17 Тамыз, 2016

Кенді Алтайдың кереметтері

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20160809_143805музейдің мәнін ашып тұр Өскеменнің өлкетану музейі өзіне назар аударарлықтай өте қызықты. Өткенде жұңғо жұртынан келген бір топ турист тамсанып кетті. Осындағы дүниелерді орайын тауып насихаттай алмай жатқан сияқтымыз. Әйтпесе, мұнда миллиондаған жылдар бұрын­ғы топырақ қыртыстарының түзілуі­нен бастап ХХІ ғасырға дейінгі түрлі дәуірдің куәсі жинақталған. Оның ішінде археологиялық мұралар­дан Кенді Алтайдың қойнауын­дағы минералды шикізаттарға дейін бар. Айталық, бұрын келгенде бай­қамап­пыз, музейде мамонттың етіне дейін сақталып тұр екен. Мамонт қайда, біз қайда? Арада қанша­ма дәуірлер алмасты. Бірақ ғайыптан тайып зілдің (мамонтты «зіл» деп те атайды) кесек еті біздің заманымызға жетіп отыр. Музей стендтерінің «түсін­діруін­ше», жер тарихының 2-1 мил­лион жыл бұрынғы антропоген кезеңі адамның пайда болуы мен оның дамуын жария етті. Осы кезеңде Алтай тау­лары бірнеше рет қатты көтерулерді өткерді. Соның нәтижесінде, осы заманға тән биік таулы жер бедері қалыптасты. Ауа райының сууы биік таулы аудандарды мұз басуы­на әкеліп соқты. Климаттың үш рет өзгеруі (дымқыл, жылы, суық) жануар­­лардың бір түрлерін басқа­лары алмастыруына ықпалын тигізді. Тропиктіктер қырылып, олардың орнына полярлық және далалық жануарлар тарады. Яғни, бұл кезеңде құрлықта ірі жануарлардан мамонт, жүндес мүйізтұмсық, үлкенмүйізді бұғы мекендеген екен. Жалпы, мамонттардың қалдық­тары Өскеменнің өз іргесінен көптеп табылған. Әсіресе, зілдің азу тістерінің бай жиынтығы кездеседі. 1948-1949 жылдары Аблакетка селосындағы құмнан қазып алынған мамонттың азу тістері, 1970 жылы Глубокое кентінің шетіндегі құм қазындыларынан алынған трогентерий пілінің тісі, сондай-ақ, 1974 жылы Прапорщиково ауданындағы Ертіс жағалауынан табылған мамонттың азуы таңғал­дырады. Сол жылы Быструха өзенінің жағасынан да зілдің азу тістері табылыпты. 1966 жылы Шемонаиха ауда­ны Выдриха ауылының маңынан табылған мамонттың алдыңғы аяғы­ның жілігі жарты түйедей болып, музейде сақталып тұр. Үлбі өзенінің жаға­сындағы құмнан қазып алынған мамонттың мойын омыртқалары мен кесек етінің бұзылмай бүгінге жетуі де жаратылыстың ғажайып жұмбағы. Сондай-ақ, осы дәуірдің тағы бір жәдігерлері – бизонның мойын омыртқасы, мүйізтұмсықтың арғы аталары – хилотерийдің жілігі мен күрек тістері, көне балықтар мен өсім­діктердің таңбалары, моллюс­калардың тасқа айналған қабыр­шықтары, ағаштың тасқа айналған бөлігі, динозавр жұмыртқасы қабы­ғы­ның сынықтары адамның ой-сана­сын сонау есте жоқ ескі дүниенің эволю­циялық дамуына жетелейді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН