Астанадағы 19132 әскери бөлімінің базасында 2012 жылғы 22 тамызда арнайы тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшыраған Ми-17 тікұшағының экипажын еске алу құрметіне орай спорттық жарыстар өтті.
«Бұл күн 19132 бөлімінің әскери қызметшілері үшін ерекше күн. Мінеки, қымбатты қаруластарымыз бен әріптестеріміздің опат болған күнінен бері төрт жыл өтіпті. Олар өздерінің өмірлерін қиып, жүктелген жауынгерлік тапсырманы орындады. Бүгінде бұл туралы еске алу өте ауыр, әрине. Біз оларды әрдайым есімізде сақтап, олардың ерлігін мақтан етіп, даңқты дәстүрімізді Әуе қорғанысы күштерінің өскелең жауынгерлеріне беретін боламыз», – деді 19132 ә/б командирі полковник Марал Кәрімов.
Қаза тапқан ұшқыштарды еске алу құрметіне орай жыл сайын сайыстар өткізіліп тұрады. Турнирдің қорытындысы бойынша 19132 ә/б-нің командасы жалпыкомандалық бірінші орынды, Әскери-әуе күштері қолбасшысының басқармасы екінші орынды және 2177 ә/б ҚР ҰҚК Шекара қызметінің командасы үшінші орынды еншіледі. Турнирдің барлық қатысушылары атаулы грамоталармен, медальдармен, құнды сыйлықтар және ауыспалы естелік кубокпен марапатталды.
2012 жылғы 22 тамызда Астана қаласының әуеайлағы ауданында арнайы тапсырманы орындау кезінде Ми-17 тікұшағы авиациялық апатқа ұшырағанын естеріңізге сала кетейік. Экипаждың үш мүшесі қаза болды. Атап айтқанда, экипаж командирі капитан Талғат Досанов, ұшқыш-штурман, аға лейтенант Еркін Махамбетниязов, борттық авиациялық техник, аға лейтенант Жанбота Қасымов, сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері, аға лейтенант Ақылбек Мусин.
«Егемен-ақпарат»