18 Ақпан, 2011

Қарулы күштер қуаты арта түсуде

402 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда қорғаныс ведомствосының 2010 жылғы атқарылған қызметіне қорытынды жасалып, алда тұрған тапсырмалар мен міндеттер сараланды. Мәжіліс басталмастан бұрын Жоғарғы Бас қолбасшы құрметті қарауыл салтанатынан кейін қару-жарақ, әскери техника үлгілері­мен және отандық өнеркәсіп кешенінің өнімдерімен танысты. Алқа мәжілісінде еліміздің Қару­лы Күштерінің жауынгерлік жағ­дайы және оның сапасын арт­ты­ру, мобилизациялық дайындық, тәртіпті күшейту және әлеуметтік мәселелер сөз болды. Негізгі баяндаманы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жасады. Ол әскери қауіпсіздікті қам­тамасыз ету саласында мем­лекеттің басты міндеттерінің бірі – Қарулы Күштердің жауын­гер­лік дайындығын жоғары ұстау бо­лып табылады, деді. Осыған орай, баяндамашы атап өт­кендей, соңғы жылдары жауын­герлік әзір­ліктің қарқындылығы ғана артып қоймай, сондай-ақ оның сапа деңгейі де жақсара түскен. Бүгінде әскери дайындыққа бөлінетін уақыт мөлшері 2009 жыл­мен салыстырғанда 15 пай­ыз­ға өскен. Тәжірибе сабақ­та­ры­ның үлесі артқан. Бұл ТМД ар­мия­лары арасындағы жоғары көр­сеткіш болып табылады. Өт­кен жылы атыс жаттығулары 2009 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Осының арқа­сын­да атыс жаттығуларының бар­лы­ғы 16 000-нан асты, оның әрбір төртіншісі түнгі атыстың еншісінде, деді Қорғаныс министрі. Сол сияқты, жауынгерлік кө­ліктерді жүргізу жаттығу­ла­ры­ның саны  артып, оның көрсет­кіші 5000-ға жетті, ал  ол 2009 жылы 2904 болған еді, енді мұндай түнгі жаттығулардың өзі 1500-ге жетіп отыр. Механик-жүргізушінің  орташа жүргізу тә­жі­рибесі  154 шақырымды құра­ды. Жеке 9 авиация жаттығулары өткізілді. Әуе қорғанысы күш­те­рінде жалпы  ұшу көрсеткіші 25 мың сағаттан асты, тек бір ұш­қыштың орташа ұшуы 83 сағатты құрайды. Сондықтан да біз ТМД елдері арасында ұшқыштардың  ұшуы жағынан көш басындамыз, деді Ә.Жақсыбеков. 2010 жылы түрлі көлемдегі 54 жаттығу өткізілді. «Өзара іс-қи­мыл-2009» сияқты  ірі көлемді жаттығудан кейін ШЫҰ шең­бе­рінде террорға қарсы  «Бейбіт мис­сия» жаттығуы жалауын көтер­ді. Бұл біздің халықаралық серіктес­теріміздің  қатысуымен өткен ең ірі жаттығулардың бірі болып табылады екен. Сондай-ақ, Қарулы Күштер­дің Жоғарғы Бас қолбасшы­сы­ның тапсырмаларына сәйкес, жұ­мылдыру резервін дайындауға баса назар аударылған. Осыған бай­ланысты елімізде 9 оқу ор­та­лы­ғы құрылды. Өткен жылы мотоатқыштар  мен байланыс және арнайы әскерлерге 1200 әс­кери міндеттілер әзірленді. Би­ылғы жылы аталған оқу орталық­тары арқылы 3 600 әскери міндеттілер даярлықтан өтпек. Семей, Тараз, Ақтау қалаларында Қарулы Күштер қатарында  қыз­мет атқармағандар үшін тағы да үш өңірлік  оқу орталықтары  есігін айқара ашпақ. Сонымен бірге бұл шараға  азаматтық жоғары оқу орындары мен  әскери-тех­никалық мектептердің де әлеуеті қолданылмақ. Бұл бағытта әкімдіктермен де белсенді жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Мыңдаған адам қамтылған 8 облыстағы қорғаныс аймақта­ры­ның күшімен бірлескен жаттығу өткізілді. Бұл, әрине, алғашқы қадамдар екені белгілі. Қарулы Күштерде қызмет етпеген  аза­мат­тарды дайындау үшін әлі алда тағы да аймақтық (Семей, Тараз, Ақтау) жаттығу орталықтары құрылады. Бұған қоса азаматтық жоо-лардың әскери кафедралары мен әскери-техникалық мектеп­тердің әлеуеті де қосылады. Әскери мамандардың жүргіз­ген талдауларына қарағанда, Қор­ғаныс министрлігі жылма-жыл техника мен қару-жарақ барысын үнемі жаңғыртып тұруы тиіс екен. Осыған орай алқада осы уа­қытқа  дейін техникалық  жаң­ғыр­тылу жағынан Қазақстан ар­мия­сы басқа елге толық тәуелді бо­лып    келгендігі аталып өтті. Өт­кен жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің басқаруына «Қа­зақ­стан инжиниринг» ұлттық  ком­паниясы маңына шоғыр­лан­ған