Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас та шарықтау шегіне жетті. Енді санаулы күндерден кейін егемен еліміздің барлық мектептері қоңыр күздің алғашқы арайлы таңын алғашқы қоңырау үнімен тербетеді. Биылғы оқу жылында білім беру жаңа мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіледі. Жаңа оқу жылындағы тағы бір ерекшелік – биыл міндетті мектеп формасы енгізілді.
Жыл басында Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы қойылды. Бұл талап бойынша, мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы керек. Үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы қажет. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
Жөн-ақ. Бұл реформалаудан көз ашпаған білім беру саласындағы соңғы жылдары қабылданған дұрыс шешімдердің бірі болды. Мектеп оқушыларының кейбіреулері үлде мен бүлдеге бөленіп, қолы қысқалар қарапайымдылықты қанағат тұтып, балалар арасында да теңсіздіктің ащы көрінісін көлбеңдеткен кезеңді де көрдік. Өз қолы өз аузына жетпеген балалардың қалталы ата-аналарының арқасында алынған бағалы киім, қымбат бұйымдармен бөлектенбей, білім, қабілет және еңбекқорлығымен ерекшеленгені дұрыс қой. Міне, еліміздің барлық мектептерінде бірыңғай міндетті мектеп формасының енгізілуі осындай ізгі ниеттің бастауы болғай.
Өкінішке қарай, іс жүзінде осы игі бастамаға бірінші күннен көлеңке түсіре бастадық. Біркелкі мектеп формасының бағасындағы айырмашылықты жер-жерде жүз құбылтып, игі бастаманы да бизнеске айналдырдық. Әрбір мектеп «бармақ басты көз қыстымен» өздерінің жеке тігін шеберханалары мен сауда нүктелерін белгілеп, бірыңғай бастаманы жеке-жеке бөлшектеп әкетті.
«Бауыр еті – баласы» үшін жаңа оқу жылына дайындық барысында аянып қалар ата-ана жоқ. Бірақ табыс тақырланып, баға бақылаусыз кеткен бүгінгі таңда балалары мектепке баратын отбасыларына жеңіл болмай тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біркелкі мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ер балалардың мектеп формасының топтамасына костюм (бешпет), жакет, шалбар, мерекелік және күнделікті жейде (қысқы маусымда: тоқыма жакет пен жылы жейде) кіреді. Қыз балалар үшін бешпет, жакет, белдемше (юбка), классикалық жейде (қысқы маусымда: тоқыма жилет, жылы жейде, сарафан) және кең әрі тобықты жабатын шалбар кіреді. Сонымен бірге мектеп формасына спорттық киімдерді (аяқ киім, футболка, спорттық костюм) қосыңыз. Әр мектептің қалауы бойынша мектеп формасына эмблема немесе жапсырмалар тағуға, галстукке рұқсат етіледі. Бұл киімдердің барлығы жеке-жеке сатылады, әрқайсысының бағасы әртүрлі. Орта есеппен бір балаға мектеп формасы 30-40 мың теңгеден айналады. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен канцелярия тауарларын қоссаңыз, әрбір баланың жаңа оқу жылына әзірлігі 50-60 мың теңгеден кем түспейді. Отбасылардың табысы күрт төмендеген қазіргі жағдайда ата-аналар үшін екі-үш баланы мектепке әзірлеу үлкен ауыртпалық әкеледі. Ал көп балалы отбасылардың мемлекет көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмайтындығы анық.
Тағы бір көңілді күпті қылатын мәселе, жаңа мектеп формасының сапасы бағасына сай ма? Бұл ретте де көңілде күдік көп. «Барлық жақсы – балаға» дегенде, алдыға жан салмаймыз. Ал енді осы мектеп формасының балалардың денсаулығына тікелей қатысты екендігін естен шығарып алдық. Жаңа мектеп формасын тігетін «жертөлелердегі» сансыз шеберханаларды кім тексерді? Мектеп формасын тігетін маталар белгіленген стандартқа сай ма? Жалпы, осы балаларға арналған киімдер қандай матадан тігілуге тиіс екендігін тексеретін, қадағалайтын мемлекеттік органдар немен айналысады? Кешегі Кеңес үкіметі балалар тауарларының, оның ішінде мектеп формасы тігілетін маталардың стандартын мемлекеттік деңгейде белгілейтін. Мектеп формалары таза мақтадан жасалған матадан ғана тігілетін.
Ақиқатын айтқанда, қазір бұл мәселе бақылаудан сырт қалған. Әккіленіп алған алыпсатарлар көпшілік «қытайдың өнімі» десе шошитынын түсініп, «түріктің матасы» деген желеумен мектеп формаларын қыл үстінен сатып жатыр. Мейлі түріктікі болсын, мейлі қытайдікі болсын химиялық талшықтардан жасалған бұл маталардан тігілген кейбір мектеп формалары балалар денсаулығына зиян келтіруде. Зиянды қоспалары бар матадан тігілген арзанқол киімдер балалардың аллергия, қышыма сырқаттарына ұшырауына жол беруде.
Балалардың бойында өзара тең біркелкілік сезімдерін баулу мақсатында бірыңғай мектеп формасын енгізу жөніндегі игі бастаманы жеріне жеткізу үшін тағы бір келелі міндетті жүзеге асыру қажет. Бірыңғай мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселесі толығымен мемлекет құзырына берілуі керек. Ең бастысы, мектеп формалары мемлекеттік шеберханаларда таза матадан халықаралық стандарттарға сай тігілуі қажет. Арнайы ашылған сауда орындарында мемлекеттік талаптарға сай белгіленген ортақ бағамен сатылуы керек. Ең алдымен, бұл – ел ертеңі – өскелең ұрпақ мүддесі үшін жауапкершілік.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»