16 Тамыз, 2016

Отыншының оралуы

591 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
20160719_111842Ежелден еркіндік аңсаған ел едік. Азаттық үшін айқаста атбасын тартып көрмеген арда бабаларымыз тізерлеп тіршілік кешкеннен тік тұрып өлгеннің артық екенін баяғыда-ақ білген. Сол себепті ер баласына еркелігі басылмай жатып-ақ батырлар жырын жаттатып, ерлік пен өрлік салтын саналарына сіңірген. Ұлттық намысты ұлықтауды ұрпақтарына аманат етіп қалдырған. Кешегі отаршылдық кезінде осынау орасан құндылықтарымыз құрдымға кете жаздады. Асқақ рухынан адасқандай аянышты күй кешкен Ұлы Дала ұлан­дарының басына бұлт үйірілді. Тарихтың тар кезеңіне тап болған қара түнектегі қазаққа жол көрсетіп, жөн сілтер көзі ашық, көкірегі ояу көшбасшылар қажеттігі туындады дәл осы тұста. Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында қараң­ғылықтың көгінде жұлдыздай жарқыраған Алаш арыстары сол соқталы міндетті өз мойындарына алды. Көшелі Әлихан көсем бастаған, ақылды Ахаң, Жақаң және басқа жақсы-жайсаңдарымыз қостаған ағартушылық бағыттағы оқығандарымыз озбыр қоғамның оңбаған саясатын аяусыз сынға алды. Езілген елінің еңсесін кө­теруге көп еңбек сіңірген ерек тұлғалардың бірі Отыншы Әлжанов болатын. 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысына қарасты №6 ауылда туған ол айналасынан ат оздырып, Алаш қозғалысының нағыз наркескеніне айналды. Ауқатты отбасында тәрбие алып, қаршадайынан хат таныған талапты жас алдымен Зайсандағы орыс-қырғыз училищесін, одан соң Омбыдағы қалалық училищені, мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, біраз уақыт мұғалімдікпен айналысқан. Кейінірек Ақмола округтік сотының аудармашысы, Көкпекті қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің директоры болып жұмыс істеген. Айрықша атап өтерлігі, 1897 жылы бірінші бүкілресейлік халық санағына қатысады. Ал, 1907 жылдың қазан айында Санкт-Петербургте Ресей халық ағарту министрлігі тарапынан құрылған «Бұратана халықтардың оқу ісі мен мек­тептері туралы заң жобаларын қайта құру» комиссиясының жұмысына Дала генерал-губернаторына қарасты қазақтардың өкілі ретінде тартылған. Қазағының қамын ойлаған қайраткер «Дала уәлаятының газетіне» өлкеміздегі өзекті мәселелерді көтеріп мәнді мақа­лалар жазып тұрған. Әсіресе, оқу-ағарту саласының проблемаларын саралап, қанаудағы қандастарының тұралаған тұр­мысын талдаған, патшалық режимнің сұрқия әрекеттерін әшкерелеген, қаперсіз қалғып-шұлғыған жерлестерін қалың ұйқыдан оянуға үндеген пуб­л­и­цистикалық пайымдары қ­аламгердің қарымды шығар­машылық қабілетін танытқаны талас тудырмаса керек. Мәселен, автордың «Ғылымға қарай тағы бір қадам», «Қазақ балаларын тәрбиелемек тұрғысынан өсиет әңгімелер», «Қазақтарға пайдалы кітаптар», «Қазақтардың медресе ашқандары», «Қырдағы Рамазан айты», «Билердің бітімдері» секілді т.б. жарияланымдары та­­нымдық тұрғыдан ерекше ма­ңызға ие екендігін айта кет­кеніміз абзал. Демократия «дертіне» ұшы­раған дегдар жігіттің «сенімсіз» саяси көзқарасынан сескенген жандармерия жандайшаптары оны Жетісу облысындағы Лепсі уезіне жер аударады. Сонда қуғын-сүргінде жүргеніне қа­рамастан қарағайдың қарсы бұтағындай талай қайсар достар тауып, ұлтжандылық қасиеттерін одан сайын ұштай түседі. Мо­нархиялық билікті тақтан тай­дырған 1917 жылғы ақпан төң­керісінен кейін Уақытша өкіметтің өкілетті уәкілі ретінде