Спорт бірлігімізді бекемдей түседі
Астанадағы Назарбаев Университетте «Спорт – бейбітшілік пен келісім жолында» ұранымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Олимпиадалық жаз – Ел рухы» фестивалі ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өзге де тиісті ведомстволардың ұйытқы болуымен алғаш рет өткізіліп жатқан мерекелік шараның басты мақсаты – олимпиадалық қозғалыс белсенділігі мен жеңіс рухын дәріптеу, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Сондай-ақ, ел ішінде командалық рух пен достық құндылықтарды қалыптастыру, жастарды спортпен айналысуға тарту. Әрі ең маңыздысы, осы күндері әлем назарын өзіне аударған Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға қатысушы Қазақстан құрамасының спортшыларына қолдау көрсету. Салтанатты шара аясында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған осындай фестиваль арқылы кемел келешегіміздің кепілі – бүгінгі жастарымызды саламатты өмір салтын ұстануға мейлінше баули отырып, олардың бойында отансүйгіштік қасиет қалыптастыру екендігін атап көрсетті. «Төрткүл дүниенің көңіл қойып, көз тігіп отырған Рио Олимпиадасында біздің бауырымыз, замандасымыз Данияр Елеусінов қоржынымызға тағы бір алтын салды. Бұл – зор қуаныш, ерекше абырой. Ол Әнұранымызды әлемге тыңдатты. Сондықтан да оны және өзге де спортшыларымызды бүгінгі жастарымызға үлгі тұтып, кейінгі толқын өкілдеріне өнеге етіп көрсетуіміз керек. Назарбаев Университеттің салынып, жастарымыздың әлемдік деңгейдегі осындай оқу орнында білім алуына жағдай жасалуы – Елбасымыздың оларға деген ерекше ықылас, пейілі мен зор үмітінің көрсеткіші. Ал енді «Олимпиадалық жаз – Ел рухы» шарасы аясында жастар арасындағы ырыс-ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайтын фестивальдар бұдан кейін де жалғасын табатын болады. Әркез белсенді болып, спортты серік етейік»,– деді Ералы Лұқпанұлы. Екі күнге созылатын фестивальда спорттың 7 түрі бойынша: қазақ күресі, тоғызқұмалақ, таэквондо, волейбол, үстел теннисі, мини-футбол және армрестлингтен (қоссайыс) жарыстар ұйымдастырылды. Оған қатысушылар ретінде еліміздің барлық өңірлерінен бір-бірден командалар келген. Олар өз облысынан Риоға аттанған спортшыларын үлгі ете отырып, спорттық сайысқа түсті. Командалық топ ретінде жасақталған жарыс жеңімпаздары кездесу соңында арнайы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, бұл шара дәстүрлі және ұлттық спорт түрлерін насихаттау арқылы дүйім жұрт ішіндегі достықты тереңдету мен өзара сенімді нығайтуға негізделген. Сондай-ақ, фестивальдың түпкі бір тамыры – жастарды мейлінше белсенді өмір сүріп, спортқа жақын болуға баулуда жатыр. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жастарды үмітін үзбей, қоғамға еркін бейімдеуге барынша үндейді. Осындай ойдың үдесінен шығу үшін фестивальға Ардақ Отарбаев та арнайы шақырылған. Арбадағы спорттық би түрінен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған ол: «Спорт – ұлт бірлігін нығайтатын тегеурінді күш», дейді. Ол мұнымен шектелмей, тағдыр тәлкегіне ұшырап, мүмкіндігі шектеулі жандар санатына қосылған жастарға күш-жігер беретін әрі оларды табандылыққа үйрететін де осы спорт екендігін айтады. Ел жастарының рухын көтеріп, ұйымшылдық пен бауырмалдыққа шақыратын бұл шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ҚХА өкілдері, мемлекеттік органдардың және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Ал Назарбаев Университеттің спорт кешенінде өткен спорт түрлерінен сайыс жеңімпаздарын марапаттау сәтінде көрермендер назарына этномәдени бірлестіктердің ұлттық ойындары мен «Strееt-worкоut» спортшыларының көрнекі қойылымдары ұсынылды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»Қазақтың алтын салмағы
Алпыс тоғыз қазақтың, Еншілеп алған салмағы. Төртінші Олимп ерлерім, Тұғырға мығым қонғалы. Бақтияр, Бақыт, Серіктің Данияр жолын жалғады. Дәстүрін елдік ерліктің, Жаралы батыр қорғады. Данияр, ұлым, жарадың, Жігітсің нағыз, қарағым. Еліңнің туын көтеріп, Жаңарттың ізін ағаңның. Қазақтың алтын салмағы, Ерлерім сені қорғады. Он алты жыл біздерге Тең келер ешкім болмады. Жігітсің нағыз, Данияр, Бойында намыс, ары бар. Мараттай әке өсірген, Қазақтың ұлы, бағы бар. Төгілген терің ақталды, Сенімен халқың мақтанды. Қазақтың алтын салмағы, Дәстүр боп шыңға аттанды. Толқыдың, елім, шаттанып, Ұлыңмен ерен мақтанып. Ерліктің алтын дәстүрі Қалады мәңгі сақталып. Мыңжасар ДӘРМЕНОВ Арыс қаласыҚуаныш құшағындағы Қайыңды
