Қазақстанда жүріп жатқан қазіргі саяси үдеріс біреулерге түсініксіз көрінгенімен барша көпшілікке түсінікті. «Еліміз тыныш, қарнымыз тоқ. Бұл жағдайға Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен қол жеткіздік. Ол Қазақстанды әлемнің ең озық елдерінің қатарына қосатын бағдарлама жасады. Ендеше аяғына дейін өзі жүзеге асырсын» – дейді біздің халқымыз.
Әлемде мұндай жағдайлар болған. Екінші дүниежүзілік соғыстың алды-артында Америкада Франклин Рузвельт 16 жыл, Францияда де Голль 11 жыл президенттік етті. Пак Чон Хи Оңтүстік Кореяны 18 жыл басқарды. Махатхир Мохаммад Малайзияны 22 жылда Азияның барысына айналдырды. Ал Ли Куан Ю Сингапурдың билігінде 31 жыл болды. Сондай бір тарихи шешімге Қазақстан халқы да келіп отыр. Олардың көкейіндегі қарапайым да нақтылы тілек енді сайлауға айналды. Халықты бұл жұмысты жүзеге асыру процедурасы аса мазаламайды. Демократия процедура үшін емес, демократия мазмұн, нәтиже үшін керек дейді олар. Бұл да демократия. Бүгінгі демократияның нағыз арғы атасы. Біздің халқымызда сонау ғұн, сақ замандарынан бар үрдіс. Ғалымдар оны әскери демократия деп атайды.
Қазақ хандығы тұсында сол демократияның азаматтық қоғамға да көшкендігінің нақтылы мысалдары бар. Мәселен, Билер институты. Қазақ ауылы мына кісі би болсын деп сайлаған емес, батырды да ешкім жоғарыдан тағайындамаған. Кім әділ, соған жүгінген. Кім қол бастауға қабілетті, соның соңынан ерген. Мұның жарқын мысалы Абылай ханның жүріп өткен жолы. Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсетіп, ел таныған жас сұлтанға Әбілмәмбет хан арғынның атығайының ғана билігін берген. Бірақ, қалың қазақ оны 20-25 жасынан бастап-ақ хан деп танып, алдына келіп жүгінгенін дәлелдейтін өлең-жыр, аңыз әңгіме көп. Сол заманның ірі саяси тұлғалары Төле, Қазыбек билер де оны қолдаған, Бұқар жырау қасында болған. Қолбасшылыққа ресми ұйғарылмаса да үш жүздің көптеген батырлары оның қол астына жиылған. Тіпті қалмақтың қонтайшысы Қалдан Серен тұтқыны Абылаймен хан ретінде келіссөз жүргізсе, Қытай императоры Цян Лун да оны хан деп таныған. Ресей патшалығы да Абылай сұлтанның айрықша беделді екенін бағалап, онымен хан дәрежесінде қарым-қатынас жасаған. Сөйтіп, Абылай ресми ақ киізге отырғызылып, хан көтерілгенге (1771 ж. – Е.Ә.) дейін аттай 35-40 жыл хан деңгейінде қайраткерлік көрсетті. Өйткені, халыққа процедура керек емес еді. Нәтиже керек еді. Нәтиже болды. Абылай қазақтың басым бөлігін бір тудың астына жиып, жоңғарлардан Жетісуды, Алтайды, Тарбағатайды азат етті.
Әрине, халық та мұндай жауапкершілікті өзін таныта білген тұлғаға артады. Міне, осы жерде мәселенің екінші қыры – жеке адамның тарихтағы рөлі шығады. Сол заманда Абылай хан билік басына келмесе, тарихи аренасынан Жоңғар хандығы емес, қазақ Ордасы жойылып, ойраттар емес, қазақтар қырылып кетуі әбден мүмкін-тін. Ол кезде Жоңғария күшейіп тұрған болатын. Олардың хандары вертикалды билікті күшейтетін заңдар қабылдап, ойрат тайпаларын тас түйін біріктіре алды. Оңтүстік Сібір халықтары мен қазақтардан алым-салым жинап, жерлерін өріс-қоныс еткен, Шығыс Түркістандағы отырықшы ұйғырларды өз мүддесіне қызмет еткізген Жоңғарияда сол кездегі қазақтардың түсіне кірмеген өндіріс дамыды. Ойраттар металл қорытып, зеңбірек және басқа қару-жарақтар жасауды былай қойғанда, мата мен қағаз өндірісін жолға қоя алды. Қытай мен Ресей сияқты қала – қамалдар сала бастады. Ел билеушілері мен байлары қолдан гүлдендірілген бау-бақшалы сарайларда тұрды. Жоңғарлардың ең құдіреттенуі Сыбан Рабдан мен оның ұлы Қалдан Серен қоңтайшылардың тұсы болса, бұл Тәуке хан өліп, қазақ Ордасы іс жүзінде майда хандықтарға бөлініп кеткен кез-тін. «Бөлінгенді бөрі жейді». Бөлшектенген қазақты бір жағынан Ресей, екінші жағынан жоңғарлар кертіп жеп, Еділ қалмақтары мен өзге елдер етегінен тартып жатты.
Міне, сол тұста тарих аренасына шыққан Абылай қазақтарды біріктіре алды. Ал Қалдан Серен өлген соң Жоңғар хандығында оның орнын басатын лайықты тұлға табылмады. Бәлкім табылуына тым күшейіп кеткен тақ таласы кесірін келтірді. Менталитет бөлек, дәстүр-заң бөлек дегендей. Ал, көрші империялар көшпелілерді жер бетінен жоюдың жоспарын әлдеқашан жасап қойған болатын. Тек мәселе қайсысының бұрын жойылуында тұрған. Бұл жолы қазақ аман қалып, жоңғарлар жойылды.
Мықты тұлғаны қажет ететін осындай бір тарихи сілкініс біздің елімізде өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының басында тағы да басталды. Бұл кезде патшалық Ресейдің заманынан бері қордаланып, КОКП күшпен ұстап келе жатқан көп проблема буырқанып шыға келді. Шыға келді де, Горбачев отырған Кремльдің өзінің астын ойып түсті. Жағдай аймақтарда да мәз болмады. Грузияның тұңғыш Президенті Гамсахурдия ұстанған әсіре ұлтшылдық оның өзінің түбіне жетіп, елдегі толқу күні бүгінге дейін басылған жоқ. Әзірбайжан мен Армения арасында Қарабақ дауы ушықты. Молдовадағы саясат республиканың бөлшектенуіне әкеліп соқты. Украина мен Қырғыстан қазір де тыншымай тұр. Түркіменстан тұйықталып, террорлық жарылыстар орын алған Өзбекстан шекарасын шарт бекітуге көшті.
Ол жылдары біздің республика да «қайнап» жатты. Бөлініп кеткісі немесе бөлшектеп алғысы келгендердің айқайы жер жарды. Ол жүзеге аспаған соң азаматтық қоғам деген желеумен іс жүзінде орыс өктемдігін сақтайтын мемлекет құру үшін жанталасқандары да жеткілікті болды. «Қазақстан тек қазақтар үшін» деген ұран да естілмей қалған жоқ. Біздің Президентіміз мұндай экстремизмнің, сепаратизмнің бәріне тойтарыс берді. Тойтарыс бергенде жер иесі қазақтардан өзге ұлттар басым болып кеткен республиканың басты кемшілігін, яғни көп ұлттылығын оның артықшылығына айналдыра алып тойтарыс берді. Нұрағаңның бұл саясаты сырт көзге бір-біріне керағар көрінетін. Полюстің екі басына да жармасқанын түсінбегендер немесе түсінгісі келмегендер басшымызды төпелеп сынап та жатты.
Мәселен, біздің тұңғыш Президентіміз егемендіктің елесі кезе бастаған кезден-ақ республиканың дербес саясатын жүргізуді батыл қолға алды.
Президентіміз төменнен басталған ерікті Одақты көксей жүріп, өзгелердің ескі өктемдігін еш қаламады. Солженицын, Говорухин сияқты жеке саясаткерлерден ғана емес, Мәскеудің ресми адамдарынан шыққан «Солтүстік Қазақстан Ленин жаңылысып беріп қойған Ресейдің байырғы жері» деген пікірін бірден тойтарып, олардың келесі қадамының алдын алды. Мәселені Горбачев пен Ельцинге ашық қойып, Руцкой бастаған Ресей делегациясын шақыртты. Сөйтіп, екі жақты шартқа қол қойып, Ресейдің Қазақстан территориясын мойындайтындығын және еш уақытта көз алартпайтындығын мәлімдеуіне қол жеткізді. Тура осы кезде Молдованың Днестрінде, Әзірбайжан мен Армения арасында қантөгіс болып жатқандығын ескерсек, бұл құжаттың қаншалықты маңызды екені өзінен өзі түсінікті болады. Енді казак-орыстардың ауық-ауық бой көтеруіне негіз қалмады. Жалпы ел тыншыды. Бірақ Нұрағаң дамыл тапқан жоқ. Еліміздің астанасын солтүстікке көшіруге кірісіп, оны қысқа мерзімде жүзеге асырды.
КОКП ыдыраған кезде біздің басшымыз Қазақстан Компартиясын сақтап қалды. Сөйте тұра қасына капиталистік Америка мен мұсылман елі Египеттен кеңесшілер жинап, республикада нарықтық экономиканы көршілерден бұрын енгізуге кірісті. Кооперативтік қозғалыс жанданып, коммуналдық үйлер жекешелендірілді.
Ол Кеңес Одағын таратқан славян республикаларының үштік одағының шақыруына барған жоқ. Есесіне Ашхабадта бұл үштікке тепе-тең болуға тиіс Орталық Азия мен Қазақстан лидерлерінің бас қосуында оларды ТМД-ны құруға мұрындық болуға көндірді. Көп ұзамай ТМД-ның кіндігі Алматыда кесілді. Бұдан әрі Еуразиялық Одақ құру жөніндегі идеяны көтерді.
