Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында білім беру қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесі өтті. Оның жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева қатысып, сөз сөйледі.
Алқалы жиын еліміздегі ең үздік 25 оқушының ортаға шығуымен басталды. Алғырлығымен айналасынан ат оздырған өнегелі өрендер атынан мінбеге көтерілген Дархан Сағындықов болар баланың мінезін байқатты. Періште пейілден айтылған уыз лебіздері көпшілік көңілін көншітіп тастады. «Біз тәуелсіздік рухында тәрбиеленген ұрпақтың өкіліміз. Әртүрлі пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарымыз. Озат оқуымыз арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекетіміздің мерейін көтеруге өз үлесімізді қосамыз. Осы орайда жетелі жеткіншектер өсіруге өмірлерін арнаған ұлағатты ұстаздарымызға алғысымыз шексіз!».
Сала жұмысын саралаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев егемендік алғаннан бергі 25 жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарды нақты деректермен айшықтады.
Ендігі басты міндет – қазақстандық білім сапасын дамыған елдердің деңгейіне жеткізу. Бұл ретте өзгелерден үйренетін үрдістерді мейлінше меңгере отырып, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауға барынша мән берілмек. Бірінші кезекте, мемлекеттік тілді одан әрі дамытуға және жаңа әдістемелерді енгізуге айрықша назар аударылады. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының 70 пайызы қазақ сыныптарында оқиды. Биыл жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың 80 пайызы қазақша білім алатын мамандық иелерінің еншісіне тиді.
Мектепке дейінгі мекемелердің инфрақұрылымын жетілдіруге қомақты қаржы салынуы да жарнамалауға лайық жақсылықтың белгісі. «Балапан» бағдарламасының арқасында жекеменшік сектордың да белсенділігі арта түсті.
Соның нәтижесінде 2200 балабақша мен орталықтар бой көтерді. Игілікті іс жалғасын табарына сеніміміз мол. Қазір қалтасынан қаржысын шығарып, мемлекеттік тапсырысты орындауға талпынған кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың қосымша мүмкіндіктері қарастырылуда.
Орта білім беру саласындағы негізгі жетістіктердің бірі ретінде 2016 жылы мұғалімдер жалақысының көтерілгенін алға тартқанымыз абзал. Өйткені, бұл өте маңызды мәселе. Енді педагогтарымыздың еңбекақысымен бірге, олардың шәкірттеріне беретін білім сапасы да артып жатса, әрине, нұр үстіне нұр.
Министр, сондай-ақ, білім берудің өзекті проблемаларына тоқталып, күрмеуі қиын күрделі түйіндерді шешудің тиімді жолдарын тілге тиек етті. Мәселен, орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу, 12 жылдық оқыту үлгісінің артықшылықтарын жұртшылыққа түсіндіру, орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, ҰБТ-дағы өзгерістер секілді тағы да басқа күн тәртібіндегі күйіп тұрған жайттарға жан-жақты тоқталып, алдағы атқарылар міндеттерді межеледі. Жаңа оқу жылында өркенді өзгерістердің одан әрі өріс алатындығына сенім білдірді.
Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты физика пәнінің мұғалімі Әйгерім Кенжалиева республикамыздағы ретімен жүзеге асырылу үстіндегі реформаларға қолдау білдірді. Себебі, мұның бәрі оқу-тәрбие ісін ілгерілетуге септігін тигізеді. Жас маман заман талабына сай болу үшін өзінің арнайы курстарға қатысып, ағылшын тілінде сабақ беретіндей деңгейге жеткенін мақтанышпен әңгімеледі. Оның ойынша, адам талпынса алмайтын асуы жоқ.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі туралы орнықты ой толғады. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған тарихи құжат қазіргі таңда ұлттық идеяға айналғаны анық.
Татулық пен тұрақтылық салтанат құрған Қазақстанда әралуан ұлт өкілдерінің бейбіт күннің астында бесік тербетіп, берекелі тірлік кешуі қалыпты көрініске айналғалы қашан.
