16 Ақпан, 2011

Болашақ өз қолымызда

862 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа дәстүрлі Жолдауы елді тағы бір серпілтіп тастады. Тарих сахнасында жеке Қазақстан деген атпен мемлекет атанғанымыздың 20 жылдығы қарсаңында жолданған бұл Жолдау еліміздің 20 жылда жүріп өткен жолын бағамдап, бағдарлай отырып, биылғы стратегиялық мақсатымызды айқындап берді. Еліміз өз тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде әлем саясаткерлері “Қазақстан жолы” деп бағалаған өзіндік даму моделін таңдап, экономикасы өсіп-өркендеген, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді берік орнықтырған, бүкіл әлем мойындаған алдыңғы қатарлы мемлекетке айналды. Мемлекеттік құрылымның керуен көшін алғашқы күннен түзу жолға салған ел Президенті Н.Назарбаевтың көрегендігі, сарабдал саясаты елдік тұғы­ры­мыз­ды шайқамай, пәле-жалаға ұшы­рат­пай өркендеудің озық үлгісі негізінде бүгінгі жемісті күндерге жеткізді. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай ғана қысқа мерзімде әлемнің ал­пауыт елдері Қазақстанды мықты мемлекет ретінде мойындады. Дү­ние жүзі қазақты таныды. Өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на табысты төрағалық еткен еліміздің жыл со­ңында Астана Саммитін өткізуі Қа­зақ­станның әлемдік қоғамдастық алдын­дағы беделін бұрынғыдан да биіктете түсті. Ал биыл Қазақстан Ислам Кон­фе­рен­циясы Ұйымына төрағалық етіп, Батыс пен Шығыс өркениетінің арасын жалғай­тын болады. Елбасы осы жиырма жылда Қазақстан экономикасының қарыштап дамыған­ды­ғын айта отырып, әлемді алқымдаған дағ­дарыстың Қазақстан экономикасын айна­лып өткендігін баяндап, 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл ғана асқан болса, 2011 жыл­дың бірінші қаңтарында бұл көрсеткіш 12 есеге дейін артып, 9 мың долларға жеткенін, бұл дең­гейге 2015 жылы жету жос­парланғандығын айтып көрсетті. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінде әлем мемле­кет­терінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға көтеріліп, 50-ші орынды иеленді. Орташа айлық жалақы бес жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі төрт есеге көбейді. Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы Жол­дауында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту мәселесіне ерекше маңыз берді. Ол үш басымдық бағытында өрбитін болды. Біріншісі – білім беруді дамыту, екіншісі – денсаулық сақтау саласын жақсарту, үшіншісі – тілдерді дамыту. Бұл ретте білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру көлемі ұлғай­тылып, тілдерді дамытудың тетіктері айқындалатын болады. 2020 жылы мектеп түлектерінің барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде, 20 пайызы ағылшын тілінде сөйлеуі ескерілген. Елбасының әр жылғы жолдаулары мен сұхбаттарында «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», «15 жылда тілді аю да үйренеді», «Қазақстан­ның болашағы қазақ тілінде», деп қадап айтқан сөздері оның қазақ тілінің қолдау­шы­сы да, қамқоршысы да екенін көрсетеді. Елбасының тіл туралы нықтап айтқан тапсырмалары әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер тарапынан толық іске асырылмай отырғанын да айта кетуіміз керек. Алдағы кезде, Елбасы бекіткен мемлекеттік тіл бағдарламасын мүлтіксіз орындау әрбір қазақстандықтың бірінші кезектегі міндеті екендігін түсінетін уақыт жетті. Осы жерде Білім және ғылым министрлігіне айтатын ұсыныс бар. Ол орыс тілінде мектеп бітіруші оқушылардың қазақ тілінен тапсырған тест сынағы бірыңғай тест қорытындысында есепке алынатын болса, қазақ тіліне деген қажеттілік туындап, мемлекеттік тілді оқушылар тереңдетіп оқып, тез біліп шығар еді. Бұл – министрлік құзырында шешілетін мәселе. Бүгінде Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәти­жесінде білім берудің барлық деңгейіне тиісті қаржылар бөлінуде, 12 жылдық оқытуды енгізу үшін жағдайлар жасалып, техникалық және кәсіптік білім қайтадан қалпына келтірілуде. Бакалавр-магистр – Ph.D докто­ры үш деңгейлі мамандарды даярлау енгізілуде. Білім берудің барлық дең­гейле­рі­нің материалдық-тех­ника­лық базасы нығайтылуда. Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қам­тыл­ған балалардың үлесі 2005 жылы 74 пайыз, ал 2020 жылы 100 пайыз құ­рай­тын болады. 2020 жылға қарай еліміз оқытудың 12 жылдық моделіне көшетін болады. Ол үшін 2015 жылға дейін республикалық бюджеттен 200 мектеп салынса, осынша мектеп жергілікті бюджет есебінен са­лы­нады. Сөйтіп, сапалы білім беру арқылы Қазақстанның индустриялан­дырылуының және инновациялық дамуы­ның негізіне айналу тапсырмасы қойылып отыр. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді бағдарламалар әрі қарай жүзеге асырылады. Соңғы жыл­дары еліміздің экономикалық әлеуетінің өсуі денсаулық сақтау саласын қаржылан­ды­руды: ІЖӨ-ден бөлінетін қаржыны 2002 жылы 1,9%-дан 2010 жылы 3,2%-ға дейін ұлғайтуға біршама ықпал етті. Тұ­тас­тай алғанда мемлекеттік бюджет шы­ғыс­тары 2004 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 4 есе, ал 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда 20%-ға ұлғайды. Салаға салынған ауқым­ды инвестициялар соңғы жылдары маңызды техникалық жаңғырту, медицина мекемелерін салуды қамтамасыз ету және инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақ­тау­дың бастапқы буынын нығайтуға ықпал етті. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңіне 500-ден астам ден­сау­лық сақтау объектісі салын­ды, 4000-нан астам медицина ұйымдарына күрделі жөн­деу жүргізілді, 75 млрд. теңгеден астам со­ма­ға ме­ди­циналық жабдық­тар сатып алынды. Қабыл­дан­ған шаралар халыққа ме­дициналық көмектің қолже­ті­мділігі мен жақсаруына сөз­сіз ықпалын тигізді. Бұл өз кезегінде халықтың демо­гра­фиялық және денсаулы­ғын жақсарту көрсеткіш­те­рінде көрініс тапты. Бала туу 25 пайызға көбейді, адам өлімі 11 пайызға төмендеп, халқымыздың табиғи өсімі 1,7 есеге артты. Елбасы өз Жолдауында жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы оның мамандық алуы­на жұмсалуы қажеттігіне ерекше мән берді. Басты мәселе – жатыпішерлік пен масыл­дық­тан арылту. Сондықтан да халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Сондай жобалардың бірі – екі жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан «Жол картасы» бағдарламасы. Дағдарыс кезінде халықты жұмыспен қам­туда және жұмыссыздық деңгейін тежеуде маңызды рөл атқарған бұл бағдарламаны қаржыландыруға 2009 жылы 191,5 миллиард теңге және 2010 жылы 150,6 миллиард тең­ге жұмсалды. Екі жылда барлығы 9 мың­ға жуық жоба, оның ішінде 2009 жылы – 5300, 2010 жылы – 3600 жоба іске асырыл­ды. Бұл жобалар бойынша 391,5 мың жұ­мыс орны, оның ішінде 2009 жылы – 258,6 мың, ал 2010 жылы 132,0 мың жұ­мыс орны құ­рыл­ды. «Жол кар­та­сы» бағдарламасын жүргізу арқылы тұр­ғын үй-комму­нал­дық шаруашы­лы­ғы мен инфра­құры­лымдағы проб­лемалар біртіндеп шешіле бастады. Мемлекет бас­шы­сы­ның биылғы Жол­дау­ында елімізде етті мал шаруашылығын дамытып, 2016 жылы ет экспортын 60 000 тоннаға көтеру міндеті қойылды. Бұл міндетті ойдағыдай орындаудың негізгі алғы­шарт­тарының бірі мал өнімдерінің өзіндік құнының 40-45 пайызын құрайтын мал азығының берік жем-шөп қорын жасақтау болып табылады. Ол үшін жемдік астық дақылдарының көлемін ұлғайтып, елімізде мемлекеттік жемдік астық қорын жасақтап, мал азығының сапасы мен құнарлылығын арттыру үшін құрамажем өндірісін дамыту керек. Құрамажем өндірісін дамыту үшін құ­рамында жоғары сапалы белок, амин қыш­қылдары бар, суармалы жерлерде өсе­тін (жоңышқа, жүгері, соя, рапс, т.б.) дақылдардың да көлемін көбейту керек. Алайда, республикадағы суармалы жер­лердің жағдайы сын көтермейді. Жер ре­сурс­тарын басқару агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991 жылмен салыстырғанда 2010 жылы суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға азайған. 