29 тамызда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы ұйымдастырылғалы отыр. Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталатын Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияда сөйлейтін сөзі жиынға қатысушылар назарын аударатын басты оқиға болмақ.
Форум барысында жалпы отырыс, сондай-ақ, «БҰҰ және қарусыздану үдерістері: келешегі қандай? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі», «Ядролық тежеуден бас тарту – халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сипаты», «Ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлемнің географиясы», «Ядролық қарусыздану саласындағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыптары бойынша төрт панельдік сессия өтеді. Конференцияның қосалқы ұйымдастырушысы Парламентшілердің ядролық қаруды таратпау және жою жолындағы (PNND) халықаралық ұйымы болып табылады. Форумға қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын еске алып, қарусыздану және таратпаудың өзекті мәселелерін қарайды және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салады деп күтілуде.
Конференцияны ұйымдастыру комитетінің басшысы, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы жаһандық маңызы бар дата болып табылады. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып іс жүзінде мойындалған тұлға. Елбасының Семей ядролық полигонын толықтай жабу туралы шешімі – әлемдік қарусыздану тарихында алғашқы және соңғы мысал. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізінде қарусыздану идеясы жатыр. Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы – жер бетінде орнықты әлем құрудың бірінші кезекте маңыздылығы және қауіпсіздік проблемаларына жаңа бірлескен шешімдер ұсыну туралы бүкіл әлемдік қоғамдастыққа ойланудың ең оңтайлы мүмкіндігі», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Астана конференциясына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Парламентаралық одақтың Президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чаудхари, Панафрика Парламентінің Президенті Роджер Нкодо Данг, Болгарияның Вице-президенті Маргарита Попова, Маршалл аралдары Нитиджелінің (Парламент) төрағасы Кенеф Кеди, Еуропа Комиссиясының бұрынғы Президенті және Италия Премьер-министрі болған Романо Проди, Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Эхуд Барак, Австрияның бұрынғы федералдық канцлері Альфред Гузенбауэр, Польшаның бұрынғы Президенті Александр Квасьневски, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда, елуден астам елдің белгілі діни қайраткерлері қатысады.
Астана конференциясында қорытынды құжат қабылданатын болады.
Сәулебек БІРЖАН