20 Тамыз, 2016

Оралына олжалы оралады

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КатяБразилия жерінде әйелдер күре­сінен олжа салып жатқан қай­сар қыз Екатерина Ларионова Ба­тыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Приурал ауылының тумасы екен. Кейін бұл отбасы облыс орталығына көшіп келіп­ті. Содан бастап тұлымшағы желбі­реген жеткіншек спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интер­натқа қабылданып, әйелдер күре­сімен дендеп айналыса бастапты. Сол кезде ол он жасқа да тола қоймаған екен. Тұңғыш бапкері Мұсабек Наригеев кішкентай Катя­ның бойында мұқалмас ерік-жігер қалыптаса түскенін айтады. Біз мұның жарқын үлгісін Риода шешуші сәт туғанда көрдік. Бірінші белдесуінде ұтылып қалған ол өзін сүріндірген белорус балуаны финалға шыққаннан кейін қола медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Мұны Катя керемет пайдаланды. Ол бұдан кейінгі екі белдесуін де жеңіспен аяқтап, қола медальға қол созды. Ол, әсіресе, канадалық әлем чемпионы Елена Пирожковаға қарсы күресін өте тамаша етіп өткізіп, таза жеңіске жетті. Біз кеше Орал қаласындағы Алексей және Наталья Ларио­новтар тұратын үйге арнайы бас сұғып, Катяның ата-анасымен де бір-екі ауыз тіл қатысқан едік. – Қазіргі сәттегі көңіл күй­ле­ріңіз жөнінде айтып бермес пе екенсіздер? Қай отбасында да әке – асқар тау, қамқоршы. Ал Катя үшін әкенің орны тіпті бөлек. Өйткені, Алексей Станиславович оның әкесі ғана емес, сондай-ақ осы Ойындарға дайындаған бапкері. Сондықтан, қыздары жөніндегі алғашқы  ата-аналық ықылас сөзді әкенің бастауы қай тұрғыдан да орынды екені анық еді. – Біз қызымыздан үлкен үміт күттік. Оның Олимпиададан жүлдесіз оралмайтынына сенім арттық. Ол осы үміт пен сенімді ақтады. Өзін де, ата-анасын да, өзіне тілекші жанкүйер болған бар­лық отандастарын да жерге қарат­қан жоқ, – деді ол. Келесі кезекте қуаныштан көзі жасаурап отырған анасы Наталья Михайловна тұла бойы тұңғышы жөніндегі ақ тілегін былайша жал­ғастырып әкетті. – Әрине, қызымыздың Олим­пиада кезіндегі жетістігіне басты қолдау көрсеткен жұбайым, отбасы иесі. Әкесі мен қызының ұзақ уақытқа созылған ерен еңбек­тері, төгілген маңдай тер­лері текке кетпегеніне қуана­мын. Бұл жүлде тек біздің отбасымызға ғана емес, сонымен бірге Катяға тілекші болған Орал өңірінің жұртшылығына және барша қазақстандықтарға ортақ деп түсінемін. Өткен айларда Испанияда өткен сайыстар кезінде Катя жарақат алып қалғанда жанымды қоярға жер таппадым. Оны қатты уайымдадым. Дегенмен, кейін бәрі өз орнына келгені қандай жақсы. Катямыз отбасымыздағы өзінің артынан ерген інілеріне үлгі-өнеге көрсетті. Оларға айқын жол бастады. Айнымас бағыт-бағдар берді. Олар қазірдің өзінде өз апаларындай болуға талпынуда. Ең бастысы, Екатерина ел сенімін ақтады. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Бүгін сол күткен күніміз келіп, бақыттан басымыз айналғандай күй кешудеміз. Бұның бәрі ел тілегінің қабыл болғаны деп білеміз. Қысқаша, тіл қатысу сәті аяқ­талып, көшеге шықтық. Қуа­ныш пен шаттық кернеген, әр бұрышына мейірім мен мамыражай тірлік ұя­лаған Ларионовтар үйі артымызда қалып барады. Өмірге Катюшадай жаны жомарт, байыпты да байсалды, риясыз күлімсірей қарайтын, айдай дидарынан жылы нұр төгіліп сала беретін қайсар да көркем қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ерлі-зайыпты Алексей және На­талья Ларионовтарға деген сүйіс­пеншілік сезім қалды көкейде. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