18 Ақпан, 2011

Тұяғы тозбас тарланбоз

615 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Қазақ елі кемел ойлап, кесімді пікір айтатын кемеңгер тұлғаларға еш­қашанда зәру болмаған. Соның ішінде «хан біткеннің қазығы, бұқара жұрт­тың азығы» болған, иманды ісімен халқының қадір-қасиетін иеленген біртуар тұлғалар ел тарихымен біте қайнап, бірге жасап келеді. Олардың барша жұртқа үлгі етіп қалдырған ата­лы сөздері, ел үшін тындырған еселі еңбектері ғасырлар бойы үзілмей, бүгінде ұрпақтар игілігіне айналуда. Әр заманның өзіне лайықты туып, қоғамдық ой-сананы заңғар биікке көтеретін тумысы бөлек, талғамы терең, парасат-пайымы биік ұлт мақ­танышына айналған ұлы тұлғалар да бізде аз емес. Солардың қатарына өз басым академик Салық Зиманұлын қояр едім. Абыздай ардақты болған Салық ағамыз – еліміздің Ата Заңы мен мемлекет алдында «түгел биліктің тізгінін ұстаған» Төле бидің, шындықтың шы­райын келтіріп, түбіне дейін «қазып айтқан» Қазыбек бидің, ғұмыр бойы «әділдіктен айнымаған» Әйтеке бидің ұстанымындай кемеңгерлік танытқан өз заманының ірі тұлғасы. Қазақта: «Басында бұлағы бар өзен ұзаққа ағады», деген қанатты сөз бар. Расында, академик Салық Зи­ман­ұлы – өз халқының әділ билік жолын­дағы мың­даған жылдардан бастау алатын заң төре­лігіне, оны ұстанған турашыл, көргені көп, кісілігі кемел би-шешендері мен ұлты үшін еңіреп өткен ел ағаларының өнегесіне сусын­дап өскен азамат. Бір сәт ол кісінің шыр етіп дүниеге келген кезден бергі ғұмырнамасын ой елегінен өткізіп көрелікші... Еліміз өз алдына мемлекет болып шаңырақ көтерген жиырмасыншы жыл­дың басы жаңа заманның қызыл байрағы көтерілген, ел іші ескі мен жаңаның күре­сіне айналған алмаға­йып кез еді. Осын­дай тауқымет тар­тысында жүріп ержеткен бала Салық жаңа заманның жалына жармасып, ке­ңестік қоғамның берген білімін, тә­лім-тәрбиесін аса зеректікпен бойы­на сіңірді. Тура сөйлеуден таймай­тын, тек ақылға жүгініп, іс істейтін ізденімпаз жас өрен, бала жасынан қиын­шы­лық пен қиянатты да, елді өрелі өмірге үй­реткен жақсы істерді де қатар көріп өсті. Білім алып, өнер қуған, зиялы­лар­дың өнегелі ісіне қаныққан, Абай атасы айтқан «болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деген даналық ойға ұмтылған аға бұлардың бәрін көкірегіне түйіп өсті. Өзінің атын ырым­дап қойған Салық Бабажановқа ұқсап, Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақ­баев, Мұстафа Шоқайдай болуды ойлады. Бірақ өзі пір тұтқан, көзі тірі­сінде-ақ аттары аңызға айналған ел жақсыларын көпе-көрінеу саяси қу­ғын-сүргінге ұшыратқан кеңес зама­нының саяси айла-шарғысын көр­ген сайын, тек ақыл-парасатқа жү­гініп, иманға берік ішкі сеніміне сүйеніп, ұлтына сүйеу болатындай іс бітіруді мақсат тұтты. Ел іші оқыған, білімді де білікті кадрға тапшы сол заманда Салық Зи­манұлы заңгер болуды қалап, саналы түрде өзін-өзі осы жолға дайындады. Оның да өзіндік себебі бар-тын. Халқымыздың: «Елге бай құт емес, би құт», «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш» деген даналық сөзіне терең бойлаған ол, «Жеті Жарғыдай» халқына алтын ғасыр ор­натқан