аз-кем қызмет атқарады. Ең бастысы, Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесінің мүше­лігіне сайланады. Құрылтай қа­­рарындағы өзіне жүктелген міндетті өтеу мақсатында Жетісу аймағында Алаш милициясын жасақтауға бел шешіп кіріседі. Атыс-шабысқа толы аласапыран уақыттың айықпас тұманына кезіккен халқымен бірге «Алаш» серкелері де сергелдеңге түсіп, қай жолды таңдарын білмей аңырып қалғандары жасырын сыр емес. Содан біресе Советтермен, біресе Колчак, Дутов, Анненковтардың әскерімен одақтасып, Қазақ автономиясын құрудың бар амал­ын қарастырған ғой басқа мүм­кіндіктері қалмағандықтан. Бұлғақ заманның бұл қан қа­сабы қазаққа қандай зардап әкелетінін түсініп, ақтан да, қызылдан да түңілген Отыншы Әлжанов қасына сенімді серік­терін ертіп, туған ауылына қай­­тады. Ағайын арасындағы беделді ақсақалдармен әрі-бері ақылдасып, Қытай шекарасына асуды жөн көреді. Екіжақты шапқыншылықтан есепсіз қырылған қазақтарды көріп қатты қамығады. Арғы бетке ауғалы отырған ауыл­ға бірде Мамонтовтың қызыл­гвар­дияшылары қырғидай тие­ді. Бейбіт елді бөріктірген безбүйректерге қаны қайнаған өр мінезді Отыншы өзінің отрядымен қорғанысқа көшеді. Ағаш диірменнің төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауына оқ жаудырған есіл ер ақырында отқа оранып опат болады. Қайғылы қазаға байланысты Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде: «Қызықты ғұмырыңның көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас» деп жазғаны белгілі. Иә, Дулатұлы көрегендікпен дұрыс болжағандай, алаштықтар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде бү­кіл төрткүл дүниеге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен өркениет өріне беттеп барады. Алаштың ар-намысы атанған асылдарымызды ардақтау арнасын тапты. Таяуда ғана Үр­жарда орнатылған Отыншы Әлжановтың бюсті осы ойымызды айғақтары анық. Астанадан арнайы келген алаштанушы ғалымдардың қатысуымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда отаны үшін отқа түскен талайлы тағдыр иесінің тағылымды өмірі мен қызметіне байланысты байыпты баяндамалар оқылып, естіген құлақты елең еткізерліктей тың деректер алға тартылды. Салтанатты шараны ашқан Үржар ауданының әкімі Серік Зайнуллин араға ғасыр аралатып атажұртына ескерткіш болып оралған Отыншыдай орны бөлек боздақты жерлестерін әрдайым емірене еске алып, өшпес ерлігін өнеге тұтатындықтарын білдірді. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай әртүрлі себептермен атаусыз қалған әруақтарды бір аунату сауапты іс екендігіне тоқ­талып, өткенге құрмет көрсету арқылы бүгінгілердің рухын көтеретінімізді атап көрсетті. Осыған орай өз қалталарынан қаржы шығарып Отыншының қола мүсінін қойған меценаттар Қуат Есімханов пен Ромин Мәдиновқа ағыл-тегіл алғысын жаудырды. Бұған дейін қырық шақты ескерткіш қойып, елжан­дылықтың ерек үлгісін танытып жүрген Қуат мырза нағыз мәрт адам. Атымтай жомарт ағамыздың Естай-Қор­лан, Байғабыл сияқты тарихи тұлғалар туралы әңгімелері қандай әсерлі десеңізші. Кеудесі алтын сандық, рухани қазынаға бай жан екені байқалады. Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайымов келте ғұмыр кешсе де артында мол мұра қалдырған аға буынды әспеттеу кейінгі толқынның борышы саналатынын еске салды. Төл тарихымыздағы ақтаң­дақтарды ашуға атсалысып жүр­ген зиялы замандасымыз Берік Әбдіғали өзінің Алаш армиясында болған қазақтардың аты-жөндерін анықтау бағытындағы ізденістерінің алғашқы нәтиже­лерін көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет және спорт минис­трлігінің Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешовтің пікірінше, Отыншы Әлжанов ағартушылық аясында қалып қоймай, саяси күрескер дәреже­сіне көтерілген көрнекті тұлға. Қолына қару ұстап ұрыс қимыл­дарына қатысуы біраз жайды аңғартады. Үржарлық арқалы ақын Құсмілия Нұрқасым үлкен толқу үстінде «бұл менің ұлы мерекем» деп, осынау қуанышты күнді ұзақ күткенін тілге тиек ете отырып, Міржақып Дулатовтың мына бір сөзінің атан түйені қайыстырардай астарына үңі­луімізді өтінді: «Алаш біріксе, алынбайтын қамал жоқ, егер бірікпесе, құл болудан басқа амал жоқ». Түсінгенге түпсіз терең афоризм. Алқалы жиында жұрт алдында сөйлеген асылдың сынығы Гүлфарида Төлемісова аталары туралы анасы Сәуле Әлжанова екеуі жазған «Отыншы Альжанов – беркут Алаш-Орда» атты кітаптың дүниеге келуі жайында әңгімелеп, әлі де бірсыпыра құнды құжаттар зерттеушісін күтіп, мұрағаттарда шаң басып жатқанын, солардың бәрін жинақтап жарыққа шығаруды ойластыру керектігін құрметті қонақтарға құлаққағыс қылды. Конференциядан кейін Отын­шы Әлжановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі болды. Онда ағынан жарылып жүрекжарды лебізін ақтарған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы бүгін мұнда өздерінің Отыншы Әлжанов тек шырайлы Шығыс­тың ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ қадірлі қайраткер екендігін айтуға келгендерін жеткізді. «Қаншама жылдар бойы бұл кісі жайында ештеңе айтылмады, елеулі еңбектер жазылмады. Осы олқылықтың орны енді толуға тиіс. Орта мектептерде отыншытану сабақтары өтсе құба-құп. Баспасөз беттерінде Әлжановтың публицистикасын там-тұмдап болса да жарияласа қандай ғанибет. Жеткілікті тиражбен кітаптар бастырса, тіпті, нұр үстіне нұр. Қолымызда жарықтықтың бір де бір суреті жоқ дейді. Мен бұған сенбеймін. Мұндай талай жерге танылған тарланның фотографияға түс­пеуі мүмкін емес. Іздеу керек! Сол мақсатта арнайы қар­жы бөліп, араларыңыздан бір іздеу­ші шығарғандарыңыз орынды. Осыны ауданның билік басын­дағы азаматтарына аманат ете­міз», деді  ол ойын түйіндеп. Қазақтың қабырғалы ақыны Серік Тұрғынбекұлы жырдан шашу шашты: «Ел намысын бермеген, Қара қылды қақ жарып. Арыс болса өлмеген, Ол – Отыншы Әлжанов». Көпшілік көріп, көз­айым болған ескерткішті еңсе­ленді­рушілердің бірі Қуат Есімха­нов қазіргі таңда қазаққа рушыл пысықайлар емес, рухы биік парасаттылар керектігіне ерекше екпін түсірді. Алтыбақан алауыздықты аластап, береке-бірлікке басымдық бергенде ғана Елбасы айтқандай «Мәңгілік Елге» айналатындығымызға се­нім білдірді. Оны Отыншының Міржақыпқа жазған хатындағы «Халықтың басына қиямет-қайым туды. Қатын-баламды алып кетіңдер. Мен не көрсем де халықпен бірге көрем, өлсем де, тірілсем де» деген жолдар қатты тебірентіпті. «Қиын-қыстау шақта біз осылай айта аламыз ба, жоқ па?! Сондықтан Отыншы атамыздай арыстарымыз ешқашан ұмытылмақ емес!» Елжанды азаматтың есті сөзін жиналған қауым қоштап, қол соқты. Білгенге бұл Алашорда үкі­метінің 100 жылдығы қарса­ңында сәтімен біткен сәулелі істің бірі болды десек, қателесе қоймаспыз. Мереке соңында осы аудан орталығында Отыншы рухына Құран бағышталып, ас берілді. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы