20 Тамыз, 2016

Сын орынды. Сыналғандар не дер екен?

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
777Белгілі журналист Жылқыбай Жағыпарұлының «Девяткодан Дүйсеноваға дейін» атты мақаласы мені де қолыма қалам алуға мәжбүрлеп отыр. Өйткені газет бетінде жарияланған мақала өзінің өткірлігімен және республикадағы ме­ди­циналық қызметтің кем­шіліктерін еш бүк­пе­сіз баяндауымен ой салды. Тәуелсіздігіміздің ширек ға­сырлық мерзімі ішінде Ден­сау­лық сақтау министрі болып жеті бірдей адам істеген екен. Ал осы министрлер осы заманға жауап берерлік, халық мүддесіне сай, денсаулық сақтау бағытында ілгері басарлықтай реформалар жүргізе алды ма? Мақалада әр министрдің өзін­ше жасаған жұмыстары те­рең талданып, өткір сынға алын­ды. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру туралы заң қабылданғанымен, ол себептен себепсіз тұралап барып, тоқырап тоқтап қалған. Бүкілхалықтық қор құрылып, оған жүздеген мың адам қалталарынан қаржы құйған. Қор басшысы алаяқ Т.Иманбаев деген қорға түскен қаржыны тік көтеріп алып, шетелге қашып кеткен. Одан тапа-тал түсте көз жазып қалған басшылық сырттай тоғыз жылға соттаған. Бұл кәдімгі «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптының» кері ғой. Қазақтың «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегені осындай иесіздік пен бассыздыққа қарата айтылса керек. Сонда бас ұры ұсталмай кеткенмен, оның осында қалған сыбайластары күні бүгінге неге жауапқа тартылмаған? Мүлдем түсініксіз жайт. Журналист жекеменшік емдеу орындарындағы өз көзімен көр­ген, басынан өткерген келең­сіз­дікті, науқастың қалтасын қағу қитұрқылығын орынды сөз етеді. Меніңше, бұл жүгенсіздікке билік­тегілер тарапынан бір тосқауыл болмай ма деген ой келеді. Медицина саласында білімсіз ғалымдардың өріп жүргендігін мен де кезінде өз көзіммен көрген адаммын. Ұят та болса айтайын, ата­ғы аспандап тұрған Астанадағы бір емдеу мекемесінде 2011 жылы он күн жатып шыққаным бар. Жаңылмасам, ғылым докторы бас­қаратын бөлімшеде жаттым. Сонда әлгі қарындасым: «Оң жақ өк­­пеңізде рак бар, оған ота жасаймыз», деді. Содан ол үкімнің тура өлім екендігін біліп, Ал­матыға сапар шектім. Он­да­ғылар бұл диаг­нозды те­ріске шығарды. Әгәрәки бұлардың әмірін орындасам, мен бүгін Ж.Жағыпарұлының аса көкейкесті мақаласына үн қос­паған болар едім. Ал мұндай шала сауатты ғалымдардың мысалдары біздің елімізде мыңдап саналады. Адам өмірімен бұлай ойнауға болмас болар. Сөз соңында айтарым, «Егемен Қазақстан» сияқты аға басылымның көтеріп отырған мәселесі ең құры­ғанда аталмыш министрлікте оқы­лып, талқыланса, сөйтіп нақ­тылы шара қолданылса, нұр үсті­не нұр болар еді. Өйткені мәсе­ле қазақстандықтардың ден­сау­лығына тікелей қатысты болып тұр ғой. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы