16 Ақпан, 2011

Тілді меңгеруге парыз ретінде қарау керек

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Шетел ғалымдарының біз­дің тілді игеруге деген ықыласы ерекше. 2010 жылы Мәдениет министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып,  үлкен мемлекеттік бағдарлама дай­ындаған болатынбыз. Ол 2011-2020 жылдар аралығында тілдерді дамытуға бағытталған. Бұл бағдарламаны жасау бары­сында 30-дан астам елдің тәжі­рибесін сүзгіден өткізіп, бірнеше шетелдік ғалымды өзімізге кеңесші ретінде тарттық. Яғни, Америка, Корея, Германия, Қы­тай, Жапония, Франция елдері­нің белді мамандары бағдарла­маны дайындауға өз үлестерін қосты. Ал, ең бастысы, олардың қай-қайсысы болса да алыс шетелде жүріп, қазақ тілін жақсы біліп, игеріп жүрген азаматтар. Сон­дық­тан, тіл мәселесін мемлекет­тің немесе биліктің мойнына ғана жүктеп қою – қате түсінік. Тілді білу үшін алдымен ниет дұрыс болуы керек. Әр адам оны білуге борыш, парыз ретінде қарауы тиіс. Елбасы да биылғы өз Жолдауында тілді, яғни мемлекеттік тілді да­мы­туға мән беру, оның толық­қан­ды түрде өз қызметін атқару мәселесіне басты назар аударды». Елордадағы Президенттік мә­де­ниет орталығында ұйымдасты­рыл­ған Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауын түсіндіру жөніндегі респуб­ли­ка­лық ақпараттық-насихаттық тобы­ның отырысында сөйлеген сөзінде Мәдениет министрлігінің жауап­ты хатшысы Жанна Құрман­ға­лиева осылай деді. Мәдениет министрлігі өкілі сондай-ақ  аталған бағдарламаның, біріншіден, мемлекеттік тілді оқытудың жүйесін жетілдіру, екіншіден, мемлекеттік тілде оқытуды жан-жақты қол­дау­ға жете мән беру, оның беделін көтеру, яғни қазақ тілінде сөйлеу­ші­нің жағымды тұлғасын қалып­тастыру және тіл мәдениетін жетілдіру секілді 4 мақсатты көз­дей­тіндігіне тоқтала келе, өзі қызмет ететін атқарушы органның тіл, мәдениет салаларында атқарып жатқан жұмыстарын саралап, бір таразылап өтті. Жалпы, жыл сайын Президент­тің Жолдауын жұртшылыққа насихаттау мақсатында республикалық деңгейде 16 ақпараттық үгіт-на­си­хат тобының құрылуы дәстүрге айналған. Оны басқаратын министрлік басшылары. Биылғы жылғы ақпараттық-насихаттық тобы да еліміздің атқарушы органдарының бел ортасында жүрген мамандардан шоғырланған екен. Сондықтан Президенттік мәдениет орта­лы­ғын­­да өткен жиынға сондай-ақ, ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіқалықова, Астана қала­сы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалиева, Сырт­­қы істер министрлігінің Ха­лықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбаса­ры Мақтағали Бектемесов қатысты. Жиын  барысында Гүлшара Әбді­қалықова Жолдауда айрықша мән берілген әлеуметтік сала төңірегіндегі жұмыстар жайлы өз ойын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттің тара­пынан әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінгендіктен, айтарлықтай ілгерілеушіліктер байқалып отыр. Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалива атал­ған саланың елдік тұрғыда ма­ңы­зы бар екендігін, мұны мемлекет та­ра­пынан көп көңіл бөліне баста­ған­дығынан да аңғаруға болаты­нын айтып өтті. 2011 жылы салаға бөлінген қаржы 2002 жылмен салыстырғанда пайыздық тұрғыда  8 есеге артқан екен. Қаржының басым бөлігі денсаулық сақтау саласының материалдық-техника­лық базасын нығайтуға жұмса­лып­ты. «Дәрігер-мамандардың біліктілігін көтеру мәселесі әр­дайым назарда тұрады», – деді А. Құр­манғалиева. Өз сөзінде ол сондай-ақ, елдегі демографиялық жағ­дайға, өлім-жітімнің азаю көрсеткішіне, ана мен бала ден­сау­лығына қатысты мысалдар келтіріп өтті. Болашақта атқарылар жұмыс­тардың барысына да тоқталды. Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комите­тінің төрағасы Роман Василенко Президенттің өз Жолдауында сырт­қы саясат мәселесіне ай­рық­ша мән бергендігін тілге тиек етті. «20 жыл бұрын Қазақ­стан өз тәуелсіздігін алған шақ­та қилы пікірлер қылаң берген еді. Олардың дені «Қазақстан өз аяғынан нық тұратын мемлекет бола алмай, біртіндеп құлды­рай­ды» дегенге сайды. Алайда, Қазақстанның қандайлық жетістіктерге жеткендігі барлығы­мыз­ға аян. Десек те, біздің сыртқы саясатта атқаратын мил­лиардтаған міндетіміз бар. Себебі, сыртқы саясат – еліміздің ішкі дамуына жақсы жағдай қалып­тастыруы керек. Бұл ретте сыртқы қауіпсіздік мәселесі де айрықша маңызға ие», деді Р. Василенко. Білім және ғылым сала­сын­дағы бақылау комитеті өкілі Мақ­тағали Бектемесов Прези­денттің: «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», деген сөзін тарқата келе, білім-ғылым мәселесіне жұртшылық назарын аударды. «Жолдауда білім сала­сына қатысты Президент белгілеген міндеттердің негізгі өзегі – ол ең әуелі білімді ұрпақ тәр­биелеу, білім беру жүйесін ха­лықаралық стандарт­қа сәйкес­тен­діру. Сондықтан, осы­ған мән беруіміз қажет», деді. Жиын соңында ақпараттық-насихаттық тобының мүшелері жиналған қауымның қойған сауалдарына жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Соңғы жаңалықтар