16 Ақпан, 2011

Ақыл алыбы

679 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
«Өмір сүруге және өмірдің рахатын көруге лайықты бір-ақ адам бар. Ол-өзінің алдына ізгі мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындыратын немесе те­реңнен ой толғап, артына сөз қал­ды­ра­тын адам. Ал әркімнің нақты қандай қызметпен шұ­ғылданатынын торабы тоқ­сан түрлі та­биғаттың өзі айтып береді» – деген екен сонау көне заман ой­шы­лы Саллюстий. Бұл адам өміріне, оның маңызына деген та­лаптың ең биік өлшемі. Осы өктем талапқа сай келгендер данышпан Абай көксеген «бүтін адам», Абай армандаған «толық адам». Ака­демик Зиманов туралы сөз қоз­ға­ға­ны­мызда адами қасиеттің жоғарыда ай­тылған ең биік өлшемдерін нысанаға ал­ғанымыз дұрыс сияқты. Өйткені, қазақ ру­ханиятын зерттеуді, оны дамытуды өзі­не мақсат етіп, оларды орындау жо­лында келелі істің өнегелі үлгісін көр­сеткен Сәкеңді де «толық адам» деуімізге толық негіз бар. Салық Зиманұлы – заңгер. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Қазақстанда алғашқы ашылған заң институтының бірінші директоры. Ол жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік университетінің (қа­зір­гі Әл-Фараби университеті) құра­мы­на кіргеннен кейін осы университеттің заң факультетінің тұңғыш деканы бол­ды. Ал сол ғасырдың 60-70-ші жылдары Қа­зақ­стан Ғылым академиясында ал­ғашқы ашылған Философия және құқық ғылыми-зерттеу институтының тұңғыш ди­ректоры, 90-шы жылдары ака­де­мия­ның мемлекет және құқық ғылыми инс­титутының дирек­торы, ғасырдың со­ңын­да академиялық заң университетін құ­рушы әрі ректоры. Сөйтіп, 60 жылдан аса осы бір маңызы зор ғылым саласының үзбей көшбасшысы болып келе жатыр. Енді академик Зимановтың қаламы­нан шыққан еңбектерге тоқталсақ, ең ал­дымен оны ұлттық мемлекет, ұлттық мем­лекеттілік құрылыстың теориясын, тұжы­рым­дамасын, методологиясын, бір сөзбен айтқанда осы саланың ғылыми негізін жа­са­ған ғалым деуіміз керек. Сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап Сәкең бұл саланың бас теоретигі, бас идеологы дәрежесінде келе жатыр. Қа­зақ қоғамының өткен дәуірлердегі ұлттық мемлекеттік бол­мысы, еліміздің саяси және құқық даму тарихы, Қа­зақ­стан мен Орта Азияда азат­тық идея­ла­ры­ның тууы мен даму эволю­циясы, билер институты, оның әлемдік ма­ңызы, кешегі кеңес дәуіріндегі респуб­ликалардағы мемлекеттік құрылыс, оның қайшылық­тары, ұлттық мемлекетті құру­дың басты талаптары мен шешуші тетіктері – осы про­блемалар Салық Зиманұлының ең­бек­терінің негізгі арқауы болды. Ұлттық мемлекетті тұрғызуда тарих қойнауының әр кезеңдерінде болған өз тәжіри­бе­міз­бен қа­тар әлемдегі озық үлгілермен мо­лынан суа­рылған бұл еңбектер мамандар назарын ау­да­рып, Сәкеңді Кеңес Ода­ғын­дағы осы саланың жетекші ғалымы дәрежесіне көтерді. Ұлттық мемлекет құру қай халықтың болса да өзекті және оның жанына жа­қын, нәзік проблема. Бұл салада ғылыми ізденіс жасаған, қалам тартқан азаматқа оның еліне, халқына деген сүйіс­пен­ші­лігіне ерекше талап қойылады. Осы тұр­ғыдан Салық Зиманұлының ұлтжан­ды­лығы, мемлекеттілігі, өзінің терең білімімен ұлттық мемлекетті құру, дамыту, сақ­тау жолындағы күресі, азаматтық ұс­танымы халықтың оған зор құрметін әкелді. Кешегі партиялық идеологиялық құрсау, тоқырау кездерінде Одақ көле­мінде бір топ сол кезде айтқаны жүріп тұрған заңгер-шовинистер ұлттық мемлекет енді керек емес, ол кеңес тұсында өзінің тарихи миссиясын жойды, өз міндеттерін атқарып бітті, енді «кеңес заңы, кеңес мемлекеті» қалыптасты деген идея­ны тарата бастады. Және де оны қоғам санасына, адам санасына енгізудің әр­түрлі шараларын жасады. Салық Зи­манұлы осындай зымиян саясатқа Одақ көлемінде ашық қарсы тұрғандардың бірі, тіпті бірі емес, бірегейі болды. «Ұлт­тық мемлекеттілік – әр халықтың өз қо­ға­мын ұйымдастырып, дамыту жолын­дағы табиғи саты. Ол өз маңызын жо­ғалт­қан жоқ, жоғалтпайды да. Өйткені, халықтың өзін-өзі билеуінің ұйымдық, ұжымдық, әкімшілік негізі. Тиісті жағ­дайлар туғанда халықтың өзін-өзі билеу еркіндігі, тәуелсіздігі ұлттық мемлекет болып қалыптасуға әкеледі», деп көр­сетіп еді Салық Зиманұлы. Ғалым айтқандай тиісті жағдайлар ту­ып, осыдан 20 жыл бұрын біз, Қазақ елі, егемендік алып, тәуелсіздіктің туын кө­тердік. Заман талабына сай ұлттық мем­лекет құру ісіне кірістік. Осы ке­зеңде де Сәкеңнің ғалым, азаматтық биік тұлғасы тағы да шың басынан көрінді. Ұлттық мемлекеттік құрылыс саласында жетекші маман ретінде егемендікті заң­дастырып, іргесін бекіту ісіне белсене араласты. Сол уақыттағы Жоғарғы Ке­ңесте Тәуелсіз мемлекет декларация­сын қабылдау барысында Салық Зиманұлы ертеден кешке дейін мінбеден түспей депутаттар алдында ұсынылған жобаның, оның әрбір бабының бірден бір дұрыс­тығын, әлемдегі осы саладағы үлгілерге толық сәйкестігін бұлтартпай дәлелдеп, тарихи, дұрыс шешім алуға ерекше үлес қосқанын біздер мақтанышпен айтамыз. Салық Зиманұлының ғылыми еңбек­теріне қайта оралсақ, ең алдымен олар ғасырлар қойнауынан сыр тартқан, кешегі Алаш зиялыларының күресі мен асыл арманының рухани жалғасы іспетті. Олар армандаған тәуелсіздікті, халықты өр­кениет жолына түсіреміз деген үміт-мақсатын Сәкең терең түсіне білді. Осы мақсат оны өткен ғасыр басындағы Қа­зақ елін саяси оятуға ең алғашқылардың бірі болып ат салысқан «Айқап» жур­налы, оның баспагері Мұхамеджан Сералин туралы ауқымды ғылыми ізденіске шақырды. Кезінде «Айқап» журналы, оны шығарушы азамат туралы әртүрлі, оның ішінде теріс пікірлер де ай­тыл­ғанын білеміз. Ал барынша толық және дәлелді пікірді ғалым Зиманов айта білді деуімізге толық негіз бар. «Айқап» – Қазақ елінің де­мократиялық, азаттық бағытты ұстаған тұңғыш журналы, ол халықтың ағарту­шылық әлеміне жол ашты. Журнал­дың тарихи маңызы осында», деп көрсетті Сәкең. Кешегі идеологиялық құрсау ке­зеңінде Алаш зиялыларын, жалпы ұлт-азат­тық ісіне араласқан ұлт азамат­та­ры­ның біреуін «кон­серватор», екіншісін «клерикал», үшін­шісін «реакционер», төртін­шісін «панисламист», тағы-тағылар деп байыбына жетпей атүсті әртүрлі топтарға жіктеу ғы­лымда да, саяси-әлеуметтік өмі­рі­мізде де орын алған болатын. Ғасыр ба­сындағы азаттық үшін арпалыс тарихын терең зерттеген Салық Зиманұлы осындай жіктеу шындыққа жараспайды деп тұжы­рымдады және оны ашық айтты. Тек ашық пікір айтумен шектелген жоқ, өзінің және шәкірт­те­рінің тынбай ізденістерінің арқа­сында Бақтыгерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Шә­кәрім Құдайбердіұлы, Бақыт­жан Қа­ра­таев, Сейітқали Меңдешев, Ғұ­мар Қа­ра­шев, Ишанғали Меңдіханов, Сақыпкерей Ар­ғыншиев сияқты қазақтың біртуар аза­мат­тарын оларға нақақтан жа­былған жаладан арашалап, бұл арыста­рымыздың мақ­тау­ға, мақтануға тұратын ұлт перзенттері екенін дәлелдеді. Сөйтіп есімін елге, ең­бек­терін рухани қорымызға қосты. Осыған байланысты атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың Салық Зи­манұлы туралы айтқан мына бір айшықты ойлары еске түседі. «Біз білетін ХХ ғасыр «жанталас ғасыры», «аласапыран ғасыры», «арман ғасыры», «тәуелсіздік ғасыры» деп бөлсек – дейді Мәкең, – онда өмір сүрген «оян ғасыр ұрпағы», «алысқандар, ар­па­лыс­қандар, атылғандар ұрпағы», «же­ңімпаздар ұр­пағы», «тәуелсіздік ұрпағы» болып шығар еді. Егер «Оян ғасыр» ұрпағы ұлтты оя­та­мын деп армандап заманмен жарысса, алыс­қандар, арпалысқандар, атылғандар ұр­пағы Алашорда мемлекеттігін тігеміз, ең болмағанда қуыршақ Кеңес авто­но­мия­сына нәр құйып, өмір сүреміз деп алысыпты. Салық аға сияқты ұрпақ еншісіне алдыңғы толқын ағалардың арман- мұратын орындау тиіпті, сөйтіп, Жаратқан ием жар болып, жеңімпаздар перзентін аялап сүйіпті. Ендеше біз бүгін тарихи сабақтастық­ты еске алсақ Сәкең, біздер, Қаныш, Мұх­тар, Марғұлан және тағы басқа алып­тар­дың иығына асылып барып, соларды білек, тілек, жүрек етіп, ұлт-азаттық қозғалысы­ның көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Мұхаметжан, Халел, т.б. Алаш зиялыларының ісін жалғағандаймыз... Шы­­нын айтсам, Салық Зиманұлы көп жағ­дайда жаңа заманның Әлихан Бөкей­хан-­овын елестетеді». Бұл сөз кейіпкеріміздің қа­зіргі қоғамдағы орнын дәл тауып ай­тылған пікір. Өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары. Бұл кезеңдегі нәубетті бәріміз жақсы білеміз. Білетініміз, зорлығы мен қорлығы мол, әділдігі жоқ империялық саясаттың бе­тін ашып, сөз айтатын ғалым, қай­рат­керлерді табу қиын болды ол кезеңдерде. Міне, сол уақытта, дәлірек айтсақ өткен ға­сырдың 50-60-шы жылдары, Салық Зи­ман­ұлының «Общественный строй казахов первой половины ХІХ века», «Политический строй Казахстана в конце ХVІІІ и первой половине ХІХ века» атты көлемді ең­бектері жарыққа шықты. Оларда еліміздің та­рихындағы ең бір күрделі кезең – ға­сырлар бойы қалыптасқан хандық басқару жүйесі жойылып, Қазақ елінің Ресей им­пе­риясына ену қарсаңындағы, Ресейдің құ­рамына кіргендегі саяси құрылысы, қоғам­дық қатынастар, патша үкіметінің Қазақ­станды отарлауы мен оның әдістері, осы­лар­дың қазақ қоғамының әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына тигізген әсері жан-жақ­ты зерттелді. Жоғарыдағы еңбектердің қазіргі күнге дейін маңызын жоғалтпаған төрт қырын айтуымыз керек. Біріншіден, қазақ қоғамы, оның саяси құрылысы, мемлекеттілігі сонау көне заманнан бастап терең шолынды; екіншіден – ХVIII ғасыр­дың аяғы мен ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ еліндегі шаруашылық жүйесі, ел тұр­мысы, дәстүрлі түрде қалыптасқан жә­не жаңадан ене бастаған меншік қатынас­тары, қазақ қоғамының әртүрлі жіктері – сұлтандар мен билер, феодалдар, шаруа­лар­дың әлеуметтік орны, көзқарасы жан-жақты зерттелді, үшіншіден – Қазақ­стан­дағы ұлттық мемлекеттік құрылыс, оның даму ерекшеліктері, оларды туғызған ішкі және сыртқы жағдайлар терең де, алғашқы рет ғылыми негізде баяндалды, төртінші­ден – осы еңбектерін Салық Зиманұлы пат­шалық Ресейдің отаршылдық саясатын, оның Қазақ еліне әкелген зиянын әш­ке­ре­леуге бағыттады. Оған мысал ретінде: «Русское правительство в целях колонизации было заинтересовано в установлении в казахской степи гражданского мира, оседлости и развитии земледелия» деп сол кезде айтылған бір пікірге Салық Зиман­ұлы­ның қайтарған жауабын келтірелік. Жоғарыдағы сөзге Сәкең: «Автор явно увлекается колониальной политикой царизма и вследствие этого делает поспеш­ные выводы. Во-первых, основной целью политико-экономических мер, к которым прибегало правительство (царское – К.С.) в Казахстане, было превращение его в окраинную колонию империи со всеми вытекающими отсюда последствиями; во-вторых, нельзя утверждать, что ограниченная политика, в некоторой степени способствующая развитию оседлости и земледелия среди кочевников, должна была «привести к полному подчинению племенно-феодального общества» казахов к русскому государству; в-третьих, попытка представить царское правительство как силу, заинтересованную в установлении «гражданского мира», оседлости и развития земледелия в Казахстане, по меньшей мере является наивной», деп тойтарыс беріп еді. Отарлаушылық сая­сатын ашық түрде әшкерелеп айтылған осы сөздерінде Салық Зиманұлының аза­маттық позициясы, биік азаматтық тұл­ғасы айқын көрініп-ақ тұр. Академик Зимановтың өзінің әріптесі А.Атишевпен қосылып қаламынан шық­қан тағы бір көлемді еңбек – «Политические взгляды Чокана Валиханова». Шоқан­ның өз ортамыздан шыққан ерекше да­рынды ғалым, этнограф, қоғам қайраткері екенін білеміз. Сонау ХІХ ғасырда оның білім, дүниетану, қоғам туралы прогресшіл көзқарасының деңгейіне жете алған бірде-бір қазақ болған жоқ. Шоқанның еңбек­те­рін жарыққа шы­ғаруға көп еңбек сіңірген академик Н.Веселовский «орыс ориенталистері оны бір­ауыздан заңғайыр құбылыс (феноменальное явление) – деп мақұлдады» десе, Шо­қанның досы Григорий Потанин: «Егер қазақтар оқып, түсіне алып, оның дарынын бағалай алатын дәрежеге жетсе, ол өз халқының даныш­па­ны болар еді» – деген еді. Міне, осындай тұлғаға құлай берілген академик Салық Зиманов Шоқанның көз­қарасындағы ойларды негізге ала оты­рып патшалық Ре­сейдің өзінің шет аймақтарға жүргіз­ген отаршылдық саясатын жан-жақты талдап, оның Қазақ еліне деген зиянын ба­рынша толық көрсете білді. «Чокан Валиханов выступал против нововведений царского правительства в Казахстане, которые противоречили «народному быту и нраву», против перенесения готовых форм правления других народов на казахстанскую почву без изучения местных потребностей и спецефических условий» – деп тұжы­рым­дады Салық Зиманұлы. Шоқанның билік, басқару жүйесі, мемлекеттік құрылыс, олардың даму бағыт­тары туралы көзқарастарын талдау ба­ры­сында ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы, оның саяси құрылысы, күрделі қайшылықтары баян­далды. Бұлар да ғылымда айтылған тың пікірлер болды. Академик Зиманов көр­сете білген Шоқан Уәлихановтың мына бір пікірі осы заманда да өзінің маңызын жойған жоқ: «В наше время самым важ­ны­ми и близкими для народа считаются реформы эконо­ми­чес­кие и социальные, прямо касающиеся насущных нужд народа, а реформы политические допускаются как средство для проведения нужных экономических реформ». Сонау ХІХ ғасырда айтылған осы ұтқыр пікір біздің заманымызда Президент Назарбаев жүргізіп отырған «алдымен экономика» сая­сатымен тікелей үндесіп жатқан жоқ па! Салық Зиманұлының жоғарыда аталған еңбектері, сонымен қатар оның қаламынан шыққан «Россия и Букеевская Орда», «От освободительных идей к советской государственности в Бухаре и Хиве в конце ХІХ – начале ХХ века», оның жетекшілігімен шыққан үш томдық «История го­су­дарства и права Казахстана» әмбебап ға­лым­ның тағы бір қырын ашады. Ол тек қана заң­гер емес, бірін-бірі табиғи түрде толық­тыратын екі ғылым саласының – заң ғылымы мен тарих ғы­лымының аса көрнекті өкілі. Сәкең заң са­ласында ғана емес, та­рихшы ретінде де тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар алыс–жақын елдерге де танымал ірі ғалым. «Қазақ­стан­ның заңгерлері мен тарих­шы­ларының бұл күндері жұрт­шылыққа ке­ңінен танымал бірнеше ұрпағы өздерін мақ­таныш сезіммен академик Салық Зиман­ұлы­ның шә­кірт­теріміз деп санайды. Солардың қата­рына мен өзімді де жатқызамын, өйткені 50-ші жылдардың екінші жартысында үл­кен тебіреніспен отандық Ғылым ака­демиясының табалдыры­ғын аттап, зерттеу жұмыстарымен шұғылдана бастаған ұрпақ Салық ағаға және оның ғылымдағы за­мандастарына қарап ойымызды да, бо­йымыз­ды да түзедік» – деп еді бүгін орта­мызда жоқ көрнекті тарихшы, академик Кеңес Нұрпейісов. Сәкең 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының философия және құқық сек­торын басқарып, 1958 жылы одан жеке-дара институт құрып, 11 жыл соның тұң­ғыш директоры қызметін атқарды. Бұл екі мамандықтың бастары тым әріден қосы­латынын біздер жақсы білеміз. Дегенмен, инс­титут құрамындағы тек құқық маман­дары ғана емес, философтардың еңбегі де жемісті болғанын осы саланың жетекші маман­дары академиктер Жабайхан Әбділ­диннің, Ағын Қасымжановтың, Әбдімәлік Нысанбаевтың аузынан әр кезде жиі естідік. Институтта Ж.Әбділдин басқарған диалектика зерттеу тобын құруды философ ғалымдар Салық Зиманұлының өзіне тән ғылыми интуициясының, жаңашылды­ғы­ның, шығармашылық кредосының айқын айғағы дейді. Осы топ Қазақстан фи­лософтарының атағын тек Одақ көлемінде емес, әлем деңгейіне шығарды. «Салық Зиманұлы тоқтап-тоқырауға төзбейтін, ескілікті, пасықтықты, тұрпайылықты, ша­бандықты, қорқақтықты, сатқындықты ма­ңайына жолатпайтын, әрқашан өмір тала­бының үдесінен шығуға, тіпті озық жүруге талпынатын, қандай мәселені болмасын жылдам, әрі ұтымды шешуге ұм­тылатын. Дәл қырық жыл Сәкеңді танып-біліп, ол кісімен қатар жүргеніме қуа­ныштымын» – деп еді көрнекті философ Мұрат Сабитов. «Философия, заң саласында қалыптас­қан көне грек, римдік дәстүр, ал Ресейде атақты Плевако, Кони есімдері әсер етпеді деу қиын. Кейде ой келеді, Сәкең осылар­дың бәрінен хабардар, еңбектерімен таныс, шамасы кезінде ұқсап бағуға да ұмтылыс жасаған-ау деп. Осы үш қайнар әсері ешкімге ұқсамайтын қазақтың топыра­ғын­дағы Зимановтың шешендік шеберлігін қалыптастырды». Бұл пікірді айтқан эко­но­мист, белгілі ғалым, академик Аманжол Қошанов. ХХ ғасырдағы қазақ өркениетінің ерекше бір сипаты оның білім, ғылым са­лаларымен байланыстылығы. Бұрынғы тарихында болмаған өркениеттің осы бір өте маңызды екі арнасы Қазақ еліне осы ғасырда келді. Барған сайын тереңдеп, ке­ңейіп, кемел шағына жеткенше қар­қынды да­му үстінде болды. Қазақ елінде бола­шақтың қара шаңырағы – ғылым ша­ңы­рағы бой көтерді. Ғалымы мен ғылыми дәре­жесімен Ресей, Украинадан кейін кешегі совет империясында үшінші жоғарғы орынға табан тіреді. Талай-талай іргелі жа­ңалықтар ашып, жер қойнауының байлы­ғын халық игілігіне ұсынып, Қазақстан экономикасын жаңа технологиялармен суарды. Кешегі өткен замандағы да, бүгінгі егемендік тұсымызда да ел экономика­сының негізі болып отырған Теміртаудағы қара металлургия, Жезқазған, Балқаш, Өс­кемендегі түсті металлургия, Павлодар­дағы, Қарағандыдағы, Шымкенттегі, Орал­дағы, Қостанайдағы ірі өндіріс орындары Қазақстан ғалымдары жасаған технологиямен жұмыс істеуде. Ұзын саны 20 шақты өте дамыған, дамып келе жатқан әлем елдері де біздегі технологияларды өз елдеріне қолдануға ынталы болды. Сол мемлекеттерге қазір барсаң да Қазақстаннан са­тып алынған технологиялардың лицен­зия­ларын көресің. 