XVIII ғасырдың аяқталар кезінде немістің әлемге мәшһүр философы Иммануил Кант «Мәңгілік әлемге» – «К вечному миру» трактатында «Егер соғыс үшін қарулану осылай жалғаса берсе, адамзат баласының алдынан бір ғана нақты таңдау шығады: не соғыс атаулыдан бас тартып, бейбітшілікті таңдайды, не өркениетті жалмаған ортақ зиратта бастары тоғысады», деген ой айтады. Бейбіт мақсаттарды жүзеге асыру үшін ол адамзат баласын ортақ мүддеге біріктіретін дүниежүзілік федерация құруды ұсынды. Канттың бұл еңбегі Наполеон соғысының алдында туған болатын. Одан кейінгі екі ғасырда адам баласының баяу болғанымен, осы философ атап өткен үрдіске келе жатқанын байқаймыз. ХХ ғасырда әлемдік үкімет құру қажеттігін Альберт Эйнштейн де көтерді.
Эйнштейннің айтқан сөздерін жинақтаушылардың жазуынша ол былай депті: «Менің пацифистігім – адамдарды өлтіру жексұрындық деп ұғатын түйсік сезімім. Ол қайсыбір интеллектуалдық теориядан туындамаған, бірақ кез келген қатыгездік пен жеккөрушілікті түбегейлі жаратпауға негізделген». Сондай-ақ: «Мен өмірімде бір қателік жасадым – президент Рузвельтке атом бомбасын жасау жөнінде хат жаздым. Бірақ, оны немістер де осы іспен айналысып, әлемдік билікті бір қолға жинағысы келіп жатқан соң ұсынғаным үшін мені кешіруге болады деп ойлаймын», деп өкініш білдіріпті.
XXI ғасырдың басында адамзат өркениеті экономикалық, саяси, құқықтық, ақпараттық тұрғыдан құрылымы күрделі болғанымен, тұтас жүйеге айналып бара жатыр. Алайда, бұл жолда кері кетушілік те жоқ емес, жаңа сын-қатерлер, қайшылықтар, соғыс ошақтары туып, мемлекеттер бүлініп, адамдар бас сауғалаған босқындарға да айналуда. Осылардың барлығын жеңу әлемдік қоғамдастықтан аса көп күш-жігерді талап етуде. Әлемде бұрын-соңды болмаған жалпыға бірдей қатер төндіретін қару түрлері жасалып, ол әлемнің тыныштығын бұзуда.
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай елордада ауқымды халықаралық басқосу өтпек. Ал осы тұрғыдан келсек, Президенттің «Әлем. XXI ғасыр» манифесі – әлемді бейбіт дамытудағы маңызды құжат екендігіне көзіміз жете түседі. Онда әлемдегі тыныштықты сақтау жолында не істеу керектігі жайында нақты ұсыныстар, планетадағы өркениеттердің бір-бірімен бейбіт қатынастарда болуы жолында әлемдік азаматтық қоғам мен мемлекет басшыларының неге баса назар аударуы қажеттігі нақпа-нақ көрсетілген.
Манифесте алғаш рет «өзіңді демилитаризациялау» үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Мемлекеттік басқару кімнің қолында екеніне байланысты, оның сыртқы және ішкі саясаты жүргізіліп, соған сай ол ізгілікті үндейді немесе жамандық шашады.
Зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекеттер өзін өзі тоқтатып, теріс әсерге бой алдырмай, ыдыратушы күштерден гөрі біріктіргіш жасампаз әлеуетті арттыруы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің ісіне барлық елдердің ізгі ойлы күштері, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мәдениет өкілдері, зиялылар көмектескендері дұрыс.
Манифесте жаңадан «өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне қатысты және Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау қажеттігі ұсынылады. Қазіргі уақытта бұл өте өзекті. Жаһандық жылынудың салдарынан мұздақтар еріп, Арктика бөліне бастады.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, жақын арадағы 15-20 жыл ішінде ғарыш кеңістігін игеріп, оның ішінде Ай мен Марс және өзге планеталарды, астероидтар мен шығандағы ғарышты зерттеуге деген мемлекеттердің белсенділігі жоғарылай түспек. Осы себептен ғарыштық кеңістіктегі қимылдарды да құқықтық реттеу, оны бақылау қажеттігі туады. Ол жер бетіндегі бейбітшілікті сақтау мен ғарыштық соғыстарды болдырмаудың қажеттігінен келіп шығады.
