Ресейдің Алабино полигонында «Армия халықаралық ойындары-2016» аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы сайыстарды табысты аяқтады. Біздің әскери қызметшілер Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 мемлекетінен келген 120 армиялық команданың арасында жалпыкомандалық екінші орынды иеленді.
Бірінші орынға Ресей командасы шықса, үшінші жүлдеге Қытай құрамасы ие болды. Біздің команда бірден-бір өкілді команда деп танылды. Атап айтқанда, ойындарға қатысу саны жағынан сайысты ұйымдастырушы команда мен Қытай командасынан кейін тұрды. Қазақстандық әскерилер 23 байқаудың 21-іне қатысты. Бұл ауқымды қатысу Қазақстан армиясының жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.
Қазақстанның Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов атап өткендей, биылғы жылы «Армия халықаралық ойындары» өзінің мазмұны мен ауқымдылығы жағынан ерекшеленіп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа символына айналды. Тәжірибе алмасу, бейбітшілік пен келісімнің кепілі ретінде танылды. Қазақстан ойындарға қарапайым сайыс ретінде ғана қарамайды, сонымен қатар, жарыс жауынгерлік бауырмалдық рухын көтереді деп санайды.
Ресейдің барлық аймағындағы 19 әскери полигонда құрлықта, теңізде және әуеде Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын 600 әскери қызметші қорғады. Әскери ұшқыштар, теңізшілер, десантшылар, жүргізушілер, танкистер мен инженерлер, кинологтар, әскери дәрігерлер және аспазшылар – барлығы халықаралық дәрежедегі біздің әскеріміздің айбынын асыру үшін күресті. Ондаған сағаттар жаттығуларда өтіп, жүздеген қашықтықтар мен кедергілерді еңсерді. Нәтижесінде жалпыкомандалық екінші орын жүлдесімен «Теңіз кубогында» әскери теңізшілер, «Сенімді дос» байқауында кинологтар, «Десантты взвод» және «Инженерлік формула» байқауларында тиісінше десантшылар мен инженерлер жеңімпаздар ретінде елге оралды. Сондай-ақ, «Танк биатлоны», «Эльбрустік шеңбер», «Рембат», «Қару шебері», «Дала асханасы» және «Автобронетанкті техника шебері» байқауларында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Аталған ойындардың жарқын сәттерінің бірі – жеке есепте алдыңғы орынға шығып, 699 балл жинаған қазақстандық әскери қызметші Бауыржан Мұқышев үздік кинолог деп танылды.
«Суворов тегеуріні» байқауы біздің команда үшін жеңісті болды. Құрамында жауынгерлік машина командирі аға лейтенант Марат Мауенов, оператор-бағдарлаушы сержант Жақсылық Ескендіров, механик-жүргізуші сержант Сәттібек Бекбаулин бар команда ең үздік деп танылды.
Қазақстан үшін «Армия ойындары-2016» байқауының тағы бір ерекшелігі – алғаш рет «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» екі байқауы біздің жерімізде өтті. 12 мемлекеттің үздік мергендері мен артиллерияшылары жеңіс үшін сайысты. Байқаудың алғашқы кезеңдері түнгі жағдайда өтті. Атыстарды елімізде шығарылған түнгі көру құралдары қолданылды.
Бұл Қазақстан жеріндегі Армия ойындары тарихының басы ғана саналады. Келесі жылы біздің әскери полигондар тағы да әскери мамандар сайысының орталығына айналады. Енді бізде екі емес, бес сайыс өткізіледі. Армия ойындарының бағдарламасына бронды автомашиналардың сайысы, әскери қызметші қыз-келіншектерге арналған сайыс, басқарусыз ұшақтардың қатысуымен байқаулар қосылады. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» байқаулары ұйымдастырылады.
Сәулебек БІРЖАН