20 Тамыз, 2016

Құнанбай қажы мешіті

1319 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Құнанбай мешіті3музей мәртебесін алуға лайық Құнанбай қажының Қарқаралыдағы көк күмбезді көркем мешіті – еліміздегі елеулі тарихи-мәдени ескерткіштің бірі. Біріншіден, қазақ үшін ол ұлттық сәулет өнерінің аса бағалы жәдігері, екіншіден, өңірдің көрікті жерлерін көруге келген қонақтардың алдымен атбасын бұрар қара шаңырағы. Ішіне бір мезгілде 300 адам сыйып, намаз оқиды. Мұнда жылына 150-ге жуық шетелдік турист бас сұқса, өңірлерден келген саяхатшылардың саны 1000-нан асып жығылады. Айтпағымыз, «оны қазір қалай пайдаланып жүрміз?» деген мәселе. Тәуелсіздік жылдарында мұндай қасиетті орындар көптеп қалпына келтірілгенімен, олардың жүйеленген толық картасы әлі қолымызда жоқ. Біздің қолымызға мешіттің салыну тарихы туралы мынадай дерек түскен болатын. «Мешіт құрылысын салу жөнінде 1847 жылы 22 қыркүйек күні біздер, төменде қол қоюшылар, мөр басушылар, таңбасын салушылар, 5 қыркүйекте приказға берген тілегіміз бойынша Қарқаралы селениесінде мешіт салып, оған ерікті түрде қаражат жинап береміз. Осы іске қамқоршы ретінде, жо­ғары басшылар алдында, мешіт салу ісі толық шешілгенше иелік басшылықты қырғыздар атынан кеңесші Қаржаубай Итқаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Бұлар приказдан қатталған баулы кітаптарды алып, ерікті түрде халықтан түскен кіріс қа­ра­жатты жазып, оны қашан құрылыс жұмысына толық рұқ­сат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті. Осылардың қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуі, кітапшаға кірістің дұрыс жазылып отыруы, қандай да болсын тәртіпсіздік болмауына осылар бақылау-басшылық жасайды. Қашан жоғары ұлықтардың толық рұқсаты болғанша жауапкершілікті осыларға жүктейміз. Сендіру үшін осы актіні ұсынамыз» делінген. «Болыс управительдер: Нұрбике-Шаншар болысы – Тәттімбет Қазан­ғапов, Жалықпас болысы – Сұлтан Жәңгір, Әлтеке-Сарым болысы – Жанғұтты Ботантаев, Күшік-Тобықты болысы – хорунжий Құнанбай Өскенбаев...» деп, тізімде ұзын-ырғасы 16 болыстың қолы қамтылады. Сонымен қатар, архивтегі мағ­лұ­маттарға сүйенсек, мешіт салу ісінде Құнанбай қажының бас­ты рөл атқарғанын айғақтайтын нақты құжат сақталған. 1848 жылы 29 наурызда Қарқаралыдағы генерал-майор Вишневскийдің атына рұқсат қағаз келіп тү­седі. Онда: «Сіздің мәртебелі аты­­­ңыздан келіп түскен 22 нау­рыздағы №227 тілегіңіз бойын­ша сондағы, Қарқаралыдағы салы­натын мешіт құрылысына Қарқаралыдағы ротаның төменгі шендегі солдаттарын пайдалануға рұқсат етемін. Олар службадан қолдары бос уақытта құрылыс ісіне қатысатын болсын. Оларға келісім бойынша еңбекақысы төленсін. Корпустың командирі генерал инфантерии» делінген. Осындағы «Төменгі шендегі солдаттар қатыстырылсын», «негізгі қызметтен қолдары бос уақытта құрылыс ісіне пайдаланылсын», «олардың жұмыстарына тиісті еңбекақылары төленсін» деген жолдардағы патшалық Ресейдің өктем үні өңменге қадалған оқтай түйілгенмен, тағы бір хатында генерал: «Сұлтан майор Таукинге және Күшік-Тобықты болысы управителі хорунжий Өскенбаевқа хабарлаңдар – тө­менгі шендегі әскери адамдарды мешіт құрылысына пайдаланғанда, оларды қанша мөлшердегі ең­бек­ақы беруге жалдап алады екен? Сол жөнінде келісім-акт жасап, көшірмесін маған әкеліп тапсырыңдар» деп өзінің жер­гілікті жердің шешімінен асып кете алмайтындығын білдіреді. Қарқаралы округінің сол кездегі аға сұлтаны Құнанбай Өскенбаев 1850 жылғы 7 қаңтарда шекара басшысына мынадай сипатта хат жолдайды: «Бұрынғы аға сұлтан Таукиннің және осы округтің, барша қауымның сұрауы бойынша князь Петр Дмитриевич Қарқаралы селосында ағаш мешіт құрылысын салуға рұқсат етуге мейірім жаса­ған еді. Жоғары мәртебелінің және Сіздің бұйрығыңыз бойынша аға сұлтандық қызмет маған жүктеліп отыр. Сондықтан да ме­шіт құрылысы менің қызметіме байланысты екенін түсінемін. Бұның өзі дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік, имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді. Сол себептен, мен бұл істен бас тартып, орындамаймын деп айта алмаймын. Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін». Құнанбай қажының: «Сонымен қоса, мынандай пікірлер айтуға батылым барып отыр: мешіт құры­лысын жүргізуге рұқсат етілген жер – өте қолайсыз деп есептеймін. Себе­бі, біріншіден, бөлінген жер қазыналық правинт­тық магазиндерге тіптен жақын. Екіншіден, құрылыс жүргізуге тар, мешіт жанынан қосымша қызметтер үшін құрылыс жүргізуге келмейді. Ондай қосымша құрылыстар ме­шітке керек. Атап айтқанда, иман тұратын үй, балалардың мектебін салып, сауат ашу құрылысы және көптеген қазақтар келешекте ме­шіт жанынан меншікті үй салып тұрғысы келеді. Әр түрлі дәрежедегі мұсылман дініндегі Қар­қаралыда тұратын саудамен шұ­ғылдануға паспорт алған татарлар, бұхарлықтар, ташкенттіктер және басқа да шетелдіктер маған тілек айтып сұранып, сіздің ұлы мәртебеңіз алдында талап-тілек айтып, сіздерге мешіт жанынан меншікті үй салуға рұқсат әперіңіз деп отыр. Бірақ оларды бұл араға қоныстандыра қоюға болмас, сау­дагерлерге байланысты жағдай өзгере қалғандай болса, олар үй­лерін басқаларға сатып кетер. Малмен шұғылданушыларға Қар­қаралы маңындағы жерден жер беру керек болар. Үй салу­шыларға ағаш кесіп дайын­дауға рұқсат етілсе... » деуі хал­қы­ның болашағын ойлаған бо­лыс­тың сөзі еді. Бұған дәлел – 1851 жылы 26 ақпанда көп ұзамай Омбы генерал-губернаторы кең­сесі Қарқаралыдағы мешіт жанынан имам-молдаға, оқу орны құрылысына, аға сұлтанға, Сағыз Доғаловқа құрылыс жүргізуге рұқсат қағаз береді. Сол жылы 31 наурызда аға сұлтан Құнанбай қажының кеңесшісі Добшинский шекара бастығына мешіт құры­лысы 1 мамырда бітеді деген рапорт жазып жібереді. 