Әкім есеп берді. Ел не деді?
“Шымкент Қазақстанның үшінші қаласы болады”, дегенді Елбасы Оңтүстікке келгенде мұндағы жұрттың көңіл ауанына қарап айтқан жоқ. Жер қойнауындағы жал-жаясы, қазы-қартасы ақтарылған семіз соғымдай шикізатымен емес, басты байлығына халқының көптігін жатқызатын облыстың бас шаһары бұл мәртебеге әбден лайық. Атажұртқа оралып жатқан ағайын квота бермесең де осы жердің бір пұшпағынан ұстап қалғанға бейіл. Күннің көзі көбірек түсетін аймақтағы адамдардың жан жылуы да әсер ететін шығар. Елге қосылған ағайын бар, берекелі жұрттың өз өскені бар Шымкент шаһарының көлемі соңғы бес-алты жылда үлкейіп кетті. Инженерлік-коммуникациялық жүйе жоқ, сусыз, жарықсыз, жолсыз жерлерден үйіргелік жер алып алған ағайынның үй салған соң осының бәрін жоқтап, ойбайға аттан қосатыны бар. Адамдарға қоныс керек. Үй керек. Біреуге салмақ салмай өзі-ақ іргесін көтеріп жатыр. Бірақ, барлық жүйені дайындалмаған жерге жеткізуге қала бюджеті көтере бермейді. Осындайда артық айғай шығатыны болмаса. Шымкенттің көші салқар, жүрісі нық. Мұны Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда халық алдында есеп берген қала әкімі Арман ЖЕТПІСБАЕВТЫҢ есебінен аңдадық. Жалпы, қала бюджеті 42,2 млрд. теңге құрайды. Осының 19,8 млрд. теңгесін қала өз маңдай терімен тауып отыр. Көптеген қалалардың республикалық бюджетке жалтаңдап қарап отыратынын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Әкімнің бір жұмысы облыс әкімінің берген тапсырмаларын орындаудан және халықтан түскен арыз-шағымдарды қанағаттандырудан тұрады. Бұл мәселе қалай шешілуде? Жиында Арман Шәріпбайұлы осы мәселенің түйінін тарқатты. Облыс әкімі тарапынан 411 тапсырма берілген. Оның 386 тапсырмасы орындалып, 25-і бүгінгі таңда орындалу үстінде. Әр тапсырма бойынша іс-шара жоспары дайындалып, бақылауға алынады. Қала әкімі аппаратына азаматтардан 8851 жазбаша өтініштер түсіпті. Өтініштер саны 2009 жылға қарағанда 1747-ге азайған. Өтініштер негізінен жер, коммуналдық шаруашылық, заң және әлеуметтік салаларға қатысты болған. Келіп түскен арыз-шағымдардың 2613-і қанағаттандырылып, 6238 арыз иесіне түсірілген. Былтырғы жылы есеп беру кездесулері барысында тұрғындардан көптеген ұсыныстар мен сұрақтар келіп түскен. Атап айтқанда, олардың негізі қаладағы көшелердің жағдайы және қоғамдық көлік жұмысын жақсарту, көрсетілетін коммуналдық қызметтің деңгейін жақсарту, елді мекендерді газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету, мектеп, балабақшалар және медициналық мекемелерді салу мәселелеріне қатысты болған екен. Олардың басым бөлігіне кездесулер барысында жауап беріліп, 65 мәселе бақылауға алынса, бүгінгі таңға 41-і шешімін тауып, 24-і ұзақ мерзімді жоспарларға енгізіліпті. Қала экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, барлық салада оңды динамиканы байқауға болады. Экономикалық өсіммен қатар, халық саны да жыл сайын өсіп келеді. Статистикалық мәлімет бойынша, халық саны 627 мыңнан асты. Туғандар саны 1,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,9 пайызға, орташа айлық жалақы 14,8 пайызға көбейді. Қазіргі таңда қаладағы 69 ірі және орта кәсіпорындардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бұл кәсіпорындарда 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 26,3 пайызға өсіп, бір жұмысшыға шаққанда 7,5 млн. теңгені құрады. Өндірісті қолдау мақсатында 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына 9 жоба енгізіліп, өткен жылы 5 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде 800-ден астам жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, «Южполиметалл» және «Қазақмыс» корпорация» АҚ бірлесіп өңдеу металлургиялық кешенін іске қосты. Бұл өндіріс орнында қосымша 600-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. ИСО 9001 стандарттарын енгізген кәсіпорындар саны 154-ке жетті, 16 мекеме ендіру үстінде. Ал СТ-KZ сертификатын алған кәсіпорындар саны 240-ты құрады. Жылыжай құрылысының жоспары 1,5 га болатын. Нақты орындалғаны 27,2 гектар. Сонымен қатар, 2 көкөніс сақтайтын қойманың құрылыстары басталды. Жыл көлемінде 98 ауылшаруашылық құрылымдары жұмыс атқарып, 1380 тоннадан астам мал мен құс еті, 11,0 мың тоннаға жуық сүт өндірілді. Қазіргі таңда балабақшаға орналасуға 33 мыңнан астам бала кезекте тұр. Ал, барлығы 139 балабақшада және шағын орталықтарда 22 мыңға жуық бала қамтылған. Өткен жылы қамтылғандар үлесі 28,1 пайыздан 69,9 пайызға дейін өсті. Бұл «Балапан» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асты. Өткен жылдың өзінде 14 балабақша және 25 шағын орталық ашылды. Білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша түйінді мәселелер рет-ретімен шешіліп келеді. Жұмыссыздық деңгейі 2009 жылғы 9%-дан 2010 жылы 7,5%-ға төмендеді. Жаңадан 3 886 жұмыс орындары ашылды. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытты. Шаһардағы атқарылатын ендігі жұмыстарды жүйелеп көрсеткен облыс басшысы бірнеше тапсырмалар белгіледі. Жұмыссыздық мәселесіне қатты көңіл аударуды тапсырды. Базардағы қымбатшылық – өзін кәсіпкер ретінде көрсеткісі келген пысықайлардың әлі де алып-сатумен айналысып отырғанының салдары. Осының алдын алып өндірісті жолға қоюға серпінді қадамдар керек. Облыс басшысы сөзін осылай тұжырды. Қала әкімінің жұмысына қанағаттанатындығын білдірді. Есептен кейін жиынға қатысушылар тарапынан біраз сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды. Көпшілік қала әкімінің жұмысына оң бағасын берді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31
Ауыр атлетика федерациясының президенті ауысты
Спорт • Бүгін, 18:00
Көлікке жылқы тиеп алған Қарағанды тұрғыны ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 17:39
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы сотталды
Оқиға • Бүгін, 17:15