Біздің басшымыз ядролық қарудан бас тартты. Бірақ бұл қадамын Қазақстанның халықаралық беделін көтеру үшін барынша пайдаланып бақты. Ядролық қарудан арылта отырып, ірі державалардың Қазақстанның қауіпсіздігін қорғауға кепілдігін алды.
Нұрағаң Ресей рублінің аймағында қалуға тырысып бақты. Бірақ Қазақстанның ұлттық валютасын да құпия түрде дайындап жатты. Ал ресейліктер рубль аймағынан шығарып тастағанда теңгенің алғашқы партиялары Қазақстанға жеткізіліп те қойған болатын.
Біраз жұрт бұл жылдар ішінде Қазақстаннан өздерінің этностық отандарына көшті. Есесіне шетелдегі қандастарымыздың көшіп келуі қамтамасыз етілді.Ол Қазақстаннан көшіп кеткендердің де, қайтып оралғандардың да жолын қиындатқан жоқ. Бірақ, қос азаматтық беруден үзілді-кесілді бас тартты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, орыс тілі ресми тіл дәрежесін алды.
Қазақстан Ресеймен әскери ынтымақ туралы келісімге қол қойып, ТМД-ның ұжымдық қауіпсіздігі туралы келісімінің мүшесі болуымен бірге, НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасының мүшелігіне қол жеткізді.
Мен Нұрсұлтан Назарбаев президенттігінің алғашқы 5-6 жылында ғана атқарылған қыруар шаруаның кейбіреуін теріп айтып отырмын. Бұл кезде бұрынғы кеңестік аймақта әлі ештеме орныға қойған жоқ еді. Әлі көп жерлерде оқ атылып, өз іштерінен бөлшектеніп, саяси дау-дамай түлеп тұрған республикаларда экономика оң нәтиже бере қоймағандығы өзінен-өзі түсінікті. Ал біздің Президентіміз Қазақстанның ішкі де, сыртқы да саясатын осылай қысқа мерзімде қалыпқа түсіріп, ел бірлігін бүкіл әлемге паш етті. Соның арқасында елге инвестиция құйылды. Сөйтіп, 1997 жылы Елбасымыз Қазақстан дамуының басым бағыттарын белгілеген «Қазақстан-2030» бағдарламасын жариялады. Бұған сол кезде көп адамдар сенген жоқ. Хрущевтің 20 жыл ішінде КСРО-да коммунизм орнатамын дегені сияқты орындалмайтын қиял деді. Содан бері 13-ақ жыл өтті. Биылғы Жолдауында Елбасымыз «Қазақстан-2030» бағдарламасының мерзімінен бұрын орындалып келе жатқанын баяндады.
Нұрағаң қазақ халқының тағдырын республикада тұратын өзге этностардың тағдырынан бөліп қараған емес. Өз еліне тоталитарлық режим жасаған әділетсіздікті жоюды өзгелердің мүддесіне нұқсан келтіру арқылы жүзеге асыруды қаламады. Бірақ, билік басына келе сала Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» кітабына жағымсыз баға берген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысын жойды. Оның талап етуімен КОКП Орталық Комитеті қазақ халқына берген «ұлтшыл» деген өктем бағасын алып тастады. Шынын айту керек, шылбырша шұбатылып келе жатқан бір түйткіл қазақ тілінің жайы еді. Жаңа жарияланған Жолдауында Елбасымыз оның да шешімі табылатынын өз аузымен білдірді. Ел халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеретін күн алыс емес екен. Нұрағаң айтты, демек орындалады. Өйткені, ел Тәуелсіздігінің 20 жылында біздің Елбасымыз жүргізген саясат Қазақстан халқының жүрегіне сол сенімді ұялатты. Елбасымыздың саясатымен бірге бұған халқымыздың ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы, бауырмалдығы, қонақ жайлылығы, кісі жатырқамайтындығы, ақ көңілділігі, досқа адалдығы әсер етті. Халқымыздың бұл қасиеттерінің барлығын жиып-теріп кісілік деген бір-ақ ұғымға сыйдыруға болады. Иә, біздің халқымыз кісілікті халық. Қайтып оралмайтын көшпелілік өркениеттен алып қалған асыл қасиетіміз осы. «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады», дегендей халқымыздың бұл қасиеті бізбен тарихын байланыстырған өзге этностарға да жұғысты болды. Бұдан 20 жыл бұрын жан-жаққа тартқан әр түрлі саяси және этностық топтардың өкілдері бүгін бірлік туралы сөйлеп жатыр. Бұл тарихтың тайғанақ көпірінен халқын қыл қисайтпай алып өткен Елбасымыздың саясатының арқасында қалыптасқан қазақстандықтардың ерекше менталитетінің көрінісі. Сол қасиетінің арқасында Абылай ханның басшылығымен жер бетінен жойылып кетуден аман қалған халық Нұрағаңның жетекшілігімен әлемнің ең озық елдерінің қатарына қосылуға батыл қадам жасап келе жатқанын демократ Батыс та, автократ Шығыс та қазақстандықтардың ісінен ұғынуы тиіс.
Елен ӘЛІМЖАН, жазушы.
Тараз.