Бұл түні қала тұрғындары Рио-де-Жанейродан келе жатқан қос жұлдызды – күміс жүлдегер Елдос Сметов пен қола жүлдегер Отгонцецег Галбадрахты қарсы алуға шықты. Онсыз да түннің бұл мезгілінде құрлықтың арғы бетіндегі Бразилияға құлақ түріп, құс ұйқылы жүрген жанкүйерлер қос спортшыны көргенде қол шапалақтап, бүкіл әуежайды бейнебір оларды сайыстың жеңісті сәтінде көргендей думандатып жіберді.
Елдостың әкесі Бақтыбай Сметов былай деді:
– Біздің қуанышымызда шек жоқ. Елдос 6 жасынан бастап спортпен үзбей айналысып келеді. Төккен төрдің, еткен еңбектің зая кетпейтініне көзім жетті. Баламның аузынан Олимпиада түспей армандап жүруші еді, ол мақсатына жетті. Спортпен айналысыңдар, жастар!
Отгонцецег те қазақшадан құралақан емес екен. Қарсы алушы топқа қарап тұрып, қазақ тілінде алыстағы Қазақстаннан қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет айтты. Өзі арманына жеткеніне қуанышты екен. Сөзін кібіртіктеп аяқтап, ұяң ғана жымиған бұлдырықтай моңғол қызы оң қолын жоғары көтеріп жастарға дем бере: «Алға, Қазақстан!», – деді.
Алатаудың иығынан алтын шапақ асып түскенде әуежайға Олимпиаданың «алтынын тиеген» екінші бір ерекше ұшақ келіп қонды. Бұл Алматының «алтын баласы» – биылғы Олимпиаданың чемпионы, балықша жүзе білетін шебер Дмитрий Баландин мінген лайнер болатын.
Судай жаңа чемпионды қала жұртшылығы, өзі оқитын әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ студенттері, жақындары және қала әкімі Бауыржан Байбек қарсы алды.
– Дмитрий Баландиннің Риода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарындағы жеңісі – біздің ел үшін тарихи жеңіс, – деді қала басшысы. – Біз бүкіл ел болып бұл жеңіске ерекше қуандық. Ол бұл жарысқа жылдар бойы тер төгіп дайындалды. Сөйтіп, әділ түрде шын жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта елімізде Дмитрий Баландин секілді жастар көптеп шығып, чемпион атанып, еліміздің абыройын арттырады деген сенімдемін.
Өз кезегінде Алматының «алтын» баласы өзіне қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғысын білдірді. «Мен үшін елімізді әлемге таныту, көк Туды желбірету зор мәртебе!..» деді ол.
Жанкүйерлер Олимпиада чемпионымен суретке түсті, қолтаңба алуға кезекке тұрды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