11 тамызда жолданған екінші рапортында мешіттің құрылысы толығымен аяқталып бітті делінген. Күтімсіздіктен құрып кетуге шақ қалған мешіт 1991 жылы Қазақ тарихи-мәдени ескерткіш­терді қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мен Көркем-сурет ғылыми-реставрациялау өндірістік бірлес­тігі мамандары қатысуымен қайта қалпына келтірілген. Ал, 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 32 миллион теңге бөлініп, жөндеуден өткен мешіттің әсем күмбезі бүгінде Қарқаралының алтын тәжі секілді алыстан ай­шықталады. Тәуелсіздік жылда­рында еліміздегі мешіттердің саны 2,5 мыңға жуықтады деп жүрегіміз жарыла қуанатынымыз рас. Бірақ енді ол мешіттер мен Құ­нанбай қажы мешітінің арасы жер мен көктей емес пе? Құнанба­й қажы мешітінің олардан айыр­машылығы – қазіргі қалыбы тарихи орынға, музей ретінде қамқорлыққа алынуға лайықты. Сондықтан мұны келешекте музей-мешітке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді-ау деген ойға берілесіз. Мұны айтып отыр­ғандағы себебіміз, тарихи ескерткіш «Мемлекет қорғауына алынған» деген айрықша мәр­тебесі бола тұра мешіттің бас имамы Әміржан Әшімұлының айтуынша, қазір халықтан жиналған пітір, садақамен, т.с.с. азды-көпті қар­жымен күн кешуде. Бұдан бөлек, осы ғимаратқа 1849, 1853 жылдары қазақтың бас ақыны Абайдың табаны тиген деген деректің өзі қадір-қасиетін барынша асқақтата түсуге сеп емес пе? Өркениетті ел­дерде тарихи тұлға өмір сүрген кезеңнен түймедей белгі табылса, таңғажайып оқи­ғаға баланып, алтыннан артық көріп отырады. Тіпті белгілі адамдар тұтынған жай заттың өзіне үлкен құрмет көрсетіліп жатады. Ал енді олар­дың жанында мынадай ірі ескерткіштің тіптен еңсесі биік тұратын реті бар-ау. Жамырап жә­миғаттың бас қосатын киелі орны – мешіттердің арқалайтын жүгі мен атқаратын жұмысы жеңіл емес, әрине, ал бірақ музей сипатындағы сәулет құрылысының тәрбиелік мәні одан да артық болмақ. ...Мешіттің бас имамы мұндағы Тасбұлаққа демалуға келген туристер Құнанбай мешітіне бас сұқпай кетпейді дейді. Ендеше, қажы салғызған мешіт қазақ­қа қастерлі орын ғана емес, өңір­дегі этнотуризмді дамытып, Қазақ­станды таныта беруге де дайын нысан. Сол себепті, бүгінгі күні аруақтарға құран бағышталып, намаз оқылып, мұсылмандық парыздар атқарылатын мешіт үйінің екінші миссиясына, яғни тарихи құндылығына көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді. Қабырғасына тарихи ескерткіш деп таңбаланғанмен, солай бағаланбауы оны өз дәре­жесінде ұстап тұруды қиындатады. Ол үшін мешіт үйіне музей мәртебесі қатар берілсе дейміз. Бұл екі міндетті ол мінсіз атқара алар еді. Әлемге көз тіксек, әу баста діни мақсатта бой көтерген діни үйлердің бүгінде көбі музейлерге, тарихи ескерткіштерге айналып кеткенін білеміз. Соның бірі қайталанбас інжу-маржан саналатын Париждегі Нотр-дам (Құдай-ана соборы) ғимараты. Сол сияқты Түркістандағы Қожа Ах­мет Яссауи кесенесі де жалпы мұсылман қауымына ерекше қадірлі. Қарқаралыдағы Құнанбай мешітін олармен көлемі жағынан салыстыра алмаспыз, алайда, Абай үшін, өткен тарих үшін ол бізге өте қымбат қазына болып қалатыны сөзсіз. Қаржы тапшылығынан қалт-құлт еткен мешіт үйінің ахуа­лы жайындағы бір ғана түйткіл осындай. Біздің­ше, оны шешетін жол тек мәр­тебе­сін өзгертуде ғана жатыр. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретте: Құнанбай қажы мешіті