21 Тамыз, 2016

Рио-2016: Бразилия футбол құрамасы Олимпиада чемпионы атанды

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-08-16-football-1

Футболдан Бразилия құрамасы өзінің тарихында бірінші рет Олимпиялық ойындардың чемпионы атанды. Ол Рио-де-Жанейроның «Маракана» стадионында Германия терме жамағатымен өткен финалдық ойында пенальтилер сериясы бойынша жеңіске жетті. Матчтың негізгі және қосымша уақыттары 1:1 есебімен тең аяқталды. Бразилиялық форвард Неймардың 27-минутта соққан голына немістер 60-минутта Максимилиан Мейердің тура соққысы арқылы жауап қайтарды. Бірақ бұдан кейін екі жаққа да шабуылдан нәтиже шығарудың орайы келмеді. Экстра-таймда да таблодағы есеп өзгере қойған жоқ. Қарсыластар пенальтилер сериясын бесінші соққыға дейін мүлтіксіз орындап тұрды. Алаң иелерінің қақпашысы Вевертон сол кезде германиялық Нильс Петерсеннің соққысын қайтара білді. Ал соңғы соққыға келген Неймар мүлт кеткен жоқ. Сөйтіп, пенальтиден 5:4 етіп ұтқан Бразилия құрамасы өзінің тарихында бірінші рет Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