1994-1995 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары Қазақстанға келіп, ғылыми мекемелердің жұмысымен жан-жақты танысып, шығарған мына бір қорытындысын келтіргеніміз де дұрыс болар: «Ценность казахстанских институтов высоких технологий настолько высока, что они могут способствовать успешному развитию страны и вывести ее в ряд развитых государств. Более того, казахстанские науч­­­ные центры не только обладают отличительной компетенцией в специфических технологиях, они также владеют мастерством исследования. Причем сравнительно менее дороже, чем подобное мастерство можно приобрести в развитых странах». Ар­насы кең дамыған ғылым біздің дүние­танымымызды, ой-санамызды түбе­гей­лі өзгертті. Мұның негізін қалап, жа­саған алыптар тобы еді. Иә, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында мұны Ғабит Мү­сірепов айтқан. Мұхтар Әуезов бас­таған алдын­дағы ағаларын алыптар тобы деп еді. Ал үстіміздегі ғасыр ба­сында академик Манаш Қозыбаев Ахмет Бай­тұрсыновты, Ахмет Жұбановты, Мұ­қан Төлебаевты, Ілияс Омаровты, Кү­ләш Бай­сейітованы, Серке Қожам­құловты, Шә­кен Аймановты мә­дениет саласындағы алып­тар тобы деп, олардың рухани өмі­ріміздің іргесін қалау­дағы зор еңбегіне осылай баға берді. Ғылым планетасын да Қазақстанда алыптар шоғыры жасады деп айта аламыз. Ол планетаның ең жарық жұлдызы Қаныш Сәтбаев болса, ол бастаған алыптар шо­ғы­рының есімдері өсімдіктер маманы Кәрім Мыңбаевпен, тарихшы-этнограф Әлкей Марғұланмен, энергетик Шафық Шокинмен, химик Әбікен Бектұровпен, математиктер Орынбек Жәутіковпен, Өмірзақ Сұл­танғазинмен, физиолог Нәйла Базан-овамен, геологтар Айт­мұхамед Абдуллинмен, Шаһмардан Есеновпен, тау-кен инженері Әбіл­қас Сағынов­пен, металлург Евней Бө­ке­тов­пен, түр­ко­лог Ісмет Кеңес­баев­пен, эко­но­мист Сақ­таған Бәйі­шевпен, тарих­шы Ма­наш Қо­зыбаев­пен жал­­ғаса­ды. Жалпы ғылымдағы алып­тар шоғыры деп Академияның бар­лық толық мүшелерін айтуымыздың да негізі бар. Өйткені олардың әрқайсысы Қа­зақстанда бұрын болмаған ғылым сала­ла­рының негізін қалаушылар. Олар өз са­ла­ларында ең кемі 30-40 жылдан тынбай ғы­лыми ізденіс жасап, олардың ашқан жа­ңалықтарына, жасампаздық қабілетіне көзі жеткенде ғана ғалымдар әлемі оларды академик дәреже­сіне көтеріп отырды. Олар мансап қуған­дар емес, керісінше академик болам деген министрлерді, басқа да ман­сап­қорларды әрқашан өз ортасына жолатпай отырды. Академик Зиманов жас­та­йынан ерекше да­рынының арқасында осы алыптар шоғы­рының беделді өкілі бола білді. Жар­ты ға­сырға жуық Ғылым ака­демиясының толық мүшесі ретінде оның мәртебесі өсіп, еңбек тиімділігі биіктеп, дәрежесі тек Одақ көлемінде ғана емес, әлемде танылуына үлесін қосты. Академик деп ел құрмет­теген атақ аты аталған алыптар тобының, оның ішінде Салық Зи­манұлының есімдерімен, олардың ғылым әле­міндегі жауһар туындыларына байла­ныс­ты ел санасына еніп еді. Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаев: «Салық Зиманов заң ғы­лым­дарының Қа­зақ­станда негізін қалау­шы», деп оған ерекше құрметпен қара­ғанын Сәкеңнің әріп­тестері жиі айтады. Кеше егемендігіміздің алғашқы жылда­рын­да үкімет ғылым ордасын таратып, оның орнына көптеген жасанды академиялар құ­рылып, ғалымдар, әсіресе жастар, ғылым шаңырағын тастап, басқа жақтарға кетуге мәжбүр болып, аталмыш сала орасан қиын­дықтарға тірелгенде, академия­лық ғылымды тарату орнына қолдау керек, ол ел ру­ха­ниятының алтын қазынасы деп бірінші болып дауыс көтерген де академик Зиманов болды. Ал енді академик Зимановтың ғылыми еңбектеріне тағы бір қайтып оралайық. Сә­кеңнің ғылыми жетекшілігімен соңғы 5-6 жылдың ішінде 10 томдық Қазақтың ата заңдары туралы еңбек жарыққа шықты. Ғалымның өз сөзімен айтқанда бұл жинаққа «ғасырлар бойы шаң басқан та­рихты тірілтіп, оны шындық сатысына көтеруімізді өзімізге міндет етіп алдық... Бұл көп томдық «көшпелі өркениет» дә­уіріндегі қазақтың құқықтық жүйесінің адамзат тарихындағы қайталанбас бет-бейнесі бар сүбелі мұра екенін паш етеді». Осы еңбек қазақтың ата заңдары адам­ның табиғи құқықтары мен еркіндігі негізінде жасалғанын, олардың тұла бойы адами құн­дылықтарға тұнып тұрған өнеге екендігін көрсетеді. Кешегі отаршылдық және советтік тарихнамада қазақты «мешеу қалған, жа­байы» халық, «патриар­хал­дық-феодалдық» ел болды деген көзқарас­тар­дың теріс, шын­дыққа жанаспайтын­ды­ғын дәлелдейді. Қазақ­тың өткен ғасырлар­да да ауқымды ел бол­ғанын, оның мемлекеттік құрылымының тұғыры берік бол­ғанын дәлелдейді. «Ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік «Дала заңының билігі болды – дейді Салық Зи­ман­ұлы – ал оның қорының сақтаушысы және жүзеге асырушы күші – билер бол­ды». «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деген ереже-мәтел біз­ге көне заманнан келе жатыр. Билер және билер сотының тарихын және оның қо­ғамдағы рөлін академик Зиманов ұзақ жылдар тынбай зерттеу үстінде. Сонау өт­кен ғасырдың 60-жылдары КазГУ-де жа­са­ған Абай туралы баяндама­сында оның ақын­дығымен қатар іргелі би болғанын ай­тып, осы тың тақырыпты ал­ғашқы көтер­ген Салық Зиманұлы болатын. «Абайды күні бүгінге дейін ұлы ақын деп қарап келдік. Бұл орынды да, – дейді Сәкең. – Орын­ды болса да жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның халықтық сана, болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға. Оның би атануы, биліктері – тұтас тұлғаның күрделі болмысының бір қыры». Міне, осы тұстан, Абай тұсынан басталған билер соты туралы ізденістер тоқ­санның төріне шыққан Сәкеңнің бүгінгі күндерінде де жалғасып отыр. Бұдан екі ғасыр бұрын орыс ориенталисі В.Григорьев қазақ еліндегі билер соты өзінің тамаша әділдігімен олардан өрке­ниетке бұрын жеткен халықтарды да таңғалдырар еді деген екен. Билер соты «жоғары ізгілік пен адамгершілік соты» деген айшықты пікір де сол заманда ай­тылған. Оны өзіміз төл туындымыз екенін айта келіп, Шоқан Уәлиханов «билер соты, 50 жыл бойы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүз­де­ген, бәлкім, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды», депті. Міне, қазақ өркениетінің жауһар жетістігін тынбай ізденістерден кейін ортамызға әкеліп, егемен елімізге, әлем өркениетіне тартқан ғалым­ның еңбегі нағыз ерлік емес пе! Салық Зиманұлының баршамыз үлгі де мақтаныш ететін тағы бір қыры оның қайраткерлігі. Қазір екінің біріне, оның қызметіне, орынтағына байланысты бере салатын қайраткерлік емес, ұлы істерде танылатын қайраткерлік. Кешегі Желтоқ­сан оқиғасынан кейін қазақ халқына «ұлт­шыл» деген айдар тағылып, оған зиялылар қауымын сендіруге, көндіруге келген ең жоғары лауазымды партия басшыларына: «Сіздердің ұлтшылдық айып­тарыңыз дұрыс емес. Сонау кездерде Лениннің айтқан пікірі поляк социал-демократтары, еврейлердің «Бунд» пар­тия­сы туралы болған. Оның қазақтарға қатысы жоқ. Қазақ халқы ұлтшыл емес, ол алдағы уақытта да өз сағын сындыр­май, бойын биік ұстайды», деп айта ал­ған жалғыз ғана Зиманов болатын. Теория жағынан пәрменсіз партия бас­шылары бұған ештеңе дей алмай, шовинистік тізгінін