Ғылым • Бүгін, 18:54

Алматыда халықаралық конференцияда өндіріске енген жобалар таныстырылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық ғылым академиясында «Science & Business» V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ғылымды дамыту, ғылым мен бизнесті ықпалдастыру, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктерін жетілдіру мәселелеріне арналған жиын Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Жалын» ғылыми-өндірістік-техникалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда халықаралық конференцияда өндіріске енген жобалар таныстырылды

Пленарлық сессияда ҰҒА президенті А. Күрішбаевтың қатысушыларға арнаған сөзін вице-президент А. Серікқанов оқыды.

«Бүгінгі таңда ғылым – тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші. Қазақстан үшін бұл шикізаттық модельден білімге, технологияларға және инновацияларға негізделген экономикаға көшуді білдіреді. Осы тұрғыда ғылыми жүйенің нәтижелерді тек қалыптастырып қана қоймай, оларды нарықта сұранысқа ие өнімдерге, қызметтерге және технологиялық шешімдерге тиімді түрде айналдыру қабілеті ерекше маңызға ие», делінген А. Күрішбаевтың қатысушыларға арнаған сөзінде.

Жиында ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев Мемлекет басшысының ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу бағытындағы тапсырмаларына, ғылым мен бизнесті интеграциялаудағы маңызды тетіктерге тоқталып өтті. Жаһандық экономика жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлікке бағытталған инновацияларды іске асыруда білім-ғылым, бизнес ықпалдастығының маңызын атап өтті.

Өндіріске серпін берген өнертабыстар

Алқалы жиында академик М. Жұрынов, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры А.Саданов,  әл-Фараби атындағы ҚазҚУ суперкомпьютер орталығының директоры Ә. Темірбаев, ҰҒА пәнаралық  орталығының директоры Қ. Әлиханов, басқа да ғалымдар ғылымды коммерцияландырудың өзекті мәселелерін қозғай отырып,  мемлекеттік органдар, даму институттары, бизнес өкілдері мен халықаралық сарапшылар қауымдастығы арасында тәжірибе алмасудың маңызын, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске және экономикаға енгізу бойынша практикалық шешімдер әзірлеудің өзектілігін атап өтті.

Конференция барысында «Ғылым қоры» тарапынан өндіріске енген жобалар таныстырылды. Көрмеде «Жалын» ғылыми өндірістік техникалық орталығы, «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны, MVA group, Қазақ ұлттық агарлық университеті, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, тағы басқа  кәсіпорындар мен жоғары оқу орындары базасында өндірілген өнімдер таныстырылды. Қазіргі кезде бұл өнімдер еліміз нарығымен қатар шетелге экспортталып, елімізде өндірілген өнімдердің бәсекеге қабілеттігін айғақтайды.

Петропавлда «Тұқым күні – 2026» халықаралық конференциясы өтті

Конференция пленарлық отырыстар, ғылымды коммерцияландыру бойынша форсайт-сессиямен жалғасты. Форсайт-сессия аясында технологиялық дайындық деңгейі жоғары, өндіріске енгізуге дайын әзірлемелердің, соның ішінде TRL 4-7 деңгейіндегі жобалар таныстырылды. Аталған сессия ғылыми нәтижелерді практикаға ілгерілетудің тетіктерін іздестіруге, әріптестікті кеңейтуге және әзірлеме авторлары мен технологиялардың әлеуетті тұтынушылары арасындағы орнықты байланыстарды дамытуға бағытталған.

Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ғылым қоры» АҚ, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы, «Атамекен» ҰКП, Алматы қаласының әкімдігі өкілдері, салалық ұлттық ғылым академияларының жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми ұйымдардың басшылары, ғалымдар, сондай-ақ бизнес, индустрия және өндіріс саласының өкілдері қатысты.

Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында өткен жиынға Zhanykulov foundation қоры демеушілік етті.

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар