20 Тамыз, 2016

Тақырыптық кластерлер таныстырылды

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERM_8055Кеше Конгресс-холда «Білімді ел – Мәңгі ел» тақырыбымен Астана қаласы білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Оған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Парламенттің және қала­­лық мәслихаттың депутаттары, шығармашылық және ғылым салаларының өкілдері қатысты. Сонымен бірге, тамыз кон­фе­рен­циясына басқарма басшылары, білім беру саласының арда­гер­лері, жалпы білім беру мекемелерінің бірінші басшылары мен мұғалімдер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды. Кеңес барысында өткен оқу жылы­ның қорытындысы шыға­ры­лып, астаналық білім меке­ме­лерінің 2016-2017 оқу жылы­на дайындығы және орта білім беру сапасын арттыру мәселе­лері тал­қыланды. Отырысқа қаты­су­шы­лар балаларды мектеп­ке дейін­гі білім­мен қамтуды арт­тыру­ға, мек­тепке дейінгі білім беру қыз­мет­­те­рін көрсетуге жекеменшік ин­вес­­т­ор­ларды тартуға баса назар аударды. Жиынға қатысушылар мен қонақтар үшін тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Шара Астана қаласының білім беру ұйымдарының иннова­ция­­лық технологиялар мен бағдар­ла­ма­ларды енгізу бойынша жұ­мыс тәжірибесін жинақтап қоры­туға мүмкіндік берді. Көрме материалдары білім тех­­но­­логия­­ларына, мектепке дейін­гі білім­ге, жоғары сынып оқу­шы­ла­рын кәсіптік бағдар­лауға, елор­да­лық дарынды бала­лар­­дың халық­аралық, респуб­ли­калық олимпиадалар мен ғы­лы­ми кон­курстардағы жетіс­тік­теріне, сондай-ақ, білім беру мекеме­лерінің үздік ғылыми жоба­ларын таныстыруға арналған 11 тақырыптық кластермен өрнектелді. Елордалық білім саласы қыз­мет­керлерінің алдында қала әкімі Әсет Исекешев баяндама жасады. Қазіргі кезде Астана қаласы білім беру ұйымдарында 14 мыңға тарта педагог-кадрлар жұмыс істейді. Жоғары педагогикалық білімі бар ұстаздар үлесі 88 пайызды құрайды. Жаңа оқу жылында қаладағы 94 мектепте (оның 83-і мемлекеттік, 11-і мемлекеттік емес) 129 мың оқушы білім ала­ды. Оның ішінде 20 мыңнан астам бүлдіршін биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылында елордадағы Қарталы көшесінде 600 орындық №26 мектеп, Сауран – Ақмешіт – Хусейн бен Талал көшелері аумағында 1200 орындық жаңа мектеп ашыл­мақ. Жыл соңына дейін Көк­тал кентінде 375 орындық кор­рекциялық мектеп-интернат, әрқайсысы 525 орындық №17 және №22 мектептерге жапсарлас са­лын­ған қосымша ғимараттар пайда­лануға беріледі. Қала әкімінің айтуынша, жыл аяғына дейін 30 жекеменшік мек­теп жасына дейінгі балалар меке­мелері пайдалануға беріледі. Бол­жам бойынша, 2019 жылы Астана­да 3 және 6 жас аралы­ғын­дағы бүл­діршіндер саны 65 мың­нан асады. Елордалық бүлдір­шіндерді мектеп жасына дейінгі мекемелермен 100 пайыз қамту үшін қосымша 26 мың орын керек. Бұл келелі міндетті шешу үшін осы кезеңде 200-ден астам жаңа нысандар ашу керек. «2016 жылдың 1 шілдесінен мектеп жасы­на дейінгі жекеменшік меке­ме­лердегі мемлекеттік білім беру тапсырысының құны 1 балаға 15 900 теңгеден 23 000 тең­ге­ге дейін арттырылды. Соны­мен бірге, ата-аналар төлейтін төлем 23 000 теңгеден 20 800 тең­ге­ге дейін арзандатылды. Бұл ата-аналарға түсетін сал­мақ­ты жеңілдетіп, оларға мемле­кет­тік және жекеменшік бала­бақ­шаларды таңдауға мүмкіндік береді», деді Әсет Исекешев. Қала әкімі өз сөзінде мек­теп­тер­де ата-аналардан әртүр­лі себеп­термен қаржы жинау тәр­ті­біне тосқауыл қойыла­тын­дығын атап көрсетті. Әсет Исекешевтің айтуынша, білім саласындағы әлеу­­меттік жеңілдік­тер жалға­сын табады. Алдағы оқу жылын­да 65 мыңнан астам бала тегін тамақ­тандырумен қамтамасыз еті­леді. Қаладағы барлық білім беру меке­мелерінде жұмыс істейтін асха­на­­лар мен буфеттердің өнімдері қа­таң бақылауға алынатын болады. Елордалық мұғалімдердің дәс­түр­лі тамыз кеңесінде  Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев сөз сөйлеп, еліміздің білім беру сала­сы­ның алдында тұрған келе­лі міндет­тер­ді тілге тиек етті. Жиын қоры­тын­дысында ерекше көз­ге түскен ұстаздарға «Қазақстан Рес­пуб­ликасы білім беру ісінің құр­мет­ті қызметкері» және Ыбырай Алтын­сарин атын­дағы төсбелгілері, Құр­мет грамоталары және алғыс хат­тар сал­танатты жағдайда тапсырылды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