26 Тамыз, 2016

Би өнерінің биік ордасы

603 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
2014_25_08__06_00_40__473Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылады  Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жетіп, егемендікті ту етіп көтеріп келе жатқанымызға жыл соңында ширек ғасыр толғалы отыр. Ұшқыр уақыттың көзімен қарағанда, бұл оншалықты ұзақ мерзім емес. Алайда, бұған еліміздің осынау 25 жылдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салалар мен халықаралық аренада алған асулары тұрғысынан қарасақ, жүз жылға жүк боларлық шапағатты шаруалардың іс жүзіне асқанын тез пайымдап үлгерер едік.  Мұның бәрі бүкіл әлем танып-мойындаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында орындалып жатқанын жақсы білеміз. Біздің айрықша қуанатынымыз, егемендік мәртебесін алған кез­ден бастап, республикада мә­дениет пен өнердің серпінмен да­муына зор көңіл бөлініп ке­леді. Елбасының алыстан болжайтын кемеңгер саясатының нәтижесінде Арқаның төріне көшірілген ғажайып байтағымыз – Астана қаласының төрінде соңғы жылдардың өзінде әлемде алатын айшықты орындары бар қаншама өнер ошақтары бой көтерді. Айталық, 2009 жылы елордада бірегей «Қазақстан» концерт залы ашылды. Оған Орталық Азияда бұл салада тең келер бірде-бір ғимарат жоқ, ол әлемнің ең үздік сәулет өнері туындысының біріне жатады. Орталықтың акустикалық мүмкіндігіне жер жүзіне аты мәшһүр көптеген музыканттар мен опера әншілері лайықты баға берді. Ал Астананың 15 жыл­дығы қарсаңында, 2013 жылы «Астана Опера» деген атау алған жаңа опера және балет театры құрылды. Бұл өзгеше пішімді ғимарат сәулеті тұрғысынан классикалық, техникалық орындалуы мен ішкі жабдықталуы жағынан инновация үлгісінде жасалып шықты. Осының өзі театрдың жаһандағы ғажайып сахна алаңдары үздіктерінің бірі ретінде танылуға мүмкіндік берді. Енді, міне, таяу арада солар­дың қатарына Қазақ ұлттық хорео­графия академиясы атты жоғары оқу орны қосылғалы тұр. Мемлекет басшысының жа­ңа бастамашылдығымен 2014 жыл­дан бері салынып жат­қан бұл ғимарат ендігі жерде Ор­та­лық Азиядағы кәсіби хорео­графиялық білім берудің толық циклы қамтылған ең бірінші әрі теңдессіз оқу ордасы болмақ. Оның кешенді ғимараттары мен жарақтандырылуы қазіргі заманғы талап пен тілектің толық талғамынан табылады. Ресми түрдегі атауы «Қазақ ұлттық хо­рео­графия академиясы» ком­мер­циялық емес акционерлік қо­ғамы» болып аталатын бұл оқу орны Қазақстан Үкіметінің 2015 жылы 11 наурыздағы №126 қаулысына сәйкес қанат қақты. Ол – бұл салада білім берудің мектеп, колледж, жоғары оқу орны деп аталатын барлық үш буынын бір-бірімен жалғастырып әкететін, үздіксіз кәсіби білім беру идеясы негізін қалайтын бірегей жоба. Осы орайда академиядағы білім беру жүйесінің түпкі мақсаты қоғамның рухани-мәдени, эсте­тикалық дамуын қамтамасыз ететін жоғары санатты балет ар­тис­терін даярлап шығаруға ба­рып ұласады. Осымен бір мез­гілде хорео­графиялық өнер саласының мамандарын көп деңгейлі дайындауды жүзеге асыратын ғылыми-шығармашылық білім ордасын қалыптастыру міндеті қойылады. Ал мақсаты дүниежүзілік тәжі­рибе үлгісін ұстана отырып, шәкірттерге хореография сала­сында кәсіби білім берумен ұш­тасады. Осының қабатында әлемдік танымал хореография мектептерімен шығармашылық байланыс орната отырып, оны дамыту негізінде түлектерге са­па­лы кәсіби білім ұсыну, осы­ған қажетті жағдай жасау қарас­тырылады. Еліміздің төрінде мынадай барлық жағынан ғажайып оқу орнының бой көтеруі классикалық би өнері саласындағы дарынды тұлғаларды даярлаудың бірден-бір тура жолы болмақ. Елорданың сол жағалауына орналасқан жа­ңа білім ордасында арнайы дайын­далған бірегей сәулет жобалары әлемдік деңгейде бой түзейтін эталонға айналады. Он­дағы қазіргі заман талабына сай салынған оқу, балет, театр және тұрғын үй сипатындағы 4 корпуста оқу­шылар мен студенттерге сапалы білім беру мен тиянақты білім алудың барлық жай-жағдаяттары жасалған. Оқу корпусында жалпы білім беру мектебімен, үлкен де жарық сыныптармен қамтылған колледж және институт орналасқан. Осында зама­науи сауықтыру кешені мен көп функционалды спорт залы да бар. Балет корпусының бір өзі 21 балет