Ойындардағы жарыстың тоғызыншы күні тағы да толқытты.
Үш күн бойы сарыла күткенде жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Олимпиялық ойындардың қола жүлдесін қоржынымызға салды. Қомсынатын жүлде емес. Осы күні Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің 6 дүркін чемпионы, ирандық Хамит Сориан балуан өмірінде бірінші рет бір де бір белдесуде жеңіске жете алмай, бетін басып ұзақ отырды.
Біздің Ольга, екі баланың анасы, отбасы күйбеңі мен жаттығудың арасын қосқан аяулы қызымыз Лондондағы бабында болмағанымен, мемлекетінің мерейі үшін аянып қалған жоқ. Алғашқы кезегінде-ақ 14,73 метр қашықтыққа секіріп, біразға дейін басқаларды алаңдатып қойды. Екінші орында 14,71 метр нәтижемен америкалық Кетура Оржи келе жатқан. Жарыс қызғанда, Оржи төртінші орынға сырғып кетті де, қайта келе алмады.
Жарыс жолындағы қыздарға қарасаң көз де, көңіл де тояды. Кілең ақалтеке, қыл мойын араб аттар аламанға түсіп жатқандай ерекше көз тартады. Әсіресе, колумбиялық Катрин Ибаргуэннің жарысқа түсер мәнері ерекше. Орнында тұра алмай, мың тықыршып, басын төмен салады да, құйғыта жөнеледі. «Алтынды» осы қара маржан қыз қақшып кетті. Ешкімнен сұрап алған жоқ, еңбегінің жемісімен алды. Оның нәтижесі – 15,17 метр. Екінші орын 14,98 метрге қарғыған венесуэлалық Юлимер Рохастың үлесіне тиді. Айтқандай, Ольга осы нәтижемен Лондонда топ жарған еді. Оның бұл жолғы көрсеткіші 14,74 метр болды.
– Мен Отанымның намысын лайықты қорғап, қола медаль алғанымды үлкен мақтаныш көремін, – деді Ольга. – Лондоннан кейінгі төрт жыл мен үшін оңай болған жоқ. Жас сәбиі бар адамға тынымсыз жаттығуға уақыт та, жағдай да келе бермейді. Өзіме өзім толық келмегенім Олимпиада барысында қатты аңғарылды. Екпін алып жүгіруде, жерден күш алуда өзімді жайсыз сезіндім. Тек бесінші мүмкіндігімде ғана өзіме келіп, нәтижемді жақсарта алдым. Жарыс кезінде болмаса, жаттығуда жақсы нәтиже көрсете алмаймын, мені жарыс өсіреді. Катрин Ибаргуэнмен жақсы доспыз. Ол төрт жылда тек жеңіске жетіп келеді. Бір турнирде ғана маған жол берген. Жарыстан соң бір-бірімізге жақсылықтар тіледік. Мен спортты әзір доғармаймын. Лондондағы әлем чемпионатына дайындаламын деп шештім. Ол қала маған ұнайды, өмірімдегі ең ірі жетістігіме сол жерде жеткенмін
Жеңіл атлетика спорт ойындарының ханшайымы саналады. Осындай ең мәртебелі жарыста олжамызды еселеген қызымыз осылай дейді.
Енді бұрнағы күндерді қорытындыласақ. Медальдарға жаман үйреніп қалыппыз. Жұма күні 85 кило салмақтағы атлетіміз Денис Уланов жүлде алады деген нық сеніммен бардық. Жобамызда медальға төрт спортшы таласады. Олардың көш басында, әрине, әлем рекордшысы Киануш Ростами бар. Ол да өз күшіне сенген жайсаң екен. Келсең кел дегендей, жұлқа көтеру мен серпе көтеруде бәрінен жоғары салмаққа тапсырыс беріп қойыпты. Қытайлық Тян Тао, Денис Уланов және украин Алексанар Филишенко тапсырыстары бір-бірімен қарайлас. Сайысқа түскен 11 атлеттің ішінен алғашқы жаттығуда армян Аракел Мирзоян жарақат алып, шығып қалды. Ұзын сөздің қысқасын айтқанда, атлетіміз төртінші орыннан аса алмады.