Манифестегі маңызды ереже – БҰҰ аясында бейбітшілік пен тұрақтылық және қауіпсіздік бойынша Жаһандық коалиция құру. Жер жүзіндегі барлық мемлекеттер біріккен тұста, өзара сындарлы әріптестік қатынастар орнағанда ғана бір-біріне қарсы әскери блоктарға бөлшектенуге жол берілмейді. Әрине, келешекте бітімгершілік операцияларын тиімді жүргізу үшін, мемлекеттер арасында әскери қақтығыстарды болдырмау үшін БҰҰ бітімгершілік күштерін жаңғырту қажеттілігі туындайды.
Манифест – 2010 жылы сәуір айында Вашингтонда өткен І саммиттегі Елбасының сөйлеген сөзінің заңды жалғасы. Аталған саммиттегі Президент баяндамасында өте өзекті мәселе қозғалды. Содан бері алты жыл өтті. Шындыққа тура қарағанда, дүниенің жақсы жағына, жақсы бағытқа өзгеретін түрі жоқ. Керісінше, өткен жылдар ішінде Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал тым шиеленісіп кетті. Ливияда, Сирияда соғыс оты өршіп, Ирактағы қақтығыстар елдің ыдырауына әкелді. Соңғы кезде ДАИШ тәрізді бүлдіргі күштер пайда болды. Қысқасы, қазіргі кезде әлем апатты жағдайда тұр. Бір жағынан әлемдік-өркениеттік тұрғыдағы проблема пайда болса, екінші жағынан Ирак, Сирия мен Пәкістанның 1,5 миллионға жуық халқы бас сауғалап, Еуропаға қарай ағылды.
Бүгінгі қатер бұрынғыдан да қауіптірек. Әлемде террорлық күштер ядролық қаруды қолға түсіруге жанталасып әлек. Мұндай ұмтылыс Нидерландта, Пәкістанда болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ, соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр».
Адамзат бүгінде арнасынан асып-тасыған өзінің ақылының азабын тартуға айналды. Қарышты қадаммен дамыған ғылым мен техника алты құрлыққа бөлінген алып планетаға қауіп төндіріп тұр.
Манифест соғыссыз әлем құруға ұмтылған ұлы мақсаттан туындаған ордалы ойдың жемісі. Дүбірге толы дүниенің түкпір-түкпіріндегі түтіндеп жатқан терроризм ошақтарының көбейіп, қанды қақтығыстардың белең алғаны еске түскенде, бойыңды еріксіз үрей билейді. Әлемдегі әскери блоктардың бір-бірімен текетіресі тереңдей берсе, оның аяғы қайда апарып соғатынын ешкім болжай алмайтын жағдайға жеттік. Осындай алмағайып уақытта Қазақстан көшбасшысының ғаламдық деңгейіндегі көкейкесті мәселе көтеруі тарих бетінде таңбалануға тиіс аса маңызды оқиға. «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай шешімді қадам жасау қажет. Бізде мұндай басқа мүмкіндік болмайды. Бұлай жасамаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың орасан зор тіршіліксіз үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде басқа ондай планета жоқ және болмайды», ендеше, ядролық қару иемденген империялар жанталаса қарулануды тоқтатып, бейбітшілік жолына бет бұрса, мынау аласапыран заманда аса қажет ақыл-ойдың салтанат құрғаны болар еді.
Болып жатқан оқиғалардың барлығы алыстағы планетада емес. Көрші елдердегі, басқа құрлықтардағы болып жатқан қақтығыстарды жай ғана теледидардан көріп, бақылап отыра беретін уақыт өтті. Заманауи ғылым мен технологияның дамығаны соншалық, әлем бір сәтте жарылып, барлығынан айырылып қалуымыз мүмкін. Себеп, тіптен, әлдебір саяси шешімнің қабылдануына да байланысты болмай, техникалық қателіктен де бола салатын кез келіпті.
Сондықтан бұл мәселелер өте үлкен әлемдік деңгейдегі әңгіменің арқауына айналуы тиіс, бұл тақырып парламентте, бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық бірлестіктерде талқыланғаны жөн. Біріншіден, біз – ядролық қарудан алғашқы болып өз еркімізбен бас тартқан елміз. Екіншіден, біз Орталық Азия өңірінде бейбітшілікке, тыныштыққа ұдайы шақырып келеміз. Үшіншіден, барлық халықаралық қақтығыстар бойынша еліміздің ұсыныстары айтылып, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдардың жұмысына белсенді қатысудамыз. Біз ширек ғасыр бұрынғы Қазақстан емес, жан-жақты көркейген, сөзінің салмағы басым елге айналдық. Біздің айтқанымызға әлем құлақ түреді.
Қазақстан XX ғасырдың екі ғаламат оқиғасына – ядролық қаруды игеру және космостық кеңістікке шығу секілді тарихи оқиғаларына тікелей қатысы бар елдің қатарына қосылуға мәжбүр болды. Кеңес өкіметінің экономикасының милитарландырылуы қоршаған ортаға кері әсерін тигізді, ядролық қаруларды жасап шығару, оның сыналуы және сақталуы Қазақстан территориясына үлкен зиянын тигізді.
Қазақстан өзінің бейбітшіліксүйгіш бағытқа деген адалдығын ұзақ жылдар бойына сөзбен емес, іспен бейнелеп келеді. Оған дәлел осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын, 1991 жылдың тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапты. Біздің республика өз аумағында ядролық қаруды жойған бірінші мемлекет болды. Мұның өзі Қазақстанның ядролық арсеналы өзінің ажалсепкіштік әлеуеті жағынан әлемде төртінші саналған жағдайда жүзеге асты. Семей сынақ полигонынан кейін басқалары да (Невада, Лобнор, Жаңа Жер полигондары) жабылды. Содан бері Қазақстан жаппай ядролық қарусыздану жолын табандылықпен жақтап келеді.
Жер шарының халқы әр минут сайын шамамен 150 адамға көбейіп отырады екен. Бұл дамыған елдердің экономикасына қарағанда өте кенже қалған дамушы елдер халқы санының жедел өсімімен сипатталады. Артта қалған өңірлер мен дамушы елдердің кенжелеп қалуын болдырмау баршаға, оның ішінде, аса дамыған елдерге де өте қажет. Ол көп жағдайда адамзаттың тағдырын, оңтайлы өмір іздеу мен энергияға, су мен азық-түлікке қолжетімділік мақсатында халықтың жаһандық миграциясын айқындайды. Осындай жағдайларда адамзат өз дамуының сапалы жаңа фазасына өтеді.
Алайда, экономикалық санкциялар мен сауда-саттық соғысы әдеттегі құбылыстарға айналса, енді дүниені жаһандық Интернет желідегі ақпараттық соғыстар мен арандатушылықтар дүрліктіріп тұр. Осындай жағдайларда адамзат баласы милитаризмге тартылмай, парасатқа жүгінуі тиіс, өйткені, мұның өркениетті жоюдан басқа жолға апармайтыны айтпаса да түсінікті.
Ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығына кіретін Қазақстан басшысының соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру идеясын көтеруі өте құптарлық. Халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеудің маңызы зор. Өйткені, киберқылмыстар үдеп кетсе, апаттың алдын алу оңайға түспесі анық.
Соғыссыз әлем – бүгінде бүкіл адамзат тілегі. Расында, тек бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара сыйластық және ішкі мәселелерге араласпау қағидаттары негізіндегі бейбіт үнқатысу мен сындарлы келіссөздер ғана мемлекеттер арасындағы барлық дауларды реттеуге негіз болып табылады.
Бүгінде жаһан жұртын алаңдатқан әлемдік дағдарыстың зардаптары халықаралық қауымдастықтан экономикалық өсу бойынша жаңа тәсілдер мен жолдар іздестіруді талап етуде. Ал оның бірегей бағыты экономиканы барынша әртараптандыру үдерісі болып табылады. Тіпті, ұзаққа созылған экономикалық құлдыраумен күресу мүмкіндігі де осыған келіп тірелгендей. Міне, осы тұрғыда әлем ғалымдары жаһан экономикасын ілгерілетудің тиімді әдісін ойласуда. Шындығында, дағдарыс инновациялық тәсілдер және тиімді технологияларды енгізу есебінен, барлық елдерге жаңа нарықтарды игеру, еңбек өнімділігін арттыру бойынша қосымша мүмкіндіктер ұсынуда.
Біз қазіргі заманғы коммуникация құралдары өміріміздің барлық салаларын байланыстырып отырған ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Бұл тұрғыда білім, еңбекпен қамту, мәдениет, қаржы, жария саясат, жарнама, сауда бағыттарының барша үдерістері XXI ғасырда интернеттің ықпалымен дамып келеді. Атап айтқанда, постиндустриялық кезеңде цифрлық теңсіздік әлеуметтік және экономикалық теңсіздікке әкеледі. Сондықтан да адамдар арасындағы цифрлық алшақтықты жоюдың мақсаты ол өзінің ауқымы бойынша кедейлікті еңсерумен пара-пар. Бұл проблема жаһандық мәнге ие және өзектіліктің түрлі дәрежесімен әрбір елде бар. Осы ретте халық, әсіресе жастарымыз, желілерге белсендірек мойын бұрып, қазіргі заманғы технологияларды жылдам меңгеруі тиіс.
Қазіргі кезеңде ақпарат алу, алмасу, өңдеу мәселелері өзгеше сипат алып, жаңа нарықтар қалыптасты. Интернет пен жаңа технологиялар ғаламды өзгертті. Және де 4-ші өндірістік төңкеріс ғаламтор арқылы жүзеге асуда. Бұл жерде әңгіме сағаттар, ұялы телефондардың сан түрі немесе жаңа маркалы автокөліктер жайында айтылып отырған жоқ, жаңа технологияларға негізделген өнеркәсіп саласының дамуы айтылып отыр.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Осы ширек ғасыр ішінде еліміз көптеген жағдайларды бастан өткерді. Тұрғындарымыз тұрақтылық пен әлеуметтік жетістік және экономикалық мүмкіндіктерге ниеттілік таныта отырып, жақсы өмір сүруге талпынды. 90-жылдардың екінші жартысында еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынды жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Бұл ретте әлемдік қауымдастық тарапынан біздің мемлекеттік органдарға өз функцияларын тиімдірек орындауға септігін тигізіп, қолдау көрсетілді. Тек қана БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен және мүдделі тұлғалармен бірлесіп 180-ге жуық жобаны іске асырды. Бұл жобалар біздің елімізді өзгертуге көмектескен көптеген қызықты әрі инновациялық идеяларды өмірге енгізуге жәрдемін тигізді. Қазіргі таңда бізде алдағы байланысты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін зерделеп, алыс болашақты болжауға, жүйелі ыңғаймен ілгері жылжуға мүмкіндік бар.
Біз жаһандағы түрлі оқиғаларға қарап отырып, экономикамызды дамытудың көптеген жолдарын қарастыруға тиіспіз. Себебі, шикізат, табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар заманы аяқталып келеді. Адами фактор кезеңі аяқ басуда. Экономиканы, денсаулық сақтау, білім беру мен ғылым саласын қарастыратын күн жетті.
Келесі бір назар аударатын жайт – БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев əлем елдеріне əскери бюджетінің 1 пайызын кедей елдердің əлеуметтік мәселесін шешуге жұмсау керектігін айтты. Шынында, жыл сайынғы əлем бойынша әрқайсысы өз елін қару-жарақпен жарақтандыруды арттыруға жұмсап жатқан 1 трлн 700 млрд доллардың бір бөлігін кедейлікпен күреске, жұмыссыздыққа, аштыққа, тынышсыздыққа және өмірлеріне қауіп нәтижесінде халықтың біразының мынау өркениетке ұмтылған, ақпараттанған заманда үдере көшіп, босқынға айналғанын сырттан бақылап, шарасыздықпен қол қусырып қарап отыра бермей, солардың өмір сапасын арттыруға жұмсауға болмас па?!