тартуға мәжбүр болып еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде әртүрлі топтар (өзіміздегілер, кейбір сырт­та жүргендер) қазақ ұлтының арқа сүйеп, өмір сүруіне негіз болып отырған тетіктеріне ашық шабуыл жасағанын білеміз. Ондай шабуылдардың нақты ны­сандары ұлттық тіл, ұлттық мемлекеттілік, қазақ халқының өз елінде «байыр­ғы ұлт» аталу құқығы, «тарихи Отан» сияқ­ты мәселелер төңірегінде болды. Олар­дың қай-қайсысы да ұлттың шын мәні мен тағдырын анықтайтын мәселелер. Осындай жымысқы саясатқа қарсы өзі­нің терең ойымен, дәлелді де өткір сөзі­мен қайраткерлігін Сәкең көрсете білді. «Орыстардың құқығын қорғау» деген сылтаумен Қазақстанда «қос азаматтық», ол болмаса «тіркелетін азаматтық» тәрті­бін енгізу керек дегендерге Салық Зи­ман­ұлы «былыққан азаматтық» (қос аза­маттық, тіркелетін азаматтық және бас­қалары) қазақ мемлекетін түптің түбінде айықпас ауыр дерттің зардаптарына душар етері сөзсіз. Ең бастысы – Республика өзгелердің оңай олжа табатын айқара ашылған иесіз аймағына айналады, бай­лығымыз бен меншігіміз ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кетіп, ашық-жарықта талан-таражға түседі» – деп халқын да, үкіметті де сақтыққа шақыр­ған академик Зиманов болды. Мемлекеттік тіл туралы пікірталаста Сәкең: «орыс тілін мемлекеттік мәрте­бесі бар тіл ретінде қолданысқа енгізу мейлінше асығыстық болар еді. Өйт­ке­ні, мұның өзі бүгінгі таңда қазақ ұлты ті­лінің біржолата жойылып кетуіне сөз­сіз душар етеді. Ал тілі жойылған ха­лықтың өзі де жойылады. Қазақ тілі кешегі кеңестік империя тұсындағы сая­сат­­тың салдарынан қолданыс аясынан қу­ы­лып шығарылды да, күнделікті отба­сы-ошақ қасы тұрмыстық шеңберінде, не­месе шағын бір салаларда, оның өзін­де де шектеулі түрде қолданы­латын бол­ды. Қазір қазақ тілі адамдар арасындағы һәм ұлтаралық қатынас құра­лының ауыр жү­гін орыс тілімен қатар деңгейде алып жүре алмайды. Сондықтан да сол бұрын­ғы қай кездегіден де күштірек ығыс­тыруға душар болады. Тарихтың қо­­қыс-қалдықтарынан бір-ақ шығады» – деп екі тілге қатарымен мемлекеттік тіл дәре­же­сін беруге үзілді-кесілді қар­сы шыққан болатын. Мен де жоғарыда айтылғандай Сәкең сияқты ағаларыма қарап бой түзеу жо­лында жүргендердің бірімін. Алдымен таныс, кейіннен сырлас болдық. Қазақ елінің бүгіні мен ертеңі туралы, ғылым­ның шығар таулары туралы талай пікір алыстық, Сәкеңнің тұңғиық та терең, өте дәлелді болжамдарын естідім. Отбасы­мыз араласты. Сәкеңнің зайыбы, аса қа­дірлі Шәрбан апамыз өте бір парасаты мол, мейірімді жан еді. Текті атадан та­раған, атақты Жарылғап батырдың ұр­пағы Шәрбан Батталқызы Қазақстан ғы­лымының жетекші тобында болды, Ұлт­тық Ғылым академиясының толық мү­шесі. ХХ ғасыр тарихында Қазақстан ғы­лымында ерлі-зайыпты екі академик шық­­қан екі-ақ отбасы болды. Бірі – Фа­зыл Мұхамедғалиұлы мен Нәйла Ораз­ғұлқызы Базанованың отбасы, екіншісі Салық Зиманұлы мен Шәрбан Бат­тал­қызы еді. Ғасыр соңында тағы бір отбасы – Серік Смайылұлы Қирабаев пен Әлия Сәрсенқызы Бейсенова – ғылымда қос академик дәрежесіне ие болды. Бұлар ғылымның да, Қазақ елінің де жаңа замандағы қара ша­ңырақтары. Бетке ұстасақ беделі зор, ар­қаға ұстасақ па­на­сы мол Салық Зи­манұлы ағамыз бүгін тоқ­сан­ның тө­рін­де. Ғылым са­парында да, ұлт намыс­ке­рі ретінде де әлі ат үс­тін­де. Табысы да, ша­бы­сы да әлі баяу­ла­ған жоқ. Іске сәт, ал­дағы күн­дері­ңіз шуақты бол­сын дейміз, ар­дақ­ты Сәке! Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.