Күндізгі сессияда 52 килодағы боксшымыз Олжас Сәттібаев алғашқы кездесуін жақсы бастады. Бірінші раундта екі төреші пуэрториколық Жевпер Кинтронға жеңіс жазғанымен, соңғы екі раундта біздің оғлан жеңісті өз пайдасына аударып алды. Спортта мінез болмаса, қарсыласыңның шылауында кетесің. Олжас аянбай айқасып, төрешілерге өзінің мықты екенін дәлелдеді.
Кешкі сессияда үш боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Алдын ала озып айтсақ, бұл күн қазақ боксының табысты күні болды. Венесуэлалық Габриэл Маэстре деген пақыр: «Елеусінов – мықты боксшы, бірақ мен одан мықтымын, бұрын оны жеңгенмін. Менің арманым – Олимпиада медалін алу» деп жаһанға жар салып қойды. Атақты Феликс Савонның ағайыны Эрисланди – кеудесін ұрмағанымен, өте қауіпті қарсылас. Аса ауыр салмақта әлемнің екі дүркін чемпионы, Алматыдағы әлемдік додада біздің Иван Дычконы ұрып құлатқан әзербайжан Могамадрасул Меджидов «керек болса, тағы да құлатып тастаймын» деп қарадай кіжініп жүр. Осындай сойқандардан кейін тыныс алудың өзі ауыр.
Қазақ боксының дәуірлеп тұрғанын шойын жұдырық жігіттеріміз көрсетті. Әуелі Данияр Елеусінов астамсыған Габриэл Маэстренің кәрі жынын қағып алды. Өз мәнерімен шегіне ұрыс салып, қорғана жүріп, қарсыласының қорғанысын тас-талқан етті. Үшінші раундта үш төреші де бір ауыздан жеңісті біздің ұлға берді. Бұдан кейін Василий Левит бірінші кезеңді кубалық Эрисланды Савонға беріп қойғанымен, кейіннен бет қаратпады. Осылайша бізден финалға бірінші болып шықты. Бұдан әрі Иван Дычко атой салды. Алматыдағы әлем чемпионатында да осы Меджидовті екі раунд әдемі ұтқан. Соңғысында тұрып айқасамын деп ауыр соққыға көзігіп қалған. Содан жақсы қорытынды шығарыпты. Бұл жолы Меджидовтың қалауы емес біздің жігіттің қалауы болды. Екінші раундта Меджидов көзінен жарақат алып, дәрігер оны жарыстан алды.
Сол күнгі жарысқа аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезер келді. Әрі бері шығып жүрген ол Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін мұқият көрді. Қол соғып құрмет көрсетті. Біз бұны үлкен құрмет деп ұқтық.
«Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі
Бақтияр ТАЙЖАН
Рио-де-Жанейродан хабарлайды
Жүлделер жиынтығы
| № | Құрамалар | Алтын | Күміс | Қола | Барлығы |
| 1 | АҚШ | 26 | 21 | 22 | 69 |
| 2 | Ұлыбритания | 15 | 16 | 7 | 38 |
| 3 | Қытай | 15 | 13 | 17 | 45 |
| 4 | Ресей | 9 | 11 | 10 | 30 |
| 5 | Германия | 8 | 5 | 4 | 17 |
| 6 | Франция | 7 | 8 | 7 | 22 |
| 7 | Италия | 7 | 8 | 6 | 21 |
| 8 | Жапония | 7 | 4 | 15 | 26 |
| 9 | Австралия | 6 | 7 | 9 | 22 |
| 10 | Оңтүстік Корея | 6 | 3 | 5 | 14 |
| 16 | ҚАЗАҚСТАН | 2 | 2 | 4 | 8 |
| 29 | Беларусь | 1 | 2 | 1 | 4 |
| 39 | Өзбекстан | 1 | 0 | 4 | 5 |
| 48 | Украина | 0 | 3 | 1 | 4 |
| 49 | Әзербайжан | 0 | 2 | 0 | 2 |
| 51 | Литва | 0 | 1 | 2 | 3 |
| 52 | Грузия | 0 | 1 | 1 | 2 |
| 42 | Қырғызстан | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 42 | Эстония | 0 | 0 | 1 | 1 |
Майкл Фелпс – 22-ші мәрте чемпион
Америкалық суда жүзуші Майкл Фелпс 200 метрлік қашықтықты кешенді жүзуде қатарынан төртінші рет жеңіске жетіп, Олимпиаданың 22-ші мәрте чемпионы атанды. Сөйтіп, осы Риода өзі жасаған үш рекордты тағы жаңартты. Ол бұл аралықты 1.54,66 минутта жүзіп өтіп, өзінің жапон бәсекелесі Косуке Хагинодан 1.95 секундқа озып келді. АҚШ спортшысы Бразилия жерінде жеңіп алған 4 алтын медалін мұның алдында 200 метрге кролл әдісімен жүзуден, 4х100 және 4х200 метрлік эстафеталардан бастап жинады.Армян ауыр атлеті қолынан
айырылып қала жаздадыАрмения құрамасының ауыр атлеті Андраник Карапетян 195 кг салмағы бар зілтемірді серпе көтеру кезінде сол қолының шынтағын қайырып жіберіп, сындырып ала жаздады. Қолы артына қарай қайырылып кеткен 20 жастағы спортшы ауру жанына батқаннан айқайлап жіберді. Ол дәрігерлердің көмегімен тұғырды тастап шықты.Жұрт назарын аударған қозықарынды жүзгіш
Суда жүзу жарысына қатысқан спортшылардың бірі 59 жүзгіштің ең соңынан келді. Өзі басқа атлеттер сияқты сыптай емес, денесі толық, тіпті аздап қарны да бар. Қозы қарынды бұл олимпиадашының кім екені сәл кейінірек анықталды. Робел Кирос Хабте есімді жүзгіш Эфиопия жүзу федерациясы президентінің ұлы болып шықты. Бір қызығы, Робел Хабте су бәйгесінде «тезек теріп» қалғанына еш жабырқаған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, Хабте Халықаралық жүзу федерациясының арнайы жолдамасымен келген. Алайда, оның әкесі жүзу федерациясы президенті екені анықталған соң, Эфиопияда одан гөрі жылдам жүзе алатын спортшылар жоқ екеніне күмәнмен қарайтындар көбейді. Хабтенің өзі болса «Эфиопияда бәрі жүгіреді. Ешкім жүзбейді. Мен жүгіргім келмеді, жүзгім келді. Қандай орын алғаным маңызды емес» дейді.Чемпионның анасы стадионға кіре алмай қалды
Біздің суға жүзуден тұңғыш Олимпиялық ойындардың чемпионы Дмитрий Баландиннің анасы – Татьяна ұлының толағай табысқа жеткен сәтін телевизордан көрген. Бұған Риоға баласының соңынан жеткен оның стадионға кірер билетті жөпелдемеде жоғалтып алғаны себеп болыпты. Өзінің айтуынша, алдымен еліміздің спортшыларымен бірге ауыр атлеттер сайысын көруге барған. Соңынан сол жерден жүзушілер жарысы өтетін бассейнге келген. Осында қатты соғып кеткен жел оның аккредитация жасалған бейджін ұшырып әкеткен. Сосын билет сатып алмақ болып кассаға барған. Бірақ билет таппаған. Ақырында қонақүйге қайтып келуіне тура келген. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Жуалы жасөспірімдері шетінен шымыр