заңды білу, оны шына­йы­лықпен ел мүддесіне жарату сынды қағиданы жүрегіне сіңіріп өсті. Сәкеңнің өз бетінше ізденіп, білуінше, қазақ үшін еуропаша білім алу аса қат болған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен бері қарай, өзі дүниеге келген ХХ ғасырдың басына дейін әлемге аты әйгілі болған Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Том, Саратов, Варшава, Каир сынды ірі қалаларда жоғары білім алған қазақ зиялыларының саны 160-қа жуық екен. Солардың көбі, тек заңгерлік мамандықты қалап, халқына әділ билігімен, құқықтық ағартушы­лы­ғымен еңбек сіңірген қоғам қай­раткерлері, ұлт мақтанышы атан­ған­дар. Мұның да заңгер болуына өзіндік әсері тигенін бала Салық жастайынан ұқса керек. Міне, үлгі болған сол ағалар жо­лын өзіне темір қазықтай бағдар еткен Салық Зиманұлы, 90 жасының 70 жы­лын еліміздің құқықтық жүйесі мен заманауи заң ғылымын жетілдіруге арнапты. Туған елі мен халқына абыз­дай ардақты болып, ерен еңбек сіңір­ген Зимановтай заңғар ойлы заңгер өзіміз емес, өзге жұртта да некен-саяқ кезігеді. Жаратқанның осындай біртуар азаматты қазақ етіп жаратып, ұзақ та мағыналы ғұмыр бергені хал­қымыздың бағы деп ойлаймын. Адамзаттың тарихында қара әріп­пен жазылған қаһарлы 41-ші жылы 20 жасар Салық Зиманұлы қан майданға аттанды. Батыр туған халықтың бағ­ланы соғыста да жауынан қаймықпай, Махамбет пен Исатайдай батырлар жортқан Нарын мен Тайсойған жері­нің ерлеріндей қанқұйлы жаумен алысты. Сөйтіп, бар-жоғы 22-23 жасында қан майданның қиян-кескі ұрысын­дағы ерлігі бағаланып, майор шенінде артиллерия полкінің командирі болды. Ел арасында сый-құрметке кенелді. Соғыс жағдайын жедел бағдарлайтын, әскери тактика мен стратегиялық жос­парды шебер ұйымдастыратын, маңы­зы зор объектілерді жедел алуда және жауға ұрымтал жерден соққы беруде көрегендік пен тапқырлық танытып, нағыз командирге лайықты ерік пен жігер көрсетті. Әскери қолбасшыларға берілген бір мінездемедегі ол кісі туралы: «... жастығына қарамай, айрықша ба­тыл, ұстамды, кескілескен шайқас үс­тінде жауапты міндетті өзіне артып, шұғыл шешім қабылдап, қауіпке төтеп береді», деген баға көп жайды аңғартса керек. Сәкең қанды шайқастарда жау оғы­нан үш рет жараланса да, май­дандағы жауынгерлік жолын үзбей, фашистерге орда болған Берлинге дейін жетіп, ел-жұртына ерлік пен жеңістің туын жо­ғары көтеріп оралды.. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір жыл­дары Сәкең бірден заңгерлік қызметке кірісуді жөн көрді. Гурьев облысының про­куратурасында тәлімгерліктен өтіп, сонда тергеуші болып бірер жыл істеген соң, 1947 жылы республикалық Бас про­куратураның ерекше тапсырмалар жө­ніндегі тергеушісі лауазымын иеленеді. Өмірлік мақсаты – заңгерлік білімін жетілдіруді де қолға алып, Қазан қа­ласындағы Бүкілодақтық заң инсти­тутына сырттай оқуға түседі де, оны Алматыдағы фи­лиалы бойынша бітірісімен, Мәскеудегі СССР Ғылым акаде­миясының мемлекет және құқық инс­титутына жолдама алады. Онда заң саласы бойынша кан­дидаттық диссертациясын үз­дік кор­ғап шығады. 50-ші жылдардың бас кезінде Қазақ ССР Ғылым академиясының құқық сек­торының меңгерушісі болғанда, елімізге заңгер мамандардың аса қажет екенін жете сезінген Сәкең, тиісті оқу мекемесіндегі басшылардың мазасын ала жү­ріп, Алматы қаласынан заң инсти­тутын ашуға мұ­рындық болады. Әрі 1952-1955 жылдары осы заң институтының тұңғыш ректоры болып, оқу орнының қалыптасуына зор еңбек сіңіреді. 30 жасында ең жас ректор атанып, халқына Алаштың арыс ұлда­рындай өнеге көрсетті. Салық Зиманұлының отандық заң ғылымына сіңірген еңбегі, жеткен жетістігі мен алған абырой-атағы, ел мүддесіне жарасын деп халқына берген рухани байлығын бір мақала, бір кітаппен айта салуға мүлдем келмейтін мұхиттың түбіндей тұңғиық нәрсе. 46 жасында-ақ ғылымның биік өлшемі академиктік атағына жеткен Сәкеңнің сүйенері – терең білім, талмай ізденіс, туабітті қабілеттілік болды. Мүмкін, Қаныш Сәтбаев сынды алыптың тәлім-тәрбиесін, қамқорлығын көргендіктен болар, «малым – арымның садағасы, арым – жанымның садағасы» деген қазақы қағиданы бекем ұстанып, еш­қашан шындықтан, турашылдықтан тай­мауды өмірлік принципі еткені. Әсіресе, ел мүддесі, ұлт тағдыры таразыға түскен ауыр кезеңдерде де шын­дықты ешуақытта ішіне бүгіп қал­ған емес. Академик А.Қошанов өзі­нің естелігінде, Қазақстанға Г.Колбин билік жүргізген кезде, яғни 1987 жылдың көк­темінде Ака­демияның Ғалымдар үйі­нің үлкен залында Орталық Коми­теттің аппаратынан келген өкілдер үстемдік еткен насихаттық конфе­рен­цияға қазақ зиялы қауымының маң­дайалды өкілдері де қатысады. Бұл жиынның мақсаты – қазақ халқына тағылған «ұлтшыл» деген жаланы ғы­лы­ми тұрғыда дәлелдеп, зиялыларды имендіріп, халқымызды мойынсұндыру еді. Сол жиында зілі ауыр саяси тұқыртудан Салық Зиманұлы еш қай­мықпастан, ұлтын қорғап былай деп араша түседі: «Ленин өзі қатысқан поляк социал-демократтарының съезінде еврейлердің «Бунд» партиясына тағылған ұлтшыл­дық айыптарды сынға ала тұра, бүкіл халықты ұлтшыл деп қаралауды қазіргі партия басшыларының теориялық дәр­менсіздігі, халықтар бірлігіне қағылған қауіпті сына» дегенін мысалға келтіріп, «қазақ халқы алдағы уақытта да өз сағын сындырмай, еңсесін биік ұстай­ты­нын» бүкпесіз айтып салады. Ұтым­ды сөзге Орталық комитет басшылары жауап бере алмай дәрменсіздік таны­тады. Бұлтартпас дәлелді коммунистік партияның өз тарихынан келтіргендіктен, қазақтың батыл туған, ар-намысы жалындаған азаматына қарсы еш уәж айтылмайды. Бұл – ұлтымыздың тағ­дыр-талайы сынға түскен арпалыста оның мәртебесін сақтап қалған кесек айтылған кесімді пікір еді. Ғылым жолында, әсіресе заң ғы­лы­мын терең меңгеруде Салық Зиманұлы үздіксіз алға басумен келе жатқан, қоғамдағы құқықтық жүйеге қатысты үнемі жаңа идея, реформалық мәселе­лер көтеруден ешқашан жалықпаған, еңбекқор жан. Сәкеңнің осы сала ба­йынша 60-шы жылдарда жарық көрген, докторлық, академиктік дәрежені алуға негіз болған, сол замандағы жоғары оқу орындарына аса қажетті оқу құрал­дарына айналған «Қазақстанның ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы саяси және қоғам­дық құрылымы» және «Советтік Қазақ­станның мемлекеттік тарихы және құқығы» деген үш томдық