15 Тамыз, 2016

Шығыс Қазақстан облысы басшысы Рыпаковаға құттықтау жолдады

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
15-08-16-Olga Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының ұзындыққа үш қарғып секіруден қола жүлдегері атанған Ольга Рыпакованы құттықтады. «Құрметті Ольга Сергеевна, Сізді Олимпиялық ойындардың кезекті медалін жеңіп алуыңызбен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы маңызды табысы болды. Ал жанкүйерлер үшін ұмытылмас әсер мен сезім сыйлады. Сіздің жоғары нәтижелеріңіз отандық спортшылардың жас буынына жарқын үлгі болады. Біз Сізбен мақтанамыз!», делінген өңір басшысы жолдаған құттықтау жеделхатында. Сондай-ақ аймақ басшысы спортшыға жаңа шыңдарды бағындыруда сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі. Ольга Рыпакованың Рио төріндегі үздік нәтижесі 14,74 метрді құрап, ел құрамасының қоржынына сегізінші олимпиадалық медалді салған болатын. Айта кетелік, Лондон Олимпиадасындағы триумфты жеңістен кейін спортшы атында Өскемен қаласында жеңіл атлетика манежі салынған болатын. Аталған әйдік спорт нысанының директоры – Ольганың күйеуі әрі жаттықтырушысы Денис Рыпаков. Бүгінде ерлі-зайыпты спортшылар жаңа нысанда жеңіл атлетикадан жас буынды тәрбиелеуде. Сонымен бірге Ольга да өзінің спорттық жолын табысты түрде жалғастырып келеді. Ольга Рыпакова Рио Олимпиадасынан кейін бірден келесі жарысқа, атап айтқанда Лозаннада өтетін Даймонд Лигасына аттанбақ. Елге осы жарыстан кейін оралатын болады. Думан АНАШ Фото: egemen.kz ӨСКЕМЕН