Осыдан бір ай бұрын Ертістің сол жағалауындағы №1 жылу орталығына қарасты екі қазандықтың істен шығуына байланысты осы аумақтағы бірнеше шағын ауданда апатты жағдай орын алғаны белгілі. Тіпті, сол шақта Әуезов даңғылындағы тұтас бір үй апталап жылусыз қалған. Қаланың жаңа басшылығының жедел қолға алған шараларының нәтижесінде кемшіліктер түзетіліп, бұл аумақтағы жағдай біршама жөнделіп қалды. Жуырда осындай қарбаластан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге уақыт таба білген қала әкімі Айбек Кәрімов бұл мәселеге байланысты қаржы бөлініп жатқандығын, соны орнымен игеру мақсатымен жаз шыға бірден іске кірісіп кететіндіктерін ресми түрде мәлімдеді.
Ал енді сол шақта елді соншама дүрліктірген тағы бір мәселеге келетін болсақ, оның мәнісі төмендегідей болып шықты. Яғни, жығылғанға – жұдырық дегендей, әлгіндей апатты жағдай туындаған сәтте қаланың екінші бір шетіндегі Затон деп аталатын аумағында бірнеше үйді су басып қалғаны да рас. Сонда телеарналардың бірі жерден жеті қоян тапқандай ол оқиғаны да бүкіл ел көлеміне әйгілеп үлгерген.
Бірақ тексере келгенде оған билік те, басқа да емес, сол жердегі тұрғындардың өзі кінәлі болып шықты. Яғни, әлгі үйлер бастау көздерінің үстіне заңсыз салынған. Тәртіп сақтамаған тұрғындар мұнымен де шектелмей, бастау көздерін қоқыспен бітеп тастаған. Ал бастау көздері жол тауып ашылып кеткенде бұл аумақта да қарбалас шақ туындаған. Осы орайда осындай жағдай өткен жылы да орын алғандығын айта кеткен жөн болар.
Абырой болғанда, жергілікті билік өздері кінәлі демей, су басып қалған үйлердің тұрғындарына да көмек көрсетуде. Сол мақсатпен арнайы бригада құрылып іске кірісіп те кетті. Сонымен бірге, Затон полиция бөліміне үй салуда заңдылықты сақтамаған, тәртіп бұзып, бастау көздерін қоқыспен бекітіп тастаған тұрғандарды анықтау туралы тапсырма берілді. Өзгеге талап қоюмен бірге, өзің де тәртіпті бұзбағанға не жетсін!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.