Бұлай етудің басты жолы әр ел өздерінің мүмкіндігіне орай өз тұрғындарын аштыққа ұшыратпай, жетерлік азық-түлікпен және отбасына күнделікті қажеттілікпен қамтуға басымдық беруі тиіс. Оның жолы әр отбасына жан басын асырауға мүмкіндік туғызу, адамдарды еңбек етуге баулу.
Президентіміздің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлем елдерінің бүкіл күш-жігерін экономиканы, ғылымды, денсаулық сақтауды, т.с.с. дамытуға бағыттайтын баспалдақ болып бағалануда.
Жаһандық бұлғаққа құр қарап отыра беруге болмайды. Адамзат тарихындағы 5 мың жыл ішінде жыл сайын орта есеппен үш рет өтіп тұрған соғыстардың қасіреті, адам және мүлік шығыны, азып-тозу, жоғалған қалалар мен азғындыққа ұшыраған жер қайғысы қашанғы жалғаса бермек?!
Әлемде болып жатқан оқиғалардың барлығы менің отбасыма да қатысты деп түсінуге тиіспіз. Өйткені, әлем өте тез өзгеруде. Бұрын алыс-жақын елдерде не болып жатқаны бізге қатыссыз деп ойласақ, қазіргі кезде әлем мен тех-нологияның дамығаны соншалық, апат кез келген елге кез келген күні келе салуы ықтимал.
Артта қалған өңірлер мен дамушы елдердің кенжелеп қалуын болдырмау баршаға, оның ішінде, аса дамыған елдерге де өте қажет. «Менің елімнің жағдайы жақсы» деп тоқмейілсуге болмайды, алыс-жақын елдердегі аштық, жұмыссыздық пен соғыс қаупі адамдарды жаппай босқындыққа ұшыратты. Халықтың жаһандық миграциясын көп жағдайда адамзаттың өз тағдырын бейбіт тұрмысқа, оңтайлы өмірге, азық-түлік пен таза суға қолжетімділік мақсаты айқындап отыр. Осындай жағдайларда адамзат өз дамуының сапалы жаңа фазасына өтуі үшін әр елдегі экономикалық өсім дамып, жұмыссыздық ауыздықталуы, кедейліктің жолы кесілуі тиіс екені әмбеге аян.
Алайда, бүгінде экономикалық санкциялар мен сауда-саттық соғысы әдеттегі құбылыстарға айналып, дүниені жаһандық Интернет желідегі ақпараттық соғыстар мен арандатушылықтар дүрліктіріп тұр. Сондықтан адамзат баласы милитаризмге тартылмай, парасатқа жүгінуге тиіс, себебі, бұл дүрлігістің өркениетті жоюдан басқа жолға апармасы анық.
Бар мәселе саяси көзқарастардың әрқилылығына ғана тіреліп тұрған жоқ. Өмір көрсетіп отырғандай, мұндай қасіретті салдарлар жекелеген мемлекет басшылары мен ықпалды адамдардың жекебастық амбициясынан туындап отырғанынан, қару-жарақ шығарушылардың ауыр зардаптарға ұрындыратын іс-қимылдарының тоқтаусыз жалғасып келе жатқанынан да болып отыр.
ХХІ ғасыр жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде тарихқа енуі тиіс. Ол үшін әлем лидерлері салиқалы ой иелерінің сөздеріне құлақ түріп, Елбасы ұсынған «инклюзивті жаһандану» жолына түсуі қажет. Бұл – «Сіздер мен біздер бірігіп» жаһандану үдерісін бейбіт бағытқа бұруға, алдымен өркениетіміздегі ең қымбат нәрсеге – адамның өміріне, оның қарыны мен көңілінің тоқтығына, бейбіт тұрмысының қамтамасыз етілуі мен сол арқылы өнімді еңбек етіп өздерін асырауға мүмкіндік туғызуымыз керек деген сөз. Салиқалы да кемеңгер сөз!
Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор