, талантты қажетті мақсатқа жұмсай алмауың мүмкін. Міне, Ольгадан осының барлығы табылды. Ол керек кезде өзінің барша қабілет-қуатын бір мақсатқа жұмылдыра алады. Спортта да, өмірде де өте жауапты. Осы қасиеті Ольганы алға жетелеп келеді. – Ольгамен Рио Олимпиадасындағы қола жүлдесінен кейін сөйлесе алдыңыздар ма? – Жоқ, әлі сөйлесе алған жоқпыз. Ольга жарыстан кейін допингтік бақылаудан өтіп жатыр. Олимпиада бағдарламасынан әлі босаған жоқ. Мен оған смс-хабарлама жазып жібердім. Бірақ әлі жауап келмеді. Жеке дәрігерімен сөйлескенімде, әпкемнің өте жоғары көңіл-күйде, қуанышты, жағдайы жақсы екенін жеткізді. Отандастарына ыстық сәлем жолдап жатқанын айтты. – Әңгімеңізге рахмет! Олимпиада жүлдесімен тағы да құттықтаймыз! Сұхбаттасқан Думан АНАШ.