залынан құралған. Залдар түгел периметр бойынша жайғасқан. Оның ішінде ашық аспан астында сәнді саялы бақ жайқалып өсіп тұр. Әрбір залда оқушылардың сабақ арасында уақыт өткізетін және тынығатын аймақтары қарастырылған. Театр ғимаратындағы классикалық қат-қабат сызба бойынша салынған 800 орындық көрермен залы бүгінгі күннің барлық талабына жауап бере алады. Ал тұр­ғынжай корпусы академия­ның профессорлық-оқы­тушылар құрамы үшін бөлінген  қызмет­тік пәтерлер мен оқушыларға ар­нал­ған кең бөлмелерден тұрады. Бұған қоса, академия аймағында қазіргі күндері ме­дициналық кешен мен үлкен асхана салынып жатыр. Мұның бәрі Елбасының аталған оқу орны үшін жасап отырған әкелік қамқорлығын танытады. Президент білім беру мен оның сапасына қатысты сөйлеген бір сөзінде: «Біздің бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейіне сапалы білім беру қызметін жол­ға қоюға тиістіміз», – деп бұл са­ланың алдында тұрған негізгі ауқымды міндетті атап көрсетіп беріп еді. Жаңадан ашылып отыр­ған академия осы міндет пен талап­тың деңгейінен толық табыла ала­ды деп есептеуге негіз бар. Осы мақсатта оқу орны бі­лік­­­ті оқытушы кадрлармен жаб­­­­­дық­талып жатыр. Жоғарыда айт­­­қаны­мыздай, Қазақ ұлттық хорео­графия академиясы ұлттық би мектебінің қарқынды дамуы мен қалыптасуы жолындағы батыл қадамдардың бірі болып табылады. Үш басқыштан құралатын академияда балаларды қабылдау шығармашылық бағыттағы бас­тауыш мектептің 1, 2, 3 және 4 сы­­нып­тарында жүзеге асырылады. Дамыған шығармашы­лық тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу үшін Қазақ ұлттық хореография академиясына балаларды 1-сыныпқа қабылдау 6-7 жас­тан жүргізіледі. Ал техника­лық және кәсіптік білім беру жүйесі 5-9 сыныптар аралығында оқытылады. Шығармашылық ба­ғыт­тағы бастапқы мектеп білім бағдарламасының мақсаты би саласындағы білім мен білік­тілікті қалыптастыру, түрлі бағыт­тағы би материалдарын орын­дауға қозғалыс аппараттарын дайындау, түрлі деңгейдегі техникалық кедергілердің негізін игеру болып саналады. Осының негізінде шығармашыл, жан-жақты дамыған кәсіби мамандар, заманауи және креативті тұл­ғалар тәрбиелеп шығарулары тиіс. Одан әрі қарай бакалавриат жалғастыруға мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, жоғары білім беретін бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі қайта даярлау бағыты бойынша білім берудегі жүйе – магистратура да ашылды. Ал келесі жылдары докторантура ашу жоспарда бар. Академияға түсу үшін қабыл­дау емтихандарынан өткендер мем­лекеттік бюджет және ақылы негізде білім алу жолдары да қарастырылған. Болашақта академия әлемдегі барлық дарынды балалар мен жеткіншектерге есігін айқара ашатын болады. Білім беру оқыту мен тәрбиелеу осылайша үздіксіз процесс болып жалғаса береді. – Білім беру жолымызда ал­ғашқы қадамдарда респуб­лика­мыздың түрлі, тіпті ең шалғай аймақтарындағы қабілетті бала­лар­ға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бірегей мүмкіндікті кез кел­ген адам пайдалана алады. Демек, егер сіздің балаңыз талант­ты, кәсіби талаптар мен өлшем­дер­ге сәйкес келетін балет және дене бітімі жағынан қажетті таби­ғи сипаттарға ие болса, оған жар­қын болашақ сыйлайтын мүм­кін­дік пен сәттілікті жіберіп алмағанымыз жөн, – дейді осы орайда академия директоры­ның мін­детін атқару­шы Гау­һар Алдамбергенова. – Акаде­мияда шәкірттерді даярлауда Қазақ­станның үздік кәсіби мамандарымен қатар, Ресей, Германия, Қытай және Францияның және басқа да алыс-жақын шетелдердің білікті хореографтары өздерінің кәсіби шеберліктерін ортаға салатын болады. 9645aed96744013b16b25ada031Ол, сонымен бірге, Қазақ­стан Республикасының хореогра­фия­лық білім беру жүйесіндегі басты өзгеріс мамандарды даяр­лауда көп деңгейлі модельге көшу болып саналатынын да атап өтті. Осы арқылы үздіксіз білім беру, сапаға қол жеткізу және кәсіби мамандарды даярлау тиімділігіне қол жеткізіледі. Академияның білім мекемесі ретіндегі басты міндеті үздік өнер дәстүрінің сабақтастығын сақтау, отандық хореографиялық білім беру саласындағы білім сапасын арттыру және оларды әлемдік кеңіс­тікте біріктіру болып табылады. Жаңагүл СҰЛТАНОВА, өнертанушы АСТАНА