Жол мақсаты – жету. Ендеше, діттеген жеріне жету үшін кімде-кім болмасын қалтасына қарай қолайлы, тиімді көлікті таңдайды. Жолаушылар пойызы да қолайлы көліктердің қатарында. Қажетті жеріңе жол қауіпсіздігіне алаңдамай жатып демалып, әңгіме көрігін қыздырып қалай жеткеніңді аңғармай қаласың. Бесіктей тербеп, берекеңді алмайтын вагондар да ыңғайлылығына қарай жоғары және төменгі кластарға бөлінеді. Жолаушылар жаздың қапырық ыстығында желдеткіштері бар салқын купелерді, кыстың сақылдаған аязында жылы купелерді таңдайды.
Ертеректе Алматының қай вокзалына барсаңыз да алдыңызды орап, «Қайда барасыз? Қанша билет керек» деп шауып жүретін делдалдардан бүгінде арылған едік. Бірақ енді билет таппайтын күйге жеттік. Достық бекеті – Қазақстанның шығыс қақпасы. Бұл елді мекенге талқаны шыққан тасжолмен жету – қияметтің қияметі.
Достықтан Астанаға, Алматыға билет алу математикалық теңдеулерді шешіп, кубик-рубиктерді құрастырудан да қиын. Қиындатып отырғандар да осы саланың қызметкерлері. Сізден құжатыңызды жарты ай бұрын алса да билеттің төбесін көрмейсіз. «Тұран» жолаушылар тасымалдау вагондары жекемен-
шіктің қолында. Жазғы маусымда күнара жиырма вагоннан тіркелетін бұл пойызға билет табылмайды. Табыла қалса, жолсеріктер сұраған баға таңдайыңды түсіреді.
Аптасына бір мәрте Астанадан – Үрімшіге, Үрімшіден – Астанаға қатынайтын бар. Алматыдан осындай құраммен шығатын жолаушылар пойызы Ақтоғай стансасында тоғысып, сол жерден екі бағытқа бет алады. Үрімшіден қайтып Астана, Алматы бағытына төрт-төрттен бөлінген сегіз вагонда барлығы отызға тарта жолаушы отырады. Сонда 250-ге тарта бос орынмен келе жатқан жолсеріктердің өзі кейде «ауа әкеле жатырмыз» деп күле қарайды. Қадірі кеткен халықаралық пойыздың мүшкіл жағдайы осы. Ал Достықтан Астанаға, Алматыға жете алмаған жүргіншілер жағдайы мүлдем сорақы. Жаңағы бос келе жатқан вагондағы орынға билет ала алмайсыз. Билет кассасындағылардың айтуынша, қанша орын бос екені жайлы мәлімет Астана мен Алматыдағы жол бөлімі бюроларынан жеткізіліп, одан соң Достық, Бескөл, Ақтоғай, Саяқ кассаларының жарысы басталып кетеді-мыс. Бұл жерде бюродағылардың бүйрегі бұрғандар молырақ қамтитыны айдан анық. Әлі күнге ескі «Экспресс-21» билет басу құрылғысы тұрған Достықтағы кассир теріп үлгергенше, «Оливетти» құрылғысын құйындай үйірген өзге бекеттегілер молынан қамтып қалатын көрінеді.
Сынықтан сылтау іздеп, біріне бірі сілтегенше халықтың пікіріне құлақ асып, алдымен алыс бекеттегілерді қамтамасыз етіп, содан соң аралары үш сағатқа созылатын келесі стансадағылардың билет кассасын ашып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Достыққа сапарлап келгендер діттеген жеріне жете алмай, апталап билет тоспас еді. Қайткен күнде де қолайлы жағын іздестірген ләзім. Бұлай болмаған жағдайда билетті пысықайлар алып, қарапайымдар қалып, әлжуаздар талып, әлі талай жұртшылықты әуре-сарсаңға салмасына кім кепіл.
Сейіт ОМАРОВ
Достық бекеті