25 Тамыз, 2016

Тапсырыста тосырқау бар

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
жаңа оқу жылын бірыңғай үлгідегі киімБілім және ғылым минис­трлігінің талабы бойынша оқу­шылар жаңа оқу жылын бірыңғай үлгідегі киіммен қарсы алмақ. Бұл мәселе «Білімді ел–Мәңгілік ел!» тақырыбымен өткен мұға­лімдердің республикалық тамыз кеңесінде де айтылды. Ондағы мақсат – шәкірттер арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да теңсіздіктерді болдырмауға тырысу, этикалық-эстетикалық мән-мазмұнын барынша ескеру. Мектеп фор­масының түсі мен стилі тапсырыс берушінің талғамына ыңғайластырылғанымен, ортақ стандарттық көрсеткіштер сақ­талуы тиіс.Мәселен, киім­ге бір­ыңғай түс гаммасы таң­да­лады, үшеуден артық түсті араластыруға рұқсат жоқ. Кли­­маттық жағдай, оқу ғима­ра­тындағы температуралық ре­жім ескеріледі. Жартылай жүн жә­не мақта, киіске төзімді, анти­бактериялық қасиеттері бар маталар қолданылады. Отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінен сатып алу ұсынылады. Мектеп формасының түсін, үлгісін білім беретін ұйым, қоғамдық кеңес айқындайды, яғни ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Міне, оқушылар мен ата-аналар үшін осындай көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұл міндеттер өткен оқу жылының соңына дейін шешілуге тиісті болатын. Ендігі кезекте тапсырыс алушылардың жұмыстары               1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Облыстық білім басқармасы басшыларының айтуынша, 70 мыңға жуық оқушыны киім-кешекпен қамтамасыз етуге жер­гілікті шағын және орта кә­сіп­­керліктің мүмкіндіктері толық жетеді. Бұл іске өңірлік тігін­шілермен қатар көкшетаулық «Арман», қостанайлық «Батыр», алматылық «Болашақ» тігін фабрикалары тартылған. Пет­ропавл қаласындағы «С.Н.Со­кирко» жеке кәсіпкерлігі – бұл науқанның бел ортасында жүр­гендердің бірі. Мәселенің мәніне терең бойлау үшін кәсіпорынның жетекшісі Сергей Сокиркоға жолыққан едік. – Біздің өнімдеріміз «Меховая радуга» тауар белгісімен танымал. Мектеп оқушыларының киім-кешектерін тігу саласында тәжірибеміз мол. Кенжелеп қалған қазақстандық жеңіл өнеркәсіп үшін бәсекелестікке түсу оңайға соқпаса да, қиындықтарды ең­серудің жолдарын талмай қарас­тырып келеміз, – дей келіп, Сергей Николаевич бірнеше мектепке өз қызметтерін ұсынғанын, тапсырыс сапасына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Десек те, кәсіпкер респуб­ликалық ведомство тарапынан белгіленген шара аясында орын алған олқылықтарды да жасырмады. Аталмыш кәсіпорын өз мүмкіншілігін есептей отырып аудандарды қосқанда 10800 оқушыны киіндіру міндеттемесін алған. Алайда, бүгінде облыс орталығынан түскен тапсырыс жоспарлы жұмыстың үштен бірін ғана қамтиды. Өйткені, ата-аналардың көбінің жайбарақат, асықпай отыруына қарағанда дайын өнімді сатып аламыз деген сыңайлы. Тапсырыспен тігілген бұйымның артықшылықтарын ескермейтін тәрізді. Кез келген бизнесті дамыту, істі ілгерілету қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Кәсіпорын бұл науқанды ойдағыдай өткізу мақсатымен тәуекелге бел буған, қажетті шикізат сатып алуға банк­тен несие алған. Өткен оқу жылы қабылданған тапсырыстардың баяулығына қарап несие қар­жысын өтеу оңайға соқпайтын секілді. Жарты жыл бұрын әзірлік шараларын қарастырғанмен, тығырыққа тіреліп отырған жайлары бар. Себебі, маталарды сатып алу, киім үлгілері мен піш­пелерінің сызбасын жасау көп уақытты алады. Жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан жеңілдіктер көрсетілсе, артықтық етпес еді. – Тұтынушылардың кез келген талабын орындауға әзірміз. Жаңа оқу жылы да жет­ті. Кешігіп түскен тапсырыс­тар оқушыларды да, бізді де қатты әбігерге салады. Бізді ата-аналардың жайбарақаттығы таңғалдырады, – дейді кәсіпкер. Бұл сынның қала мектептеріне үлкен қатысы бар.Кәсіпкер өз жұмысын үйлестіру үшін мектеп директорларымен кездескен, электронды пошта арқылы бірнеше мәрте хат жолдаған. Бірақ бірқатар басшылардың самарқаулығы басым. Тығырыққа тірейтін мұндай оралымсыз көріністер басқа да тігін ше­бер­ханаларына тән. «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорнының өн­діріс шебері Гүлмира Хам­зина: «Біз №6 мектеппен келісім жа­сасқан едік. Тапсырыс мөл­ше­рі 65 пайыз ғана. Басқа да мақсатты жоспарларымыз бол­ғандықтан, кешіккен тапсырысты қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Бір аңғарғаным, ата-аналар мен мектептер білім саласындағы жаңғыртуларды толық ұқпаған сыңайлы. Кейбірі жылдағыдай қолға іліккенін сатып аламыз деп ойлайды. Қазір оған жол берілмейтінін есте мықтап сақтау керек», – дейді шебер. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ, журналист Солтүстік Қазақстан облысы