Кейінгі толқын өкілдерін отансүйгіштікке баулуда өрендерімізге өткен тарихымызды, тұғыры биік тұлғаларымызды таныту тәрізді тағылымды шараларға көптеп көңіл бөлу керектігін еске салған Парламенттегі төменгі палатаның вице-спикері Алматыдағы бірқатар жоғары оқу орындарындағы сауалдама қорытындылары ойдағыдай болмағанына қынжылыс білдірді. Ең сорақысы сол, бірқатар студенттер кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен қазақстандық қаһармандар – Бауыржан Момышұлының, Талғат Бигелдиновтің, Рақымжан Қошқарбаевтың, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың, Сағадат Нұрмағанбетовтің – кім екендерін білмеген. Бұл енді, ел ертеңі саналатын жастарымызға жараспайтын қылық. Сондықтан балабақшаларда, мектептерде, университеттерде мұндай жетесіздікке жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жүргізілгені жөн.
Жарыссөзге шыққан Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Астана қалалық ата-аналар кеңесінің төрайымы Анар Төлебаева, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков және басқалар ұрпақ тәрбиесіне қатысты көптің көкейіндегі әңгімені қозғады.
Келелі кеңесті қорытындылаған Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева салмақты ой сабақтап, білім беру ісіндегі өзекті проблемаларға байланысты пікірлерімен бөлісті.
– Мен бүгін біздің қоғамды толғандыратын біраз мәселеге тоқталғым келеді, – деді ол. Біріншіден, мұғалім мамандығының абыройын көтеруіміз керек. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жалғастыра беру қажет. Бұл үшін білім мекемелерінің ұйымдастыру-құқықтық мәртебесін айқындап алуға тиіспіз. Қаржыландыру жүйесін жетілдіру мақсатында барлық мектептерді төлқұжаттау жоспарлануда.
Екіншіден, мемлекет пен бизнестің әрекеттестігіне кең өріс ашқан дұрыс. Өйткені, қазір экономика қиын кезеңді бастан кешуде. Біздің қоғам балабақшалар мен мектептер салу қайырымдылық қадамы екенін түсінді. Бизнес өкілдері өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін жете сезінетіні қатты қуантады. Осы орайда, инвесторлардың қызығушылығын тудыру өте маңызды. Мемлекеттің міндеті – халық қажетіне қаржыларын жарататындарға ыңғайлы жағдай жасау.
Үшіншіден, оқулықтар мен оқу жоспарының сапасын жақсартқан дұрыс. Себебі, баламыздың оңды оқулықпен қамтамасыз етілгенін әрқайсымыз қалаймыз. Биылдан бастап бірінші сыныптың оқушылары бірыңғай базалық оқулықпен оқитын болады. Оларды дайындау барысында бұған дейін айтылған кемшіліктер ескерілді. Бұл жұмыстар жоғары деңгейде орындалуға тиіс.
Біз ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Интерактивті тақталар, мультимедиялық құрал-жабдықтар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді.
Төртіншіден, Ұлттық бірыңғай тестілеу тәртібі де өзгереді. Биыл ҰБТ жаңа форматта ұйымдастырылады.
Бесіншіден, үштұғырлы тілді енгізуге көңіл бөлінеді. Бұған байланысты біраз дау-дамай туындауына бәріміз кінәліміз. Оны мойындауға тиіспіз. Үш тілде білім беру кезең-кезеңмен жүзеге асады. Бұған байланысты түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізе беру керек. Дүрбелең жасауға еш негіз жоқ. Қазақ тіліне ешқандай қауіп төнбейді. Керісінше, орыстілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Қазақ әдебиеті мен тарихы бұл мектептерде қазақ тілінде оқытылмақ.
Алтыншыдан, Қазақстандағы әрбір жетім бала отбасында өсуі үшін жағдай жасауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да өз жемісін беруде. Елімізде алғаш рет балалар үйінің жабылу үдерісі байқала бастады.
Жетіншіден, техникалық және кәсіби білім көкжиегі кеңеймек. Бүгінгі таңда мектеп бітірген көптеген ұл-қыздарымыз белгілі бір біліктілікке ие бола алмай жүр. Оларға мемлекет есебінен тегін кәсіптік-техникалық білім алу мүмкіндігі тудырылады. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.
Жалпы алғанда, ойға алған жоспарлар жетерлік. Оның барлығын орындауға болатынына менің сенімім мол.
Осылайша ой толғаған Дариға Нұрсұлтанқызы, Тамыз кеңесіне қатысушы барлық ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»