Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ
Бұл істе Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлемдік көшбасшы болып келеді Бүгінгі таңда адамзатқа, оның ғасырлар бойы қалыптастырып келе жатқан өркениетіне ең үлкен қауіп – жаппай қырып-жоятын ядролық қару. Оның қасіретін тізіп шығудың өзі адамның төбе құйқасын шымырлатады. Адамзаттың ақыл-ойы ғасырлар бойы дамып, ақырында өзін жаппай жойып жіберуге соқтыратын қару ойлап табуға алып келді. Қазір әлемде оның орасан зор арсеналы жинақталып, жауапсыз адамдардың, экстремистер мен террористердің қолына түссе, дүниені тегіс отқа орауы әбден мүмкін. Осынау әлемдік проблеманы шешудің алдыңғы шебінде бүгінгі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Елбасының білікті бастамалары мен белсенді әрекеттерін дүние жүзіндегі прогресшіл адамдардың бәрі де қолдауда. Қазақстан өзінің 25 жылдық тарихында осындай жаһандық проблемаға баса назар аударып, оған қарсы бірлесуге шақырып отырған белсенді мемлекет ретінде де танылды. Бейбітшіл бастамалардың басымдықтары Ядролық зарядтардың қуатын өте көп қолданылатын жарылғыш зат – тротилдің килотонна және мегатонналарымен есептейді. Бір килотонна 1 мың тонна тротилдық күш берсе, бір мегатонна 100 килотоннаға тең. Жапонияның Хиросима қаласына 1945 жылы тасталған алғашқы ядролық бомба – «Балақайдың» күші 13-18 килотоннадай болған, соның өзінде ол 50 мыңдай адамның өмірін бір сәтте қиып, 45 секөнттің ішінде бір қаланы жермен-жексен етті. Ал КСРО-да жасалған ең қуатты «Царь-бомбаның» күші 101,5 мегатонна тротилге жуық, яғни «Балақайдан» 700 еседей күшті. Осындай бомба жарылса не қалады? Оны көзге елестетудің өзі қорқынышты. Жүздеген жылдарға жететін оның радиациясы адамдарға ғана емес, қоршаған ортаға да орын толмас зардабын тигізер еді. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағы текетіресте бір-біріне қарсы тұрған әлемнің екі жүйесі ондаған жылдар бойы өздеріндегі осындай қаруларды жетілдірумен болды. Оның зардабын айтып, ешқандай перспективасының жоқ екенін көптеген ғалымдар көрсетіп, ядролық зарядтарды өндіруді шектеуге, тіпті, жоюға шақырса да саяси ерік-жігері жоғары болмаған мемлекет басындағылар бұл іске бара алмады. Соның кесірінен, БҰҰ-ның 2015 жылғы деректеріне сәйкес, әлемде қазір 15 700 ядролық оқтұмсық сақталып отыр. Тек 1963 жылы ғана атом қаруын ауада, суда, жер үстінде сынақтан өткізуге тыйым салу туралы АҚШ, КСРО және Ұлыбритания арасында халықаралық келісімге қол қойылды. Бірақ жер астындағы сынақтар жалғасып жатты. Соның ішінде Семей ядролық сынақ полигонында жарылыстар Жер-Ананың өзегін суырып, оны орасан зор күшпен солқылдата берді. Жалпы, бұл жерде 1949 жылғы полигон ашылған сәттен 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылғанға дейін 500-ге жуық жарылыс жасалып, олар адамдар мен жан-жануардың денсаулығын, аймақтың экологиясын аяусыз бүлдірді. Қазақстандағы антиядролық қозғалыс 1989 жылы өмірге келді. Атақты ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ұйымдастырған бұл қозғалыс әлем назарын өзіне аударды және КСРО-ға ғана емес, АҚШ, Жапония, Түркия секілді елдерге де танылып, Қазақстаннан туындаған алғашқы белсенді халықаралық ұйым ретінде бой көрсетті. Билік тарапынан қолдау тапқан оның қатарына шерушілермен қатар, 130 мыңдай шахтерлер тартылып, КСРО-да бұрын-соңды болып көрмеген дүмпу туғызды. Әскерилердің қарсылығы қанша мықты болса да халықтың талабы одан да зор шығып, сол жылы жоспарланған 18 жарылысты 7-ге дейін азайтты. Қозғалыстың қуаты жыл санап арта берді. Ақыры, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, әскери ведомство басшыларының қарсылығына қарамастан, халықтың талабын қолдап, батыл позиция ұстанып, сол кезде республика әлі тәуелсіздік алып үлгермесе де, 1991 жылдың 29 тамызында ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 2012 жылдың 29 тамызында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бұл туралы былай деп еске алды: «Осыдан тура 21 жыл бұрын біздің ел халқының ерік-жігерімен жүзеге асырылған осы тарихи актінің орасан зор өркениеттік маңызы бар. Осы тұрғыда мен үш маңызды жайтты бөліп көрсеткім келеді. Біріншіден, бұл Қазақстан үшін шынайы егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасалған шешуші қадам болды. Ядролық қару мен радиация қырық жылдан астам уақыт бойы біздің жерімізді азапқа салған қатыгез де міз бақпас зұлымдықтың нақ өзі еді. Екіншіден, 29 тамыз күллі Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін берудің басталған күні болып табылады. 2006 жылдың қыркүйегінде біз аймақтағы басқа елдермен бірге Орталық Азияны «ядросыз аймақ» деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық. Үшіншіден, Семей полигонының жабылуына байланысты ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды. 1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласында негізінен шектеу шаралары қолданылып келді. Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін, осыған орай «ақырет күнінің» қаруын жетілдіруді тоқтатуды жүзеге асырды». Семей полигоны КСРО-ның мызғымас қуатының символындай әсер еткен факторлардың бірі еді. Басқа дүниенің бәріне де самарқау қимылдайтын бұл ел ядролық қаруды жетілдіруде алдына жан салмаған. Полигонға ең жаңа деген ядролық қарулар жаппай жеткізіліп, оған сынақтар жасалып отырды. Сондықтан дүние жүзінің назары Семей полигонына ауып, одан үнемі бейбіт өмірге қатер күтіп отыратын. Полигон КСРО-ның әлемді қорқыту үшін жасқап тұрған қара шоқпарындай елестейтін. Жалпы аумағы 304 мың шаршы шақырымды құраған бұл полигон көлемі жағынан Еуропадағы ірі мемлекеттердің бірі – Польшаның аумағына барабар еді. Осындай алып сынақ алаңын жабу әлі тәуелсіздігін толық алмаған Қазақстан басшылығына оңай болмағаны хақ. Бірақ Президент Н.Назарбаев осы қадамға барып, бүкіл әлемде ядролық аждаһаны құрықтауға бірінші болып жол ашты. Семей сынақ полигоны жабылғаннан кейін Невададағы, Жаңа Жердегі, Лоб-Нордағы және Муруродағы аса ірі полигондар үнсіз қалды. Сөйтіп, 1991 жылғы 29 тамыз бүкіл әлем үшін ядролық ақырзаманның қаупін кейінге ысырған күнге айналды. Ал 1993 жылы Бүкіләлемдік алғашқы антиядролық конгресте Қазақстан басшысы барлық ядролық сынақтар мен жаппай қырып-жоятын қаруға мораторий жариялауды ұсынды. Кейбір мемлекеттер болмаса, негізгі ядролық державалар бұл мораторийді бүгінге дейін сақтап келеді. Әрине, «ядролық қаруы бар ел» деген сөздің өзіндік магиялық желікпесі бар. Ол елдің қуатын, ешкімге мойынсынбайтын, ешкімнен ығып, айылын жимайтын ахуалын көрсетеді деп бағалаушылар көп. Оның үстіне «ядролық қаруы бар мұсылман елі» болудың қызықтырғыш желікпесі тіпті орасан. Міне, Қазақстан адамзаттың болашағы үшін осындай әсіреқызығушылық пен әсіреатақтан бас тартып, КСРО мен АҚШ арасында ядролық стратегиялық қаруларды қысқарту мен шектеу жөнінде 1991 жылы қол қойылған келісімшартқа қосымша ретінде жасалған Лиссабон хаттамасына қосылып, ядролық қаруы бар ел мәртебесінен өз еркімен бас тартты. Өз аумағындағы ядролық қарудан бас тартқан соң, 1994 жылы Қазақстан оның Ресей аумағына әкетілуіне келісімін берді. Сонымен қатар Қазақстан ТМД кеңістігінде бірінші болып Ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық шартқа қосылды. Ал ядролық бестік мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және артынан Қытай мен Франция Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл болатыны туралы Будапешт меморандумына қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз жеріндегі аждаһадан тиімді жолмен түпкілікті құтылды. Соның арқасында елімізге деген сенім артып, әлем мен Еуропа елдерінен инвестициялар келіп, экономикамызға құйылып жатты. Бізде ядролық қарудан өз еркімен құтылғанымызға өкінетін адамдардың да кездесіп қалатыны бар. Ондайлар мұндай аждаһаны ұстаудың, баптаудың, күзетудің шығындары ешқандай қайтарымы жоқ, желге ұшатын миллиондар екенін естен шығарып алады. Қаншама әлеуметтік мәселелерді шешуге тиісті қаражат бостан-босқа шашылып жататынын ойламайды. Оның бір мысалына КСРО мен АҚШ-тың 1987 жылғы Шағын және орта қашықтықтағы ядролық қаруларды жеткізетін зымырандарды жаппай жою туралы шартқа қол жеткізгенін айтсақ та жетіп жатыр. Сол жылы осы екі ел өздерінде көптеген жылдар бойы жинақталған қатерлі қаруларды жойып, жасау шығындарын айтпағанда, ұзақ жылдар бойы күтіп, күзетіп, «әспеттеп» келген қымбат дүние, сөйтіп, бір тиын пайда әкелуге жарамай бұзылып, бөлшектенген еді... Адамзат ақыл-ойы мен санасы өскен сайын мұндай қарудың қажеттілігі жоқ екеніне көздері жете түседі. Сондықтан олардың бәрі де бір заманда түкке керексіз болып, жойылары хақ. Елбасының осы бағыттағы гуманистік еңбегі бүгінгі күні әлемнің басқа елдерінің лидерлерінен көш ілгері болып, Қазақстанның бейбітшіл келбетін айдай әлемге жария етуде. Ядролық қару – адамзаттың өзіне өзі ажал шақыруы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы күресті жаһандық аумақта жүргізу қажеттігін айтудан танған емес. Өйткені, ядролық қаруды қолданған соғыс бола қалса, онда бұрынғыдай тыл болмай, қасірет жаһанның барлық шегіне жайылатыны дәлелденген. Сондықтан бұл аймақтық қана проблема емес, барлық адамзатты толғантатын қауіп екендігін әрқашан айтумен келеді. 2009 жылдың желтоқсан айында Елбасының бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Сөйтіп, Семей полигонының жабылған күні бүкіл әлем бойынша аждаһаға қарсылық білдіретін күнге айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық қозғалысқа қосқан үлесінде 2010 жыл ерекше болды. Осы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Іс басындағы Төраға болуын да пайдаланған Президент аждаһаны ауыздықтау саласында барынша белсенді әрекеттер жасады. Сәуір айының басында Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі келіп, Семей ядролық сынақ полигонының орнын көрді. Осындай аждаһаны ауыздықтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы күрестің басында тұруы заңды екенін ол мойындап, ашық мәлімдеген еді. «Ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қарудан арылу қажеттігін мәлімдеуге ешкім Сізден артық лайықты емес, өйткені, Сіздің халқыңыз сынақтардың құрбаны болып саналады», деген еді Пан Ги Мун. Осы аралықта АҚШ Президенті Барак Обаманың бастамасымен Вашингтонда 50-ге жуық мемлекеттің лидерлері қатысқан алғашқы антиядролық жаһандық саммит өтті. Осы саммит барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық қозғалысқа қосқан үлесіне жоғары баға берілді. «Ядролық қауіпті азайту жөніндегі бастама» атты халықаралық қордың атынан оның тең төрағасы Сэм Нанн 2006 жылғы қыркүйекте ұсынған МАГАТЭ-нің шеңберінде құрылуға тиісті Ядролық отынның халықаралық банкін өз аумағында орналастыруға Қазақстан дайын екендігін айтып, қолдау білдірді. Бұл Қазақстанның ядролық отынды таратпау режіміне қосқан сүбелі үлесі болып отыр. Бейбітсүйгіш әлем назары оған бірден ауып, Қазақстанның бағалы бастамасына ризашылығын білдірді. Әлемдік қауіпсіздікті сақтауға қосылған осындай нақты істер мен бастамалар дүние жүзінің ең қуатты мемлекетінің Президенті Барак Обама тарапынан да жоғары бағаланып, Елбасына әлем көз тіккен оқиғада ең маңызды жерден орын берілді. Өзінің саммиттегі сөзінде Б.Обама Н.Назарбаевқа қарата: «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және ядролық қауіпсіздік ісінде ол әлемдік басқа лидерлердің бәріне үлгі», деді. 50-ге жуық мемлекет көшбасшыларының арасында, уақыттың тығыздығына қарамастан, Б.Обама жалғыз Н.Назарбаевпен ғана 45 минөтке созылған келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Әлемдік көшбасшылар қосылып түскен суретте, хаттама бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа ең құрметті орын берілді. Бұл туралы публицист Сауытбек Абдрахманов «Егеменге» мақтанышпен былай деп жазды: «Есімізде сақтайық: бұл оқиға 2010 жылы 14 сәуірде, Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит кезінде болды. Есте ұстайық: бұл күн – Қазақ елінің арғы-бергі тарихындағы ең керемет күндердің бірі, Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлем көшбасшылары жиынының дәл алдында, қақ ортасында тұрған сол сәті – қазақтың қазақ болғалы көрген құрмет-қошеметінің ең үлкені, мемлекетіміз шежіресіндегі ең шұғылалы шақтардың бірі». Бұған алып-қосарымыз жоқ, тек АҚШ-тың «Шығыс-Батыс» институты белгілеп, кезінде Вацлав Гавел, Гельмут Коль, үлкен Дж.Буш сияқты алып тұлғалар алған Бейбітшілік сыйлығы да табыс етілгенін айта кетейік. Саммитте сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыға ортақ ядросыз әлем құру туралы декларация қабылдау жөнінде бастама көтеріп (бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанындағы қарарымен бекітті – Ж.С.), қағидатты маңызы бар төрт ұсыныс жасады. Оның ішінде Қазақстанның жоғары байытылған уранды төмен байытылған пішінге әкелу арқылы бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қоса алатындығын және өз аумағында Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға әзір екендігін, екіншіден, ядролық қарусыз аймақтар үшін халықаралық-құқықтық нормалар, үшіншіден, әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу туралы халықаралық шарт қабылдау қажеттігін айта отырып, төртіншіден, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы баршаны қамтитын шарттың іс-әрекетке кірісуі үшін барлық мемлекеттерді оны жедел ратификациялауға шақырды. Қазақстан Президентінің осынау антиядролық бастамалары мен оларды жүзеге асырудағы нақты істері Вашингтонда болған саммиттен кейінгі үлкен жиындардың бәрінде де аталып отырды. АҚШ астанасынан кейін Сеулде болған саммит арасындағы екі жылда ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше маңызды бастамалары іске асты. Мәселен, бүкіл әлемде жоғары байытылған уранның үлкен бөлігі жойылды. Қазақстан осы мәселеде «Үлкен сегіздікпен» (G-8) жаһандық әріптестікке кірісті. Ал Сеулдегі саммитте Елбасы жаңа бастамалар көтерді. Атап айтқанда, ядролық материалдарды қорғау жөніндегі конвенцияға енгізілген өзгерістер 2014 жылы күшіне енуі үшін барлық қатысушыларға құжатты тезірек ратификациялауды ұсынды. Жапонияның «Фукусима» АЭС-інде болған апатты ескере отырып, ядролық қуатты қолдануда әмбебаптық, ашықтық және жеделдік сияқты үш қағидатқа негізделген қауіпсіздіктің кепілдерін сақтауға шақырды. Осылардың негізінде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заңмен міндеттелетін стандарттарды қабылдау керектігін айтты. Астанада 2012 жылы болған «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «АТОМ» жобасының іске қосылатынын жариялады. Осында айтқан сөзінде «Ядролық қару – адамзаттың өзіне өзі ажал шақыруы» дей отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ядросыз әлем – барша адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз. Тек бірлесе қимылдағанда ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз және жақсырақ ете аламыз. Жаһандық қоғамдастықты оған түбегейлі және түпкілікті тыйым салу жөнінде неғұрлым батыл іс-қимылдарға итермелеу үшін біздің ядролық сынақтардың қайғылы зардаптарын тағы да әлемнің есіне салуға мүмкіндігіміз бар. Дәл осы мақсат үшін Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосып отыр», деді Елбасы өзінің конференциядағы сөзінде. «Сынақтарды жою – біздің миссиямыз» деген бастаманың ағылшын тіліндегі «Abolish testing – our mission» аудармасының бас әріптерінен тұратын бұл жобаны адамзаттың озық ойлы адамдарының бәрі қолдады. Жоба шеңберінде жер бетіндегі ядролық қаруға қарсы кез келген адам әлем үкіметтерін ядролық сынақтардан біржола бас тартуға шақырған онлайн-петицияға қол қойып, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізе алады. Қазір оған 120 елден 300 мыңға жуық адам қол қойған. 2014 жылғы Украинадағы саяси дағдарысқа байланысты Еуроодақ, АҚШ және Ресей Федерациясы арасындағы геосаяси ахуалдың тұрақсыздыққа бет алуымен ядролық қауіпсіздік мәселелерінде біршама тежеліс орын алды. Бірақ Сеул, Гаага мен Вашингтон қалаларында кезекті антиядролық саммиттер өтті. Қазақстан Президенті олардың жұмысына белсенділікпен қатысып, өзінің жаңа ұсыныстарын ортаға салды. Соңғы саммит шеңберінде 2016 жылдың 5 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың «The Hill» атты саяси апталығында мақаласы жарияланды. Онда Президент: «Саммиттердің жұмысын қорытындылай келе, халықаралық қоғамдастық ядролық тәуекелдер азаюдың орнына көбейіп келе жатқанын мойындауы керек. Өсіп келе жатқан трансұлттық ұйымдар мен аймақтық кикілжіңдер назар аудармауға болмайтын жаңа проблемалар тудыруда», деген еді. Вашингтондағы соңғы саммит шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кең ауқымда талқыланған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі жарияланды. Онда Президент ХХІ ғасырда Адамзат демилитаризация жағына қарай шешімді қадам жасау қажеттігін, бұлай болмаған жағдайда ғаламшар радиоактивті материалдардың орасан зор үйіндісіне айналатынын айта келіп: «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігіне үндеді: «Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдар вирустарын жою жөніндегі үйлесімді және жауапкершілікті іс-әрекеттерін айқындауы тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылуы ықтимал басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтауға кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеуге тек бейбітшілік пен қауіпсіздік негіз болып, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек», деді Қазақстан Президенті. Барлық ащы шындық қамтылған бұл құжат барша әлемнің назарын аударып, әлі де талқылану үстінде. Айта кететін жайт, Вашингтон сапарында Елбасы Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обама Қазақстан мен АҚШ арасында ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Осы мақалада айтылған барлық істері әлемдік қатер – ядролық қауіптің бетін қайтаруға аса зор үлес қосып отырған Президентіміздің осындай ғаламдық әрекеті Қазақстанның бейбітсүйгіш тұрпатын дүние жүзіне кеңінен танытып отыр. Әлемнің бейбітсүйгіш, прогресшіл басым бөлігі оны тегіс мойындауда. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»