16 Тамыз, 2016

«Ольганың олжасы ойымыздан шықты»

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
15-08-16-rypakova1Кеше таңертең жеңіл атлет Ольга Рыпакова Рио төрінде үш қарғып секіруден қола медаль жеңіп алған бойда оның Өскеменде тұратын туыстарын іздестірдік. Бірден тауып алғанымыз олжалы қызымыздың туған сіңлісі Людмила Алексеева болды. – Люда, сәлеметсіз бе? Ольга­ның қола жүлдесі құтты болсын! – Рахмет! – Әпкеңіз Рио Олимпиадасына қандай сеніммен аттанды? Қай тұғырдан көрінетінін алдын ала білді ме? – Оля қай межеден көрінетінін білмесе де, жүлдегер болатынын, медаль алатынын анық білді. Өйт­кені, Олимпиадаға жақсы көңіл күй­мен, тас-түйін аттанды. Әрине, спорт­шының барлығы алтынға ұмты­лады. Ольга бұл жолы «қолаға» ие болды. Өте қуаныштымын. Негізі, бұл сұрақты елге келгенінде жаттық­ты­ру­шысына қоюларыңыз керек шығар. – Жаттықтырушысы әкесі екенін білеміз. Үйде әлдеқандай да бір болжамдар болған шығар? – Иә, Ольганың бапкері ту­ған әкесі – Сергей Дмитриевич Алек­сеев. Үйде болжамдар болды ма, білмеймін, есімде жоқ. Негізі, нақты болжамға арқа сүйеген жоқпыз. «Алтын медаль аламыз» деп те айтпадық. Жүлдені ойламауға бекіндік. Әкеміз болжам жасағанды ұнатпайды. Ол тек жұмыс істейді. Болжам жасау дұрыс нәрсе емес. Өйткені, спортты болжау мүмкін де емес. – «Қоланы» қомсынған жоқсыз­дар ма? – Мен ризамын. Ольга жоға­ры деңгейде өнер көрсетті. Қарсы­лас­тары өте мықты болды. Неге «алтын медаль алмады» дегенге келсек, бұл – Ольганың қателігі емес. Ол өзіне жүктелген барлық міндетті жақсы атқарды. Бәсекені көргенде, әсіресе, финалға келгенде, қарсыластарының өте қуатты екенін байқадық, сондық­тан қатты қобалжу болды. Бірақ, түп­теп келгенде, үштікке енді. Ет жақын­дарына Рио Ойындары Лондон Олимпиадасынан кем соққан жоқ. Сөзсіз қуаныштымыз. Бұл – өте күрделі күреспен келген медаль! Ольганың Лондоннан кейінгі үзілісін есепке алғанда, бұл жүлденің бәсі биік екені даусыз. Бүгінде ол екі бала тәрбиелеп отыр. Олимпиададан кейін отбасына да көңіл бөлді, жаттығуға да уақыт тапты. Жаттығуын ойдағыдай атқарды. Оның нәтижесін Рио төрінен көрдіңіздер. – Ольганың өнерін қайдан көрдіңіздер? – Таңертең ерте теледидардан тікелей көрсетілім болғандықтан, бәріміз бірге үйде тамашаладық. Анамыз, мен, Оляның кіші ұлы бар – үшеуміз көрдік. Қатты қобал­жыдық та, қуандық та. Бұл тамаша нәтиже болды. Қатарынан екі рет Олимпиада медальдарын еншілеу дегеніңіз өте ғажап қой! Әлбетте, Ольга өзінің дайындығына сенді. Тіпті қарсыластары туралы, олардың нәтижелері жөнінде ойламады. Өзінің көңіл күйі мен барлық ой жүйесін қимылы мен секіруіне арнады. Осылай болғанына сендік. Ақтық бәсекеде алдыңғы нәтижелері сәл кемшіндеу болғасын, қатты уайымдадық. Өзінің жоғары ұпайын еншілеп, қола медаль алатыны белгілі болғанда ғана тынысымыз кеңіп сала берді. Анам қуанғаннан күле берді. Бәріміз қуандық. Өйткені, Ольга Олимпиада тұғырында қалды. Бізге арада секундтар өтпей жатып, құттықтаған қоңыраулар мен смс-тер келе бастады. – Сіз де спортшысыз ба? – Жоқ. Денсаулығым келмей­тіндіктен, спортпен шұғылданған емеспін. – Ольгаға спорттық дарын әке жағынан келді ме, әлде шешесі де бұл салаға бейім бе? – Әкеміз спортпен шұғылдан­ғанын, спортшыларды тәрбиелегенін айттым. Анамыздың табиғатында да спорттық мінез-құлық бар.  Ең алдымен, адамның табиғатында қабілет болуы тиіс. Сонан соң спорттық сапа, төзімділік, шыдамдылық, жеңіске құштарлық сынды қасиеттерді меңгеру үшін тастай тәртіп керек. Тәртіп болмаса, талантты қажетті мақсатқа жұмсай алмауың мүмкін. Міне, Ольгадан осының барлығы табылды. Ол керек кезде өзінің барша қабілет-қуатын бір мақсатқа жұмылдыра алады. Спортта да, өмірде де өте жауапты. Осы қасиеті Ольганы алға жетелеп келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Олим­пиада жүлдесімен тағы да құт­тық­таймыз! Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН