24 Тамыз, 2016

Ерлікті ұмытпау – елдіктің белгісі

488 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өрімдей жастардың әскер қатарына шақырылып, Отан алдын­да­ғы борышын атқаруға аттанып бара жатқандағы әсерін суреттейтін: «Тартты эшелон шойын жолмен белестерді тілгілеп, Қапырықты басты дағы, бір серпілтті түнгі леп. Гитара үні шығып жатты жыламсырап, зарығып, Әрбір жанның кеудесінде шоқтай жанды нар үміт», деп келетін жыр жолдары еске түсіп отыр. Туған үйінен алыс­тап, бал­дәурен балалықпен қош айтысып, ересек өмірге сапар шеккен жандардың сезімін Әділбек Ыбырайымұлы осылай жеткізген еді. Асылбек Нұрбалаұлы Мамажанов та сол 1979 жылдың көкте­мін­де эшелонға отырып, әскери борышын өтеуге аттанған болатын. Сапарға шығар алдында балаң жігіт үйіндегілерге: – Көке, жақсы болды, әскери боры­шы­м­ды Алматыда өтеймін. Астана­ны бір көру арманым еді, – деп қуаны­шын жасыра алмай «жақсы болдыны» қайта­лай берді. – Дұрыс болған екен. Жарықтық, үлкен атаң (Әбен атасын айтады, автор) жоқ­­шы­лыққа қарамай қажылық­қа барған, елге елеулі, халқына сыйлы кісі бол­ғанын көзіміз көрді. Марқұм әкең бол­са бүкіл Қарсақбай, Үштау, Жез­қаз­­ған өңіріне танымал еді ғой. Сен де боры­­шың­ды абыроймен атқарып, аман-есен кел, – деп жеңгесі қуанышын біл­ді­ріп жатыр. Асылбек бұйырған дәм­нен ауыз тиіп, көп ұзамай аттанып кетті. Арада аз күн өткенде әскери казар­маға орналасқаны туралы, Ант беру рәсіміне дайындалып жатқаны жайында айтыл­ған хаттары келе бастады. Асыл­бек Алматының көз тоймас көркін, Ала­тау­­дың асқақтығы мен тылсым таби­ға­­тын суреттеп, тамсанудан жалық­пай­тын. Соңғы хатын 1979 жылдың 29 жел­тоқсанында алдық. Нағыз сарбаз бол­ғанын жазыпты. Біз де қуанып, құт­тық­тап, хат жолдадық. Қуанышымыз ұзаққа бармайтынын қайдан білейік?! ...1980 жылдың 9 қаңтары күні таңғы са­ғат жетілерде телефон безілдеп қоя бер­­ді. Ойым­да дәнеңе жоқ, жұмыста бір­­­де­­ңе болып қалды ма деп, тұтқаны көтердім. – Бегежановтардың үйі ме? Ол кісі­ні теле­фонға шақыруға бола ма? – де­ген ер адамның қатқылдау даусы естілді. – Иә, мен тыңдап тұрмын. – Бұл Жезқазған қаласының әскери комиссариатының басшысы Холло. Бізге келіңіз, қазір машина барады, – деп тұтқаны қоя салды. – Кім екен ертелетіп телефон соққан?.. Әйтеуір, амандық па? – зайы­бым әбі­­гер­леніп қалды. – Военкаматтан, «сборға» шақы­рып жатқан шығар, – дедім де, киіне баста­дым. «Сборға» машина жібермеуші еді, не болды екен, ойым сан-саққа жүгірді. Жіберген машиналары тез келді. Көліктен шыққан капитан: – Бәрін военком өзі түсіндіреді, оты­ры­ңыз, – дегеннен басқа ештеңе айт­па­ды. Әскери комиссарды бұрыннан тани­тынмын. Кабинетіне кірген бетім­де орындықты нұсқады: – Отырыңыз. 1978 жылдың сәуірін­­дегі Халық демократиялық пар­тия­­сының бастауымен болған төң­керіс­тен кейін Ауғанстанда азамат соғы­сы басталғанын білесіз ғой. КСРО мен Ауғанстан Демо­кратиялық Респуб­ли­касының ара­сын­дағы достық, тату көршілік және ын­ты­мақтастық туралы шартқа сәйкес, Кеңес Одағы Ауған еліне көмек ретін­де қарулы күштер енгізгені туралы хабардар шығарсыз. Мен үнсіз басымды изедім. Бір жа­ман­­дық­ты сезгендей ішім алай-дүлей. – Сол 40-армияның құрамында сіздің ініңіз Мамажанов Асылбек Нұр­балаұлы да барған болатын. Азаматсыз ғой, берік болыңыз, Асылбек Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты. Бұл – бәрімізге ортақ қайғы, сізге көңіл айта­мыз, – деп тоқтады. Үстіме мұздай су құйып жібергендей күй кешіп, отырып қалдым. – Марқұмның денесін бүгін ұшақпен жеткізеді. Енді анасы мен апасына естір­тудің қамына кірісейік, – деген әскери комис­сар басқа шаруашылық жағын айтып кетті. Асылбекті сол күні жеткізді. Өзі­мен бірге әскери борышын атқарған жерлесі Виктор Тарадайдың мәйіті екі-үш күннен кейін 202-жүк есебінде келді. Екеуінің жерлеу шығындарын жергілікті басқару органдары көтерді, мар­құм­дардың жақындарына үй берілді. Үкімет ескерусіз қалдырған жоқ. 1989 жылы Жезқазған қалалық атқару комитеті екі азаматты есте сақтап, рухтарына құрмет көрсету мақсатында жыл сайын А.Мамажанов пен В.Тарадай атында бокстан республикалық турнир өткізу туралы шешім қабылданды. 90-жылдардағы өтпелі кезеңде бәсең­сіп қалғаны болмаса, бұл турнир респуб­ликалық дәрежеде үлкен беделге ие болып, облыс, республика, тіпті, дүние жүзіне әйгілі боксшылар шық­ты. Атап айтқанда, Қазақстан чем­пионы, спорт шебері М.Бөлтіріков, КСРО бірін­­шілігінің күміс жүлдегері К.Бәй­дешев, Азия ойындарының чем­пио­ны А.Адамбаев сынды атақты спорт­шы­лар кезінде осы турнирде бақ сынаған. Олим­­пиада чемпионы Василий Жировтың да үл­кен спорттағы жеңісті жолы осы тур­нир­ден басталған, ол 1990 жылы бұл жарыста жеңіске жетіп, спорт шеберлігін қорғады. Еңбек сіңірген жаттықтырушы, Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы болған С.Әбдінәлиев бас төреші ретінде қатыс­ты. Аты аңызға айналған былғары қол­ғап шебері, Ұлттық құраманың бапкері Әбді­салан Нұрмахановтың да бас төреші бол­ғанын сөз ретіне қарай айта кеткім келеді. Боздақтардың есімін ел осы туринр арқылы ел есінде жаңғыртуға жергілікті азаматтардың, оның ішінде Жезқазған қаласының билік басындағы өкілдері, әр уақыттарда Жезқазған қаласының, облысының спорт комитетін басқарған Рүстем Сейітов пен Мұхамедия Әбсат­таровтың сіңірген еңбегі ерекше. Алайда, соңғы жылдары түрлі сыл­таулармен турнирдің дәрежесі төмен­деп, маңызы кете бастағандай. Бұрын Қазақ­станның барлық облыс­тарының, Алматы қаласының спортшы­лары қа­тыс­­­са, былтырғы жарысқа қатысу­шы­лар саны аз болды. Павлодар, Қызыл­ор­­да, Солтүстік Қазақстан облыс­тары­­­ның, Алматы, Астана, Қарағанды және Балқаш қалаларының ғана бокс­­­шы­­­лары бақ сынады. Жоғарыда айт­қан аза­мат­тар Рүстем Сейітов пен Мұха­м­едия Әб­сат­таровтың атсалысуы­ның ар­қа­сында турнирді халық­аралық дәре­жеге көтеру үшін жұмыстар істеліп, былтыр­ғы жа­рысқа Өзбекстанның былғары қол­­ғап шеберлері келгені ғана көңілге медеу. Ауған соғысы құрбандарының атын­­дағы турнир биыл 25-ші мәрте өткі­зілуге тиіс. Алайда, ширек ғасыр мерей­той­лық мәртебесі бар жарыстың дең­гейін арт­тыруға тағы да қаржы қол­бай­­лау бола­тын сияқты. Бұл мәселені шешу­­де Жезқазған қаласы әкімдігіне, об­л­ыс­­тық, республикалық спорт коми­тет­­теріне үміт артып отырмыз. Респуб­лика­­лық турнир­дің беделін түсірмей, ха­лық­­ара­лық дәрежеге көтеруге қала бас­­шы­сы Б.Ахметов атсалысады деп сенеміз. Алдағы уақытта екі боздақтың атын­­дағы турнирдің дәрежесі өссе, Жез­қаз­ған қаласында білім алған №8 гим­на­зияға Асылбек Мамажановтың есімі беріл­се, бұл жастарға патриот­тық тәр­бие беру­ге негіз болар еді. Себе­бі, ерлікті ұмыт­­пау да елдіктің бір нышаны деп білеміз. Мәжит БЕГЕЖАНОВ Қарағанды облысы