16 Тамыз, 2016

Техасты түлеткен көрме

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100-851ЭКСПО шежіресі: Сан-Антонио, 1968 Сан-Антонио қаласында 1968 жылы 6 сәуір мен 6 қазан аралығында өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі АҚШ-тың оңтүстік-батыс өңірінде өткізілген алғашқы ірі оқиға болды. Ол Сан-Антонио қаласының іргетасы қаланғанына 250 жыл толу құрметіне арналды. ЭКСПО шежіресі айдарымен берілген мақалаларымызда ай­тылғандай, Америка құрлы­ғында алғаш рет Бүкіләлемдік әмбебап көрме 1876 жылы Филадельфия қаласында өткізілген болатын. Бұл әлем­дік шара АҚШ-тың тәу­ел­сіз­дік декларациясының жа­­рия­лан­ғанына 100 жыл толу мере­кесіне арналды. Құрлық­тағы алғашқы маңызды халық­аралық шараны өткізу арқы­лы АҚШ билігі мемлекет жетіс­тіктерін бүкіл әлемге паш етуді мақсат тұтқан еді. Көрме бұл міндетті ойдағыдай орындады. Содан бері АҚШ үкіметі елдің бар­лық өңірлерінде ЭКСПО көр­месін өткізуге құлшына кіріс­кен еді. Құрлықтағы ал­ғаш­қы Филадель­фия көр­ме­сі­нен кейін ғасырға тарта уа­қыт өткенде, АҚШ үкі­меті бұ­ған дейін ешқандай ірі ха­лықаралық шара өткізіліп көр­меген оңтүстік-батыс өңір­де Бү­кіләлемдік әмбебап көрме­сінің жалауын көтеруді мақсат етті. Оған Техас өңіріндегі ха­лық са­ны жағынан екінші орын алатын ірі мегаполис Сан-Антонио қаласының 250 жылдық айтулы датасы тұспа-тұс келді. АҚШ-тың оңтүстік-ба­тыс өңірінде өткізілген бұл көр­меге 30-дан астам мемлекет қатысты. Сан-Антонио қала­сының шетінен көрме қала­­шығының құрылысын салу үшін 40 гектардан аса жер бөлінді. Бұл қала бұған дейін де туристер көп келетін орын­дардың бірі болатын. Қаладағы бірқатар тарихи ғимараттар, атап айт­қанд­а атақты Аламо бекінісі ту­рис­терді өзіне магнитше тартатын еді. Аламо бекінісі Техас тәуелсіздігінің символы болып табылады. Сонымен бірге, бекініс маң­айында осыдан бірнеше ғасыр бұрын өңірді алғаш жаулап алушылар салған баспаналар да сақталған болатын. Сан-Антонио қаласының бас­шылығы көрмені өткізу ша­ра­­сына жан-жақты дайындал­ды. Көрме қалашығында қала сәу­летіне сән қосқан бірқатар ғи­ма­раттар тұрғызылды. Сан-Ан­тонио қаласында өткен ЭКСПО көрмесінің даңқын паш еткен екі архитектуралық ны­сан әлі күнге дейін қала тұр­ғындары мен қонақ­тарының сүйікті орындарына айналған. Оның бірі – The Tower of the Americas атты мұнара. Көрме қалашығында архитектор Форд О’Нейлдың жобасымен тұрғызылған бұл мұнара тек Сан-Антонио қаласының ға­на мақтанышы емес, сонымен бірге бүкіл АҚШ-тың озық сәулет өнерінің үлгісі болып табылады. Бұл мұнараның биіктігі 227 метрден асады. Архитектор Форд  О’Нейлдың тапқырлығы мен шеберлігінің арқасында бұл мұна­ра қаланың төрт құбыласынан түгел көрінеді. Мұнараның көру ала­ңына көтерілген адам Сан-Антонио қаласын алақанына сал­ғандай тамашалайды. 1968 жылы салынған аталмыш мұнара осыдан 30 жыл уақыт өткенге дейін АҚШ еліндегі ең биік мұнара болып есептелініп келді. Тек 1996 жылы Лас-Вегаста «Стратосфера» мұна­расы салынып, «ең биік мұнара» атағын иеленді. Сан-Антониода өткен ЭКСПО-68 Бү­кіләлемдік көр­ме­­сінің құрметіне салын­ған тағы бір тарихи нысан – Хемисфайр саябағы болып саналады. Саябақ­тың төрт құбыласы түгел ашық, еш­қан­дай қоршау тұрғызылмаған. Саябақ аумағында мұражай жә­ді­гері ретінде ХІХ ғасырда салын­ған бірқатар тұрғын үйлер тұр­ғызылған. Жұрт серуен­дейтін жолдардың жиегіне ондаған жануарлар мүсіні са­лынған. Бала­лар үшін тама­ша әрі кең ойын алаңы жасал­ған. The Tower of the Ame­ricas мұнарасына жа­қын ма­ңайда саябақтың сәнін кел­тір­ген субұрқақтар каскады көз жауын алады. Соны­мен бірге, сая­бақ­та серуе­н­дейтін адамдарға қа­жет­ті қыз­мет түр­лерінің бәрі ой­лас­тырылған. pcExpo-1968SanAntonioWF-Hemisfair-p1968ЭКСПО-68 көрмесінің жалауы Сан-Антонио қаласында алты ай бойы желбіреді. Осы мерзім ішінде көрмені дүние жүзінен келген 6,5 мил­лион адам тамашалаған. Көр­меге әлем­нің 30-дан астам мемлекеті өзде­рінің жәдігер­лерін әкелген. Әсіресе, Канада, Мексика, Ита­лия, Ис­пания, Фран­ция жә­не Жапония мемле­кеттерінің па­вильон­дарын­­дағы сол уақыттың озық тех­но­­­логиялық жетістіктері көр­меге келушілерді тәнті етті. Ақи­қа­тын айтқанда, алғаш­қы кезде көрмені ұйымдас­ты­рушылар оған қатысушы мем­лекеттердің аз болғандығына біраз абыржу­шылық туғызды. Алайда, ұйым­дастырушылар көрменің ашылуына бір ай уақыт мерзім қал­ғанда, демеу­ші меценаттардың қаржысына Құрама Штаттарға көрші қо­ныстанған Никарагуа, Гон­ду­рас, Гватемала, Сальва­дор, Коста-Рика сияқты кедей мем­лекеттердің көрмеге қаты­­суы­на жағдай жасады. Бұл мемлекеттерге бөлінген павильон­дарға қойылған жәдігерлер көр­мені та­маша­лау­шылардың ерек­ше қызығушы­лығын туғыз­ды. Сонымен бірге, ЭКСПО-68 көрмесінде ұйымдастырған мә­дени бұқаралық шаралар да қонақтардың есінде қалды. Әсі­ресе, көрме шеңберінде балалар үшін ұйымдастырылған ойын­шықтар көрмесі жоғары әсер қалдырды. Бұл көрмеге Латын Америкасы елдерінен әкелінген ойыншықтар үлгісі балаларды ұмытылмас әсерге бөледі. Сан-Антонио қаласында 6 ай бойы желбіреген ЭКСПО-68 көрмесінің жалауы салтанатпен түсірілді. Ұйымдастырушылар Бүкіләлемдік  көрменің сәтті де табысты өткендігін паш етті. Көрмені өткізу арқасында бұрын да туристер көп келетін орталық болып саналатын Сан-Антонионың беделі мен атағы арта түсті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»