қорғаныс-өнеркәсібі кешені берілген соң жағдай өзгере бас­тапты. Бүгінде бұл компанияның құрамында 24 түрлі кәсіпорын бар. «Қазақстан инжиниринг» ұлт­тық  компаниясы және Фран­ция­ның «Еврокоп» компаниясы арасында үлкен жоба келісімі жа­салған. Ол жоба бойынша үсті­міз­дегі жылы 6 тікұшақ құрас­ты­ру жоспарланған. Тағы бір үлкен жоба Түркияның компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру болып табылады. Онда Қорғаныс ми­нистрлігінің және басқа да әс­ке­ри құрылымдардың талаптарына сәйкес өнімдерді жасау міндеті көзделеді. Осы арқылы елімізге инвестиция тартуға, жоғары тех­но­логияларды ендіруге, аталған кәсіпорындарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын молай­туға жол ашылады. Оларда тек әскери өнімдер ғана емес, сон­дай-ақ азаматтық өнімдер де шы­ғарылатыны сөзсіз. Ал бәрінен бұрын онда қазақстандық азаматтар жұмыс істеген соң олар бұрын-соңды елімізде болмаған жаңа техникалар мен техно­ло­гияға үйренеді. Қарулы Күштердің мақсаты тапсырыс беру және бақылау арқылы қорғаныстық-өнеркәсіп кешенінің қалыптасуына мүмкін­дігінше қолдау көрсету, техно­логияны трансферттеу арқылы бірлескен кәсіпорындарда құрас­тыру-жинау жұмысына әзір қа­зіргі заманғы технологиялар мен компаниялар іздеу болып та­бы­ла­ды. Бүгінде қорғаныстық-өнеркәсіп кешенімен  (ҚӨК) бірлесе қажетті оқ-дәрі, байланыс құралдары, қару-жарақтың бір­қатар түрлерін өндіру бойынша жобалар анықталды. Отандық ҚӨК-ті дамытуға қол­дау көрсету бойынша кешенді шараларға – 156, оның ішінде 86 қазақстандық компания қатысқан «KADEX-2010» қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесінің өткізілуін жатқызуға болады. Көр­ме қорғаныс өндірісі сала­сындағы белгілі әлемдік брендтер мен қазақстандық өнім өнді­рушілер арасындағы болашақта­ғы қарым-қатынастар үшін алғы­шарттар жасады. Қару-жарақ және техниканы са­тып алу, жөндеумен қатар олар­ды сақтауға жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бірінші рет қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілердің сақталу қой­маларының төбелерін жөндеу бойынша мақсатты да кең кө­лем­ді жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, әскери қалашықтар жаңар­тылды. Инфрақұрылым нысан­да­ры жөндеуден және қайта жаң­ғыртудан өткізілді. Әскери қызметшілердің әлеу­меттік қамтамасыз етілуіне қа­тысты соңғы екі жыл бойында әс­керилердің айлық қаржылай қамтамасыздандыру  мөлшері 25 пайыз өскенін айтып өтуге бола­ды, деді Қоғаныс министрі. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты негізде шешілуде. 2010 жылы пайдалануға 29 мың шаршы метрге жуық баспана берілді, ол бір жарым мыңға жуық әскери қызметшіні баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету  бү­гінгі таңда өзекті мәселе болып та­былады. Қолданыстағы механизм әскери қызметшіге толық көлемде баспана беруді кепілдей алмайды. Осы орайда, аталған азаматтар категориясын әлеумет­тік қамтамасыз етуді заман тала­бына сәйкестендіру мақсатында «Әскери қызметшілерді және олар­дың отбасы мүшелерін әлеу­меттік қамтамасыз ету туралы» заң жобасы әзірленді. Үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында бас­қа мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін аталған заң жобасы Парламент қарауына беріледі. Бұл айрықша жыл – біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Сондықтан әскері­міздің өзінің дамуының басында қандай болғанын және оның қа­зіргі кезде қандай екенін ой елегінен өткізудің маңызы зор, деп бас­тады Қорғаныс министрлігі­нің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзін Мемлекет басшы­сы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 1990 жылдардың басын­да Қазақстандағы жағдай өте күр­делі еді. Кәсіпорындар тоқ­тап, мыңдаған адамдар жұмыс­сыз қалып, өмір сүруін тоқтатқан мемлекеттің ақшасы айналымда болып, оның өзі де тапшылыққа айналды. Ескі жүйе құлап, жаңа мемлекеттік институттар енді ғана құрылып жатқандықтан қо­ғам абыржушылық жағдайда болды. Тәжірибе болған жоқ, мамандар жетіспеушілігі апаттық жағдайға жетті, көптеген жұ­мысты іс жүзінде тақыр жерден бастауға тура келді. Дәл осындай күрделі кезеңде, 1992 жылдың 7 мамырында менің Жарлығыммен Қазақстан Қарулы Күштері құ­рылды. Оның құрамына біздің аумағымызда болған бөлімдер мен құрамалар енді. Әскери техника көп болды, бірақ бір орта­лықтан жабдықтау жүйесі жұмыс істемегендіктен, оған қызмет көрсетілмеді. Ақшалай қаржы іркіліспен төленіп тұрды. Комму­нал­дық қызметтердің төлен­беуі­нен әскери бөлімдерде жарық пен жылу сөндірілді. Бюджеттегі ақша тек еңбекақы мен тамаққа ғана жетті. Осылайша 1993 жыл­дың әскери бюджеті бар болғаны 8 миллиард теңге, ал 1994 жылы 10,5 миллиард теңге болды. Бірақ табысты әлеуметтік-экономи­ка­лық реформалардың, саяси тұ­рақ­тылықтың, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында бұл проблемалардың бәрі шешімін тапты, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президент, сол сияқты, Қа­зақстанның ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз ел мәр­тебесіне ие болуының және елі­міздің ядролық қарусыздану са­ла­­сындағы белсенді саяса­ты­ның жаһандық маңызының зор екенін атап көрсетті. Қорғаныс саясаты туралы айта отырып, Мемлекет басшысы экономиканың шынайы мүм­кін­дік­терімен байланыстырылған жет­кілікті қорғаныс қабілетінің, ядролық қарусыз ел мәртебесінің және армияны елеулі техникалық және ұйымдық жаңғыртудың оның негізін құрайтынына назар аударды. Біздің әскери құрылысымыз­дың негізіне алынған басты прин­циптер мен механизмдердің дұрыс белгіленгенін өткен жиыр­ма жыл көрсетіп берді, деді Президент. Қазақстанның белсенді араласуымен ҰҚШҰ және ШЫҰ сияқты қауіпсіздік саласындағы өңірлік бірлестіктер құрылды. Қа­зақстандық әскерилер Тәжік­стан­дағы және Ирактағы бітімгершілік операцияларға қатысты, елде келісім-шарттық әскери қыз­мет енгізіліп, армия өзіне тән емес функциялардан босатылды. Оперативті және жауынгерлік даяр­лықтың қарқыны мен маз­мұны жоғары деңгейде сақталуда. Бізде Ұлттық қорғаныс университетін қоса алғанда әскери оқу орындарының айтарлықтай желісі бар, деді Елбасы. Қазіргі уақытта біздің офицерлеріміздің дені өз қызметтерін бастап, Тәуел­сіздік жағдайында кәсіп­қой­лар ретінде қалыптасты. Сол сияқты Мемлекет бас­шысы Қарулы Күштерді қаржы­лан­дырудың 2010 жылы 171 миллиард теңгені құрап, ал үстіміз­дегі жылы 200 миллиард теңгеге жеткенін атап көрсетті. Ол жауын­герлік қана емес, сонымен бірге, әлеуметтік міндеттерді де шешіп, қызмет ету жағдайын жақсартуға, тұрғын үй мәселесін шешуге жағдай туғызады. Қазақстанда әскери қызмет­кердің  ақшалай қамсыздандыры­луы ТМД-да ең жоғарылардың бірі. Қаңтардағы Жолдауда хабар­лағанымдай, шілде айынан бастап еңбекақы тағы да 30 пайызға өсірілетін болады, деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев әскери кәсіптің беделін арттыру, жастар­ға патриоттық тәрбие беру жө­нін­дегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сіздердің міндеттеріңіз Қа­зақ­стан Қарулы Күштерінің бо­ла­шақ­та ХХІ ғасырдың әлемдік әс­кери стандарттарына сәйкес келуі үшін қажет дегеннің бәрін жа­сау. Олар өз Отанына берілген кәсіпқойлармен жасақталып, қа­зір­гі заманғы техникамен және қару-жарақпен жарақталып, жаңа тактикалық тәсілдерді үйренуі тиіс, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына нақты дайындалу қажет, деді Пре­зидент сөзінің қоры­тын­ды­сында. Әскери қалашықтарды кө­рік­тендіріп, қызмет пен тұрмыс үшін барлық жағдайлар жасау керек. Мереке ахуалын барлық әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері сезінуі тиіс. Алқа мәжілісінен кейін Н.Назарбаев Қарулы Күштердің 2010 жылдың қорытындысы бойынша әскери жарыстарының жеңім­паз­дарымен кездесті. Александр ТАСБОЛАТОВ.