575 мың гектар суар­малы жер ауыл шаруашылығы айналымы­нан шығып қалған. Ал, пайдаланылып жат­қан суармалы жерлердің су және кәріздік жүйелері уақтылы тазаланбай ұйық басып, жердің сорлануына, тұздануына және өнімділігінің төмендеуіне әкелуде. Ауыспалы егіс жүйесінде жем-шөп дақылдарының көлемі ғылыми негізделген 32%-дың орнына 11,8% ғана құрайды. Сондықтан, суармалы жерлерде егілетін жем-шөп дақылдарының көлемін 2-2,5 есеге көтеріп, 200 мың гектардан 500 мың гектарға дейін ұлғайту керек. Бұл тек пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы іске асыры­лады. Ол үшін суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға тиісті көлемде субсидиялар мен несиелер берілуі керек. Жем-шөп дақылдарының көле­мін ұлғайту тұқым шаруашылығын дамы­туды, оның көлемін 2-3 есеге көбейтуді керек етеді. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар мен фермерлерді ауыл ша­руашылығы егістік жерлермен қам­та­масыз ету үшін республикалық Жер ресурстары агенттігі мен оның аумақтық құрылымдары және жергілікті атқарушы органдар егістік жер­лердің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды күшей­тіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алумен шұғылдануы керек. Сон­дықтан, елімізде мал өнімдерінің молшы­лығын жасап, етті экспорттау көлемін арттыру үшін келесі мәселелерді шешуіміз керек деп есептеймін: Біріншіден, жемдік астық дақыл­дарын өндіруге басымдық беріп, Үкімет тара­пынан қолдау көрсету. Мемлекеттік жемдік астық қорын жасақтау. Екіншіден, жо­ғары бе­локты, қажетті амин қыш­қыл­дары бар сапалы жемшөп дақылдарын өсіру үшін суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған шара­ларды жүзеге асыруға қажетті субсидия беру. Үшін­шіден, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға ендіріп, жем-шөп дақылдарының көлемін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілеріне жеңілдетілген, ұзақ мерзімді несие беру. Төртіншіден, мал азығы­ның көлемі мен оның сапасын арттыру мақса­тында жем-шөп дақылдарының тұ­қым шаруа­шы­лығы мен құрамажем өнді­рісін дамытуға бағытталған ынталандыру ша­раларын қарастыру. Бесіншіден, еліміздегі табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, мал басын және оның өнімділігін арттыру үшін мал жайылымдарын сулан­дыру мақсатында арнайы бағдарлама жасап, ұңғымалар мен құдық, тағы басқа су­ландыру жүйелерін қолға алу. Алтын­шыдан, Жер ресурстары агенттігі мен оның аумақтық құрылымдары, жергілікті атқарушы органдар пайдаланбай жатқан және құнарлылығы төмендеген жерлерді қайтарып алу тетігін жетілдіріп, ет шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтары мен фермерлерді жем-шөп дақылдарын егу үшін егістік жермен қамтамасыз ету. Елбасы өз Жолдауында 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын үлкен табыстармен қарсы алу үшін арнайы комиссия құрылғанын, жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтіп, инвесторлар мен бизнес-қауымдастық­тар­дың және қазақстандықтардың күшін біріктіре отырып, осы шараларды өз дәре­же­сінде жүзеге асыруға шақырды. Біздің жас мемлекетіміздің – Қазақстан Респуб­ликасының және оның халқының жүріп өткен жолында, қол жеткізген толайым табыстарының басында Елбасымыз Н.Назарбаев тұрғаны бәрімізге аян. Осы тарихи қысқа мерзімде тәуелсіз Қазақстан Президент Н.Назарбаевтың басшылығы­мен небір қиын-қыстау кезеңдерден сү­рін­бей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да жаңарды. Н.Назарбаев Қазақ елін, қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Сондықтан да, Қазақстан халқы би­ылғы Жолдауда алға қойылған асқаралы міндеттерді Елбасымыз Н.Назарбаевтың басқаруымен бірге жүзеге асыруға ұм­тылуы тиіс. Біз әрқашан Елбасымен біргеміз. Елбасы айтқандай, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз». Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.