Өткен сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл Комиссияның соңғы жиыны болуы да мүмкін. Әзірге өздері осындай тұжырыммен тарқасты. Алайда, соңғы шешім Президенттің құзыретінде.
Комиссия мүшелері қолданыстағы мораторийдің мерзімін тағы да 5 жылға ұзартуды ұсынып отыр. Шешім қабылданған жағдайда комиссия жұмысын тоқтатады.
Сөйтіп, комиссияның осы жолғы отырысы «бұрынғыдан өзгерек» болды. Әдеттегі ұсыныстарды талқылаудан гөрі, түйіндеу басым. Сөз алған Комиссия мүшелерінің бірқатары біраз уақыттан бері бірге жұмыс атқарған әріптестеріне, сондай-ақ, халыққа алғыстарын айтып, осындай мүмкіндік берген Елбасына ризашылықтарын білдірісіп жатты. Комиссия төрағасы жариялаған шешімдерді құптайтындарын жеткізіп, бұл саладағы маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне алдағы уақыттарда да атсалыса беретіндіктерімен бөлісті. Комиссия мүшелерінің ұсынысында жер реформасына қатысты нақты шешімдер қабылдамас бұрын, бұл саладағы күрмеуі қиын көп түйткілдердің түйінін тарқатып алу қажеттігі айтылған болатын.
Осылайша Елбасының тапсырмасымен құрылған Комиссия тура үш ай жұмыс атқарды. Олар өңір-өңірді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Комиссия Астанада осы соңғысын қосқанда бес отырыс және Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары тұрғындарымен төрт кездесу өткізді. Бас-аяғы тоғыз жиынмен жұмысты түйіндеді.
Сонымен, қоғамның қызу талқысына түскен мәселелер бойынша Комиссия қандай жұмыстар атқарды, Парламент назарына нақты қандай ұсыныстар шығарды? Сенбі күнгі отырыста комиссия мүшелері, міне, осы мәселелерді пысықтады.
Комиссия жұмысы негізінен жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарады. Негізінен жұмыс екі бағытта жүргізілді. Біріншісі – қолданыстағы қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру. Екіншісі – Жер кодексінің мораторий жарияланған нормаларына қатысты болды. Осылардың нәтижесінде нақты ұсыныстар дайындалды.
Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына, яғни қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау ұсынылды.
Атап айтқанда, тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жер пайдаланушыларының жерді ұтымды пайдалануына және өзіне берілген міндеттемелерді орындауына бақылауды күшейту. Яғни, жалға алудың алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістіктерді әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмаған жерлерді әр 5 жыл сайын мониторингілеу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін тәртібін белгілеу, ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін қосу, әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі нақты іс-қимылдары тәртібін белгілейтін конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу қажеттігі айтылды.
Жалға беру мерзімін бизнес-жоспарға сәйкес инвестициялар көлеміне қарай айқындау, оның ішінде, жалдау мерзімін ұзарту туралы шешімді қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің қатысуымен, жерді пайдалану мониторингінің және жалдау шарты талаптарының тиісінше орындалуының нәтижелері бойынша қабылдау қажеттілігін айқындау, жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай және күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің үлгілік шартын әзірлеп, бекіту, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың талаптарын күшейту мәселелері де атап өтілді
Екіншіден, көпшілік тарапынан аса қызу талқыға түсіп, зерттеп, зерделенген мәселенің тағы бірі – әр азаматқа бекітілетін ең жоғары мөлшерлеме бойынша «Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерлері белгіленсін» деген шешім қабылданды.
Үшіншіден, шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту ұсынылды. Яғни, шекара маңында жергілікті жағдайлар мен өңірдің ерекшеліктері ескерілуге тиіс.
Төртіншіден, халықтың қосалқы шаруашылықтары мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалып, ол жерлерді Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу ұсынылды. Яғни, жергілікті тұрғындарды жайылымдармен және шабындықпен қамтамасыз ету мақсатында, осындай алқаптар мемлекеттік мұқтаждықтарға алуға жатқызу керек.
Бесіншіден, жер реформасы шеңберінде кеңінен талқыланып отырған жерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін берудің проблемалы мәселелерін ескере отырып, әкімдіктерге ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру үшін ЖТҚ-ға берілетін жерлерді мемлекеттік мұқтаждықтарға жатқызу ұсынылды. Яғни, 10 сотық алуға кезекте тұрған азаматтар санының миллионнан асқаны өз алдына, облыс орталықтары мен ірі қалаларда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос жерлердің жоқтығы мәселенің өткір тұрғанын көрсетеді. Соңғы ширекте Call-орталықтары мен jerturaly.kz сайтына келіп түскен ұсыныстар мен өтініштердің басым бөлігінің де осы мәселенің айналасында өрбитіні осы бағытта жұмыс істеу керектігін талап етіп отыр.
Алтыншыдан, Комиссия мүшелері қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу ұсынылды.
Жетіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға қатысты ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Сегізіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес ресімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын жетілдіру жұмысын жалғастыру ұсынылды.
Тоғызыншыдан, Жер кодексінде мораторий жарияланған мәселелер бойынша негізделген нақты шешімдер қабылдау үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы дәйекті мәліметтерді толықтыру, оларға егжей-тегжейлі түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентіне қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту ұсынылды.
Оныншыдан, беріліп отырған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президенті қабылдаған жағдайда Комиссия жұмысын тоқтату ұсынылды. Яғни, Комиссия мүшелеріне жер заңнамасын бұдан әрі жетілдіруге байланысты жұмысқа қызығушылығы болатын болса, онда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмысқа қатыса алатындығы ескертілді.
Комиссия жұмысының нәтижесінде дайындалған бұл ұсыныстар дауысқа салынып, бір ғана қарсы дауыспен қабылданды. Ал соңғы түйінді шешім Елбасының еншісінде.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Мансұр ХАМИТ
* Қатысушылар не дейді?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры:
– Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын. Қазіргі кезде 5 жылға өз азаматтарымызға жерді сатуға және шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруді тоқтатып, мораторий жариялағанымыз дұрыс. Осы 5 жылдың ішінде Үкімет жоғарыда айтылған мәселелер бойынша қарқынды әрі нәтижелі жұмыс атқаруы керек. Ал енді 5 жыл мерзім аяқталғаннан кейін жерді реформалау мәселесі қайтадан сарапталып, қазіргідей қоғамдық талқылауға шығарылып, «қалай, қандай жолмен» жүретіндігімізді сонда анықтауымыз керек.
Экономикалық топтың мүшелері біраз мәселенің басын ашып, көптеген ұсыныстар берді. Атап айтсақ, жерді жалға беру тәртібін жетілдіру, жалға берілетін алқаптарға шектеу қою, ауылдық жерлерде жайылымдар мен шабындықтар мәселесін шешу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану. Осы мәселелерге байланысты жайылым туралы, қосалқы шаруашылық туралы, мелиорация заңдарын қабылдауға және «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасын жалғастыруға ұсыныс жасалды.
Серік СҰЛТАНҒАЛИ,
«Бірлік» партиясының төрағасы:
– Комиссияның жұмысы өте маңызды өттi. Комиссия өз жұмысын 100 пайыз орындады. Себебi, аралаған жерлерiмiзде халықтың пiкiрi бiр нүкте қою керек дегенге тоғысты. Бес жылға мораторий жариялауды қолдаймын. Бес жылда жерге қатысты сауатымызды көтеремiз. Екiншiден, Елбасы жылдың басында тапсырма берiп, келесi жылдан кәсiптiк-техникалық бiлiм тегiн болады. Бәрi сәтiмен келiп тұр. Бес жылда үлкен техникалық мамандарды дайындаймыз. Оның барлығы кезiнде жабылды ғой. Екiншi жағынан, ғылыми әлеуеттi дамыту керек. Ең бастысы, халықпен санасу үшiн Елбасының тапсырмасымен осы Комиссия құрылды. Ендi Комиссияның уақыты келдi.
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Қандай да бiр мәселенi ақыл-парасатпен шешу керек дегендi ескере отырып, Жер реформасы жөнiндегi комиссия құру туралы нағыз халықтық шешiмі үшiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды бiлдiруiмiз керек деп ойлаймын. Бұл елiмiздi демократияландыру жолындағы жақсы үрдiс болды. Комиссияның бiрнеше ай аясында жүргiзген жұмысы ауқымды, нәтижелi болғанына барлығыңыз куәсiздер. Әрбiр комиссия мүшесi нақты нәтижеге жету жолында жұмыс iстедi.
Менiңше, жерге қатысты түйiндi мәселелердi бiр сәтте түбегейлi шеше салу мүмкiн емес. Ел мүддесi мәселенi кезең-кезеңiмен, жүйелi түрде жүзеге асыруды талап етедi. Өткен үш айда бiз халықтың пiкiрiне қанықтық. Бұқара талабы, халықтың қалауы белгiлi болды. Алдағы уақытта асықпай, жерге қатысты шешiмін таппаған барлық мәселенi шешу бағытында кешендi жұмыс жүргiзуiмiз керек.
Мұхтар ТАЙЖАН,
қоғам қайраткері:
– Біздің Комиссияның жұмысы жемісті болды деп есептеймін.
3 айдың ішінде тиісті шешімді жасап отырмыз. Менің ойымша, мұндай шешім қабылданса, онда халықтың көңілінен шығады. Себебі, 5 жыл бойы жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді. Халықтың қалауы да сол болды. Ал осы бес жылда біз халыққа керек барлық шешімдерді жүзеге асыруымыз керек.
Талқыланып отырған жер мәселесі өте маңызды. Меніңше, бұл тұрғыда халыққа рахмет айтуымыз керек, себебі, халық отансүйгіштігін көрсетті. Президентімізге алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені, халықтың ұстанымын, пікірін естіп, түсініп, мораторий жариялады, сосын Комиссия құрды. Бұл өте орынды шешім болды. Бұдан бөлек, Комиссия мүшелеріне рахмет айтқым келеді.