еңбегі әлі күнге дейін маңызы зор сүбелі туын­дылар. Осы кітапты жастана жатып заңгерлік білімін желтілдірген, заң ғылымын терең зерттеуге араласқан мамандар бүгінде мыңдап саналады. Салық Зимановтың қазанаттай қай­сар қайраткерлігін, игілікті істерін біз бір мақалада айтып тауыса алмаймыз. Десек те, ол кісінің бойындағы на­ғыз тұлғаға тән қасиеттерін, заң, тарих ғылымдарында ашқан жаңалық­тарын, ел мүддесі үшін көтерген батыл идея­лары мен өзекті проблемаларын, әсі­ресе еліміз егемендігін жариялаған тұс­та «шау тарттым» деп бүркеніп жатып алмай, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.­Ә.На­зарбаевтың жаны­нан табылып, мем­ле­кетіміздің келешек келбетін айқындауға тапжылмай үлес қосқан, әлі де үлесін қосып келе жатқан «нар жолында жүк қалдырмайтын» нағыз жампоз азамат. Тәуелсіздіктің таңы атып, мерейіміз үстем болған жылы Сәкең 70-ке толып, ақ­сақалдар ауылының ортасынан орын алып, сол кездің өзінде-ақ ел ара­сын­да абыздай ар­дақталған есімі жұртшылыққа кеңі­нен тараған кез болатын. Еліміздің ал­дағы жүрер жолы, тағдыры, әлемдік стандартқа сай мемлекеттік мәртебесі, алар орны, саяси-қоғамдық құрылымы, елді кім басқарады деген осы бір кө­кейкесті ой алаңдатып тұрған өтпелі тұста Салық Зиманұлы ел қамын жеген Едігедей суырылып алға шықты. Өзінің әлемдік деңгейдегі көзқа­ра­сын, білімін сарқа жұмсап, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған, еліміздің тари­хына алтын әріппен жазылған Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Дек­лара­цияның соңғы редакциясын да­йындаған комиссияға басшылық жаса­ды. Осы бір аса маңызды тарихи құжат араға біраз уақыт салып барып «Қазақ­стан Республи­ка­сының Тәуелсіздігі ту­ралы» Конституция­лық заңға негіз қа­лады. Сәкең осы заңды мүлтіксіз да­йындауға тағы да атсалысқан топтың ең белсенді мүшесі болды. Ғасырлар бойы халық көксеген тә­уел­сіздіктің бейбіт жолмен келгенін қай­сыбір адамдар оңай көріп, ойларын сан-саққа жүгіртті. Ес білгенінен «дала демократиясынан» тағылым алған Сә­кең, ел мен ұлт мүддесі таразы басына ілінген осы кезде бұрынғының ұлы билеріндей біліктілік танытты. Данышпан Абайдың «Бас-басына би болған өңшең қиқым, мінеки, бұзған жоқ пе елдің си­қын» дегенін есінен шығармай, «Бірің­ді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген аталы сөзімен ауызбір­шілікке шақырды. Турашылдық пен шындықтың қос тізгінін ұстап, елдік мүддеге нұқсан келтіруге жол бермеді. Сәкең сол бір тайталас кезді ешбір қиналмай өткізгендей, мамыражай күй­де былайша еске алғаны бар: – «Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Кеңесінің 12 және 13-ші шақырылы­мының 1990-1995 жылдардағы депу­таты болған кезде көптеген заңдардың қабылдануына белсене араласуыма тура келді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бо­йы іздеген тәуелсіздік қолымызға өзі келіп қонған тұста, одан айырылып қал­маудың заңдық тұғырын мықтап бекітіп алуымыз қажет болды. Осындай ел тағдыры елең-алаң болған шақта, яғни 1977 жылғы қабылданған Қазақ ССР-нің Конституциясына Президенттік басқару нысанын кіргізу туралы ұсынысты енгізу, Президенттің міндеті қандай болады, сайланғаннан кейін қай жерде, кімнің алдында ант береді, осының бәрін сессия ашылғанға дейін пысықтап алдық. Бұл бұрынғы одақтас елдердің бірінен кейін бірі тәуелсіздігін жариялап жатқан кез. Біз әліптің артын бағудамыз, омыраулап оза шапсаң, кү­йіп кетуің мүмкін. Сонымен не керек, тарихи күн – 24 сәуір де келіп жетті. Сессия өз жұмы­сын бастады. Күн тәртібіне Конститу­цияға Президенттік басқару туралы ұсынысты қойып, дауысқа салып едік, қарша бораған қарсылықтың астында қалдық. «Президенттік басқару кімге ке­рек, ол буржуазиялық бағыттағы елдерге тән емес пе?» деп депутаттар дес берер емес. Біз «кез келген демократия­лық жолға түскен ел, ең бірінші Президентін сайлап алады. Ол – мемлекеттің белгісі, әрі кепілі» деп қызылкеңірдек болып пікір таластырдық. Ұсынысымыз өтпеді. Ақыры арнайы комиссия құрып, түстен кейін Қазақ ССР-нің Консти­ту­циясына Президенттік басқару нысаны туралы ұсынысты енгіздік-ау. Ендігі кезекте Президент кім болады деген мәселе тұрды. Қазақстан коммунистік партиясының Пленумы бірінші хатшы Н.Ә.Назарбаевты ұсынды. Кан­ди­датты қолдап, алғаш болып жарыс­сөзге шыққан қазіргі армия генералы С. Нұрмағамбетов, екінші болып сөз алған Қазақстан комсомолдарының сол кездегі басшысы И. Тасмағамбетов болды. Қысқасы, басым дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Президент болып сайланды». Сірә, дана халқымыздың «Хан ақ сұңқар болса, тұғыры би болар», деген тәлімді төрелік сөзі осындай әділ де адал пікірден туған шығар! Елбасымызға ақжолтай болған сол тартысты күнгі шын ниет, ізгі тілекпен өз қолдауын көрсеткен Салық Зиман­ұлы сынды депутаттардың ақ пейілі Пре­зидентіміздің 20 жылдан астам уа­қыттан бері туған елі үшін өлшеусіз еңбек сіңіріп, «Ұлт көсемі» деген дарабоз дәрежеге жетуінің, бүкіл әлем ал­дында биік беделге ие болуының бас­тауы болғанын кейбір жастар бүгінде біле ме екен?! Сәкең еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне және құқықтық құрылымына тұғыр болған 1993 жылы және 1995 жылы қабылданған Конституцияға да өзіндік үлесін қосты. Осы ретте Салық Зи­манұлының «Құқық қорғау орган­дарын түбірімен қайта құру» туралы 1993 жылғы 23 қыркүйекте жария­ланған еңбегіндегі сот реформасы ту­ралы бағдарлап айтқан мына пікірлері әлі де маңызын жойған жоқ. Бұл біз үшін үнемі тәлім алатын арқау іспетті. Содан қысқаша деректер келтіре кетсем артық болмас. «Соттар тек қана әділсот төрелігінің органы болуы тиіс. Жоғарғы тұрған соттар төменгі тұрған соттардың мә­селесімен айналыспауы, сондай-ақ өзін өзі материал­дық-техникалық жаб­дық­тау­ды, яғни шаруашылық басқару функ­циясын өзіне алмауы қажет. Бұл – соттардың тәуел­сіздігін қамтамасыз ету­дің ең маңызды мән-жайы» десе, тағы да: «судьялық лауазымға кандидат­тарды іріктеу кең көлемді, көп қабатты конкурс негізінде жүргізілуі тиіс. Бұған қоса, әлемдегі құқықтық мемлекеттер ұс­танғандай, конкурстық іріктеуден өт­кен судьялардың негізгі құрамын та­ға­йындау принципі қатаң түрде жүзеге асырылып, Парламентке тек жоғары сатыдағы судьяларды тағайындау құқы­ғы ғана берілсін», деген қағидасы сол уақыттан бері сот билігі мен оның тәуелсіздігін нығайтуда, оны қамтама­сыз етуде үлкен маңызға ие болып келеді. Сәкеңнің еліміздегі құқық қорғау ор­гандарының барлығына бағыт-бағдар берген бұдан басқа келелі пікірлері мен идеялары да ұшан-теңіз. Парламенттің заң шығарудағы ұстанымы, прокуратура, ішкі істер органдары мен Әділет министрлігі сынды құқықтық құрылым­дардың міндеттері мен заңнамалық негіздерін замана көшіне лайықты талдап берген ғылыми еңбектері де осы салалар үшін өміршең­дігімен мемлекет мәйегіне айналды. Салық Зиманұлының еліміздің құ­қық­тану ғылымына өшпестей із қал­дырған аса сүбелі тағы бір ерен еңбегі бар. Ол – «Қазақтың ата заңдары» деген, үш тілде жарық көрген он томдық академиялық басылым. Оған Қазақ елі­нің екі жарым мың жылдан бергі бүкіл әлемдегі жазба мұрағатына түскен, ауызша жеткен ғылыми пікірге қанық би-шешендердің аталы сөзін, кесімді пікірін, ел басқару мен билік айтудағы ұлтымызға тән дәстүрлі құқықтың жол-жорасын, жөн-жобасын, әдет-ғұрпын бір арнаға тоғыстырды. Қысқасы, осы саланы індете зерттеген өз ғалым­да­рымыз бен әлемдік ізденушілердің зерттеп, зерделеген ғылыми пікірлерін жи­нақтап, бүгінгі және келешек ұрпақ­қа өлмейтін мұра жасап берді. Салық аға бұл еңбегі туралы: «Қазақ әдет-ғұрып құқығының көп томдық басылымын дайындауға Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің 1998 жылды «Халық бірлігі және Ұлттық тарих жылы» деп жариялауы ұйытқы болды. Мұнда біз қазақ қоғамының тарихын­дағы шындықты ғана бейнелеуге ұм­тылдық. Ғасырлар бойы шаң басқан тарихты қайта тірілте отырып, оны шындық сатысына көтеруді өзімізге міндет санадық... Буржуазиялық және кеңестік тарихнамада дәстүрге айнал­ған «Қазақстан мешеу қалған», «жабайы», «патриархалды-феодал­дық» ел деген көзқарастардың тұр­лаусыздығын дәлелдеп беру» дейді. Бүгінде осы көп томдық еңбекті барша студенттер қауымы заңгер ғалымдар, қазақтың дәстүрлі құқығы бойынша ізденетін зерттеушілердің бас алмай оқитын бірден-бір оқу құралына айналды. Сәкең бұдан екі жыл бұрын 90-ға таянған шағында жас ғалымдардың ойына кіре қоймаған тағы бір кемел істі жүзеге асырды. 2008 жылдың мамыр айының 22-23-де Алматы қаласында «Интеллектуал-Парасат» заң компаниясының жетекшісі, академик Салық Зиманұлы­ның бастауы және Жоғарғы Соттың атсалысуымен «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» деген дүниежү­зілік халықаралық ғы­лыми конференция өткізгенін әлемдік заңгерлер қауымы жақсы біледі. Кон­ференцияға 256 ғалым мен ізденушілер қатысты, оның 19-ы шетелдік құқық­тану­шы­лардан болды. Басты мақсат – төрткүл дүниенің түкпірінен жиналған заңгерлерге Қа­зақ елінің қоғамдық құрылысына, мемлекетті билік ісіне әлімсақтан қызмет көр­сеткен билер сотының та­ри­хын, оның мә­дени құндылығы тым тереңнен бас­талатынын айтып беру. Оған қоса, билер ежелгі заманнан бері ел басқаруда мемлекеттік биліктің барлық түрлерін атқар­ғанын, әділ билік орнатуға үздіксіз үлес қосқан әмбебап қоғам қайраткерлері екеніне әлемдік ғалымдардың көзін жеткізу еді. Әрі бүгінде