19 Тамыз, 2016

Өндіріс – өркендеу өзегі

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-590Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Бақытжан Әбдірайым Қаратау қаласындағы «Шо­лақ­тау» кен орнының жұмысымен танысып, еңбеккерлерімен жүздесті. Аймақтағы ғана емес, еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты «Шолақтау» өндіріс алаңында бүгінде 535 адам еңбек етіп жатыр. «Қазфосфат» зауыты жылына 1 млн 744 мың тонна фосфорит шығаратын болса, соның 40 пайызын осы кен орны береді. Биылғы жылдың жеті айында бұл алып кәсіпорын мемлекет қазынасына 1 млрд теңге­ден астам салық төлепті. 2011-2015 жылдар аралығында кәсіпорынға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Осының арқасында көптеген жаңа техникалар алынып, зауыттың құ­рал-жабдықтары жаңарды. Тарихы сонау 1946 жылдан бас­тау алатын «Шолақтау» кен ор­ны­ның жұмысы бір күн де тоқтаған емес. Бұрын фосфорит ашық әдіспен өн­дірілетін болса, қазір 300 метр терең­діктегі шахтадан қазып алынады. Бұл кәсіпорындағы жұмысшылардың бар­лығы дерлік жергілікті тұрғын­дар. Жұмысшылардың орташа жалақысы 93 мың теңгені құрайды. – Қазір еліміздегі өндіріс ошақ­тарына мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар болып жатыр, – деді зауыт жұмысшыларымен жүздес­кен депутат. – Соңғы технология­ларды пайдалана отырып, өндіріс­ті жаңа деңгейге көтеру мін­­деті күн тәртібінен еш түскен емес. Кәсіп­орын жұмысының алға басуы, әрине, басшыларға да байланысты. Дегенмен де, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз зауыттың дамуын жеделдете түседі. Бұл күні Б.Әбдірайым «Нұр Отан» партиясының филиалында жергілікті тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Аудан тұрғындары бір кездері зиянды цехтарда жұмыс істеп, уақыт өте келе мүгедек болып қалған ғаріп жан­дар­дың мұңын, Қаратау қала­сын­­дағы жол, көпқабатты тұрғын үй­лер­ді жөндеу мәселесін айтты. Халық қалаулысы тұрғындардың арыз-ша­ғымын мұқият тыңдап, бұл мәсе­ле­лер­ді шешу үшін тиісті орындарға хат жолдайтынын жеткізді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы, Қаратау қаласы