Сәрсенбінің сәтті күні ымырт үйіріле Теректі ауданынан іссапардан оралып келе жатыр едік. Облыс орталығына жақындаған кезде автокөлік рүліндегі Арман есімді жүргізуші: «Бүгін түнде Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындағы алаңда жерлесіміз Данияр Елеусіновтің финалдық айқасы тікелей эфирден көрсетіледі», деп қалды. Құлағымыз елең етті. Иә, аталған алаңға үлкен табло – экран қойылған. Елдің абыройын асқақтату үшін белгілі боксшы ақ тер, көк тер болып, сайысқа түсіп жатқанда ұйқы болушы ма еді?! Біз де келдік, түн ортасына таман алаңға. Мұнда Даниярға тілектес жастар мен студенттер көптеп жиналыпты. Даниярдың туып-өскен ауылы Қайыңды не күйде екен қазір? Көз шырымын алар-алмастан таң сәріде сол ауылдың әкімі Болат Төлеуішовке қоңырау шалдық. Ауыл тұрғындары өз перзенттерінің Рио Олимпиадасының финалдық сайыстағы ұрысы біткенше көз ілмепті. Жерлесінің жеңісіне елден ерек қуанғандардың бірі Даниярдың әкесі Марат Тәліпұлының төл шәкірті – Қайыңды ауылындағы бокс секциясының жаттықтырушысы Марат Мұхамбетов болды. «Біз Даниярдың бір ауыл ғана емес, бүкіл еліміздің мәртебесін биікке көтеріп, алтын медаль алғанын мақтан тұтамыз», деді ол бізбен телефон арқылы тіл қатысқан сәтінде. Ол сонымен бірге Олимпиада чемпионын елорда әуежайынан қарсы алу үшін Астанаға шұғыл жол жүргелі тұрғанын да жеткізді. Даниярдың туған ауылы Қайыңды Ресейдің Саратов облысына сұғына орналасқан. Бұрын Березин деп аталған. Кеңестік кезеңде егін егіп, мал бағып, еңбекқорлық үлгісін танытқан әрі мәдениетін барынша өркендеткен ауылдан Олимпиада чемпионы шығуы – үлкен мақтаныш. Осы қуанышқа ақтарыла қуанған Қайыңды қазір той құшағында тұрғандай әсер қалдырады. Мұндағы жұрт өз жерлестері қатарынан енді Даниярдың жетістігін қайталауға ұмтылатындардың көптеп табылатынын да айтып отыр. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қайыңды ауылыАлматы ауыр атлеттерді қарсы алды
Бұрнағы күні түнде Алматы жанкүйерлері тағы да әуежайға қарай ағылды. Олар түнгі сағат 01. 30-да Амстердамнан келетін әуе лайнерінің жолын тосуға әдеттеніп алды. Бүгін де солай, осы рейспен Қазақстан ауыр атлеттері Александр Зайчиков пен Денис Уланов келуі тиіс. Жанкүйерлердің бүгінгі көңіл-күйі тым ерекше... Бұл – Алматы жанкүйерлері Қазақстанның Олимпиададан алған үшінші алтын медалін теледидардан көріп, боксшыларымыздың командалық көшбасшысы Данияр Елеусіновтің ғажап жеңісіне куә болып, қуаныштан жүрегі жарылып тұрған сәті еді. Александр Зайчиков топ бастап әужайдың VIP-залына бас сұққаны да сол, екпіндеген домбыраның үнімен Сыр бойынан келген жыршы жігіт мадақ-арнаудың тиегін ағытып жіберді. Осы бір көріністен-ақ жүлдегер жігіттің Сыр елінен, атақты Илья Ильиннің ізбасары екенін аңғару қиын емес-тін. Жыр біткенде алып Александр анасының құшағына күмп берді... Олимпиада қола жүлдегерін құшағынан босатқан бақытты ана Маргарита Зайчикова сол бойда журналистерге сұхбат берді. – Менің ұлым үшін ішкен астарын жерге қойып жанкүйер болған қазақстандықтарға аналық жүрегіммен алғысымды айтамын. Александрдың жүлделі үшінші орын алғаны бізге алтын медаль алғандай әсер етті. Еліміздің көк туы жүлдегерлердің жалауларымен қатарласып жоғары көтерілгенде, көз жасымды тыя алмай қалдым. Ұлым жеңіске отандастарымыздың қолдауымен жетті деп ойлаймын. Бәріңізге, бәріңізге рахмет!.. Жүлдегердің анасының шуақты сөзін соңғы алтынның буымен масаттанып тұрған жиналған қауым жылы қабылдап, думандатып ала жөнелді. «Алға, Қазақстан! Алға, Қазақстан!..» Александр Зайчиков – 2015 жылғы әлем чемпионы әрі сол жылғы Ресей Президенті кубогі үшін жарыстың жүлдегері. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысқан. Онда 105 килограмм салмақ дәрежесінде күш сынасқан Александр 360 (155+205) кг көрсеткішпен 12-орында қалған еді. Енді осы салмақта Риода бәсекеге түскен ол қоссайыс қорытындысы бойынша 416 (193+223) кг мөлшермен қола жүлдеге қол жеткізді. Александрдың әріптесі Денис Уланов 85 кг салмақ дәрежесінде 390 (175+215) кг көтеріп, жарысты 4-орынмен аяқтады. Әуежайдағы шаттанған қауымға қарап Денис: – Мен төрешілердің шешіміне дау айта алмаймын. Қатты шаршадым. Аздап тынығып алған соң, дайындықты қайтадан бастаймын. Менің алатын алтыным да, күмісім де алдағы күннің еншісінде, – деді спортшыға тән жігерлі сеніммен. Жеңімпаздарды қарсы алып үйренген алматылық жанкүйер қауым спортшының бұл айтқандарына иланғандай болды. «Жарайсың, Денис! Біз саған сенеміз!» деді дауыстап. Өз кезегінде ауыр атлеттеріміз «Алдымызда – Токио!» деп қол бұлғады. Әуежай думандатқан жанкүйерлер шапалағының астында қалды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