құқықтық мемлекет ретінде өркениет төріне шыққан, да­мыған елдердің заңгерлеріне қазақ билерінің өзіне тән даңғайыр «дала демократия­сымен» ежелден-ақ хал­қына «алтын ғасыр» орнатқан еліміз­дің құқықтық мә­дениетін баршаға паш ету болатын. Мәселен, ХІХ ғасырдағы көрнекті орыс шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевтің: «Қазақ билерінің тө­релі­гіне кезінде өркениет еткен елдер қызыға қарар еді», деген келелі пікірін, әлемдік классикалық заңнамалар мен сот билігінің қайнар көзі атанған Рим, Эллада, Египет, Қытай елдерінің құқықтық жүйелерінен еш кем еместігін меңзеген осы ойды ғылыми тұрғыда түсіндіру болды. Бұған қоса, қазақ билер сотының мәдени құндылықтары мен оның қазіргі Қазақстандағы ұлттық идея­лар­дың құ­рамдас бөлігі екенін, қазақтардың көш­пелі, жартылай отрықшы қоғамдағы бостандық пен адамгершілік, ақиқат пен әділдік және еларалық ынтымақтастық пен азаматтық жүгіністегі заңдылық прин­­циптерін, «от ауыз, орақ тілді би-шешендер мен қазы-қазилардың заңгер, құқықтанушы және оны тү­сіндіруші ретіндегі болмысы мен мәртебесін айқын­дап, жан-жақты ашып көрсетуге негізделді. Осы халықаралық ғылыми конференцияда Қазақ елінің билер соты ғасырлар бойы барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келгендігін, «адал би – әділ би» деген принцип бүгінгі сот төрелігін жүзеге асыратын судьялар үшін өмірі мызғымайтын, жадында әрдайым тұмардай сақталып тұратын ғылыми түйін екені бекітілді. Салық Зиманұлының өмір жо­лына, болмысына қарап отырып, ке­меңгердің ататектен тамыр тартқан, тек ұлы тұлғаларға ғана бұйыратын әлемдік деңгейдегі ойшылдығына, кемел істеріне еріксіз сүйсінесің. Өзі өмір бойы өнеге тұтқан, Алаштың арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Халел Досмұха­медов сынды көсем­дердің халқына қалдырған амана­тын жалғастырған, солармен сүйек буынындай бірге біткен дара тұлға дерсің. Ал өзінің Алла берген жаратылы­сына азық болған тереңдігін, фило­софиялық ой-санасын, түйсігін қазақ ұлтын ықы­лым заманнан даналық сөзбен сусын­дат­қан әл-Фараби, Майқы би, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Абайдай даныш­пандардың ұлағатты ойларымен байыт­қанына шүбәсіз көз жеткізесің. Өзі тәлімгер болып, ғылым қуған кезде Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуе­зов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ­тың маңдайына біткен біртуар азамат­та­рының батасын алып, Отан алдын­дағы мақсат-мұратын осы ағаларын­дай ұлт­жандылықпен кіршіксіз атқар­ған нағыз сұңғыла екенін мойын­дайсың. Тұла бойына осылай дарыған ұлан­ғайыр ұлылықты, тек ізгілікпен, ас­қан ақылдылықпен өз жұртына сіңіріп берді. Өзінің ешкімге ұқсамас кісілік тұрпатымен, терең ақыл-ойымен, биік парасатымен, қазанаттай қа­жымас қажырлы еңбегімен, бұ­рын­ғының би-шешенде­рін­дей төгілтіп сөй­­легенде «тың­дау­­шысы бор­дай езіл­ген» шешендігімен, алды кең ақ­жар­қын, кішіпейіл, мін­­сіз мінезімен ор­та­мызда жүр­ген әз аға, қадірлі Са­лық Зи­манұлы ел тілеуімен жүз жа­са­сын деп тілейміз. Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы. Астана.