16 Тамыз, 2016

Білікті маман – даму кепілі

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_9218Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықованың қатысуымен Шетелде мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысты ашқан Г.Әбді­қа­лы­қова бірінші кезекте еліміз үшін білімді, білікті мамандар даяр­лаудың өзектілігіне тоқталып өтті. «Әлемдік экономикада жоғары деңгейлі мамандарға деген сұраныс артып келе жатқаны байқалуда. Бұл тұрғыда әлемдік сарапшылар жуық арада білікті мамандарға деген тапсырыс көлемі өсе түсетінін болжап отыр. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында елдің адами капиталын дамытуға арналған ауқымды инвестициялар мемлекеттік саясат­тың басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын», – деді Мемлекеттік хатшы. Одан әрі Г.Әбдіқалықова жоғары білікті мамандар дайындауда «Болашақ» бағдарламасының жоғары мәнге ие екенін сөз етті. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың тапсыр­масына сәй­кес ауыл шаруа­шылығы, денсау­лық сақтау, аэроғарыш және көлік индустриясы салаларына жаңа технологияларды енгізу ба­ғы­тындағы жұмыстарды бел­сенді атқару керектігіне назар аударды. Жиында белгілі болған­дай, биылғы жылдың басынан бері бұл бағдарлама Прези­денттің «Болашақ» халық­аралық стипен­диясы­ның 2016-2020 жылдарға ар­налған жаңа даму жоспары бойын­ша іске асырылуда. Құ­жатта оны жаңартудың негіз­гі бағыттары белгілен­ген. Бұдан бөлек, отырыс ба­рысында 2017 жылдан бас­тап «Болашақ» бағдар­ла­масы бойынша ауыл мұға­лім­деріне жеңілдіктер қарасты­рылатыны сөз болды. Бұл тұр­ғыда «Халықаралық бағдар­ламалар орталығы» АҚ пре­зиденті Ғани Нығ­ме­тов мәлім етті. «Бүгiн жаңа тапсырмалар берiлдi. Оның iшiнде ауыл мұғалiмдерiне жеке кво­та қарастыру бар. Дәлі­регі, келесi жылдан бастап ауыл мұғалiмдерiне «Бо­ла­­шаққа» жеңiлдiкпен түсуге мүмкiншiлiк болады. Ауыл мұғалiмдерi ағыл­шын тiлiн орта деңгей­де бiлсе, «Бо­лашақ» бағдарла­масымен магис­тратураға түсе алады. Келе­шекте олар­ға жалпы маман­дық бойын­ша жұмыс iстеу талабы қойылады», – деді ор­талық басшысы. Ғ.Нығметовтің айтуын­ша, биылғы жылы «Болашақ» бағ­дарламасына 23 жыл то­лып отыр. Осы жылдар iшiнде 12 мыңға жуық стипен­дия бөлiнген. Шетелде білім алған 9 мың азамат елге орал­ған. Қазір 1,5 мың студент шетелде оқып жатыр. Сонымен бірге, Ғ.Нығ­ме­тов «Болашақ» бағ­дар­ламасы Қа­зақстанның үл­кен жетiс­тiгi екенін атап өтті. «Болашақ» – елiмiз­дiң ең ашық, әдiл бағ­дар­­лама­ларының бiрi. Бұл бағ­дарлама әрбiр азаматқа қол­жетiмдi. Өз бетiмен ше­тел­­ге оқуға түс­кен үмiт­кер­лер үшін екi жыл еңбек өтiлi та­­лабы алынып тасталды. Жа­­­­қында бұл жө­нінде Үкi­­мет­­тiң қаулысы қабыл­данады. Жалпы, «Болашақ» бағ­дар­ламасы «Қазақ­стан-2050», «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам» бағдар­ламаларына мамандар дайындайды. Сон­дықтан қазiр инженер-техник мамандықтарына үлкен көңiл бөлiп жатырмыз», – деді Ғ.Нығметов. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылға 700 стипендия бө­лiніпті. Жылдың басында 137 стипендияның иегерлері анықталса, маусым-шiлде айларында екiншi кезең бойынша құжаттар қабылданған. Ал үшінші кезеңге құжаттар 30 қыркүйекке дейін қабыл­данып, қорытындысы жел­тоқ­санда шығарылмақ. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»