19 Тамыз, 2016

Оқытудың озық әдістері ортаға салынды

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_0018 ERA_0035Биылғы Тамыз кеңесінің тақырыбы – «Білімді ел – Мәңгі ел!» Болашаққа ұмтылған ұлттың ұрпағы ұятқа қалмауы үшін, ең алдымен, білімді болғаны абзал. Осындай ұстанымды ұран қылып ұстаған Білім және ғылым министр­лігі келелі кеңесті жыл сайын жал­ғастырып келеді. Биылғы бас­қосудың атап айтар айрықша тұс­тары көп. Жетістіктері жетерлік. Кеңес аясында Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті «Үш тілде оқыту: қазақстандық тәжірибе және шетелдік үлгілер» тақырыбында панельдік сессия өткізді. Ондағы мақсат – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында үш тілде оқытуды қалыптастыру, оның ішінде ағылшын тілін меңгерудің деңгейін жетілдіру, алдыңғы қатарлы педагогикалық теорияны және пәндерді ағылшын тілінде оқытудың практикалық әдістерін игеру, тағысын-тағылар. Мамандық даярлаудың маңызын түсінген кеңеске келушілер «Академия­лық ортадағы инновациялар кадрларды даярлаудың сапасын арттырудың факторы ретінде» деген тақырыпта бәтуәлі басқосу өткізді. Оның негізгі мақсаты кадрларды даярлаудың сапасын арттыру үшін академиялық ортадағы инновациялар саласында талқылау жүргізу және тәжірибемен алмасу болып табылады. Осы сессия барысында педагогикалық кадрларды даяр­лау мәселелері, оның ішінде кәсіптік-педагогикалық даярлықтың ерекшелігі және рөлі, педагогикалық шеберлікті арттырудың жолдары және білім алушылармен жұмыс жасаудың жаңа нысандары мен әдістерін іздеу бойынша мәселелер қарастырылды. Сессия жұмысы барысында білім беру мазмұнын жаңарту аясында педагогикалық кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру, педагогика менеджментін жетілдіру, тіл мен пәннің кіріктіріліп оқыту әдістемесінің ерекшеліктері және басқа да мәселелер баса назарда болды. Сонымен қатар, «Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы арнайы және инклюзивті білім беру үрдісі және келешегі» панельді сессиясы да өз дәрежесінде өтті. Алқалы жиынға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің өзекті проблемаларын талқылап, тәжірибе алмасты. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында, көптеген заңдарда бекітілген. Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 100 арнайы мектеп, 38 арнайы балабақша, 55 психология­лық-медициналық-педагогикалық кон­суль­тация кабинеті, 142 психологиялық-педа­гоги­ка­лық түзеу кабинеті, 13 оңалту орталығы, 734 логопедиялық пункт қызмет етеді. Келелі кеңестің аясында бұдан бөлек бірнеше басқосулар, шеберлік сабақтары өтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар ұжымы бір-бірімен тәжірибе алмасып, тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік сарайы­ның» төріне қойылған көрме де келген қонақтарды қызықтырмай қойма­ды. Кеңеске келген меймандар аталмыш көр­ме арқылы елорданың білім берудегі жаңа­шыл әдістемелерімен, дарынды бала­лардың жетістіктерімен, білім беру меке­мелерінің үздік инновациялық жобаларымен таныса алды. Тәуелсіздік жылдарында еліміз 1356 жаңа мектеп, 450-шақты балабақша салған. Жекеменшік секторы 200-ге жуық балабақша ашқан. Бүгінгі таңда 7 мыңнан астам мектеп, 9 мыңнан астам балабақша, 807 колледж бен 125 ЖОО жұмыс жасап отыр. Оқушылар саны 2,7 млн адамнан асса, оларға білім бере­тін педагогтар саны 350 мыңнан асқан. Қазақ­стандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі интеллектуалдық жарыстарда жеңіп алған жүлделер саны жыл сайын артып келеді. 5700-ден астам бала түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстардан абыроймен оралған. Осының өзі мұғалімдердің маңдайтерімен келетінін естен шығармағанымыз абзал. Дүниедегі мамандық атаулы­ның төресі – ұстаздық. Себебі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін жандар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. «Білімді ел – Мәңгі ел!» деп аталған Тамыз кеңесі де осымен тәмам. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д.Назарбаева сөзін құттықтаумен бастап, құрметтеумен аяқтады. Ол кеңеске келген ұстаздардың ішінен білім беру саласына ерен еңбек сіңіріп, елеулі үлес қосқан мұғалімдерге алғыс хат табыстады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер Ерлан ОМАРОВ, Мансұр ХАМИТ