туралы теңселте тебірентер туынды
Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романын «Жұлдыз» журналынан оқығанбыз. Журналдың жаңа сандарын асыға күтетінбіз. Әсерінен арыла алмастан, әрі де сәрі күй кешетінбіз. Бірте-бірте байыптай бастайтынбыз. Бұл дүниеңіз былтыр «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шықты. Әрине, шығарма шіркініңізді кітаптан оқудың жөні бөлек, жосығы ерек екені аян-дүр.
Қорғансыз қазақ қырғыны туралы теңселте тебірентер туынды. Дедік. Мақаламыздың мақам тақырыбын. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Әй, дүние-ай!» романы хақындағы аз ғана айтпақ ой-пікіріміздің бісмілләсін. Мұнымызды түсінерсіздер.
Шәкәрімше шертсеңіз, «бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек». Тіпті мұқабасын сипалап, аударып-төңкеру барысында мазмұнындағы тақырыптарға көз қиықтасаңыз, «Дейін», «Кейін», «Түйін» деп тақ-тақ, нақ-нақ бедерлене бәдізделіпті. Тақпақтау үшін емес, кітапқа деген ықылас суыған қазіргідей қиын-қилы заманыңызда оқырманыңыздың ой-санасын осылай оймыштағысы келетіндей кейіпті танисыз. Бүкіл романның жазу стилі де жаңаша. Бүгінгіше. Жалықтырардай жалқы сөйлем жоқ. Әрбір сөйлемінде қат-қабат ойлар, тұспалдар тұнып жатады. Жүз жыл бұрынғы қорғансыз қазақ қырғынын, қайран да қайран қазағыңыздың жазықсыздан-жазықсыз төгілген қанын, халқыңыздың, ұлтыңыздың қайғы-қасіретін бүгінгі биік суреткерлікпен бейнелеп, қаламынан қан сорғалатқандай күйде күй шертеді-ай. Алайда, азапқа ғана жаратылғандай көріне бастаған қазақтың күйіне күйінішпен аһ ұрып, жаныңыз шырқырап, жүрегіңіз қалтырай бастағанда, шынайы шеберіңіз кенет сізді серпілтіп, не әннің сиқырына, не жақсы адамның жан жылуына, мейірбандығына, немесе керемет кейіпкерлерінің мөлдіреген махаббатына, сүйіспеншілік сезіміне бөлеп ала қояды.
«Әй, дүние-ай!» романының «Дейін» дейтін бірінші тарауы «Он алтыға толған қызды қазақтың піскен жеміске балайтынын Шәйі білетін» деген сөйлеммен басталады. Жоғарыда аңғартқанымыздай, осы сөйлемнің өзінде қаншама мән-мәніс жатыр. Стиль сиқыры сыйып тұр. Өткен ғасырыңыздың он алтыншы жылы он алтыға толған Шәйі қызыңыздың алабұртқан албырт шағын Бексұлтаныңыз да алабұрта, бүгінгіше бейнелейді. Сол Шәйідейін шырын жаратылыстың, сұлу болмыстың, көркем мінездің Қарқара жәрмеңкесіндегі хал-күйі. Сопыйаның әні. Тазабектейін таза, адал, батыл да жігерлі жігіт екеуінің сезімдері. Жүзіктейін жаны нәзік, түйсікшіл жеңгесінің Шәйіні еркелетуі былай беріледі: «Жаным Жібегім! – деді еркелете елжіреп. – Қазақ ұлдың тағдырына онша қам жей бермейді, өйткені ол өз тағдырын өз елінің ішінде өткізеді, ал қыздың тағдырын ақ сақалды атасынан тартып асық ойнаған баласына дейін уайымдайды, өйткені оның бақыты сырт ел, жат босағаға байланысты». Жеңгесі «Жібегім» деп қастерлейтін қыз Шәйіге ғашық болған, шын сүйген Тазабекте «үш жыл бойы бауыр басып қалған» Дәнекердейін қылықты келіншек бар екен. Бекең осылайша ширықтыра шилықтырар шебер ғой. Қысқасы, романыңыз осылайша оқырманын бірден баурап ала жөнеледі.
Әлбетте, он алтыншы жылдың қасіреті туралы қазақтың өзі де онша білмейді. Бексұлтаныңыз да «Он алтыншы жыл» атты мақаласында: «1916 жылы жүздеп, мыңдап қырылған қазақты әлем түгіл өз қазағы да естіп-білмеген, ал 2016 жылы бір адамның қастандықпен өлгенін бүкіл әлем біледі. Заман өзгерді, әлем өзгерді. Қазақ та әлемдік ой-санадан қалыспауы қажет», – деп тағы да таңғалдырады. Жаңа романы арқылы 1916 жылғы қырғынның қайғылы да көркем дүниелік полотносын сомдап соғады. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы туынды жаратпақ тіпті де оңай емес. Қиынның қиыны. Күрделінің күрделісі. Күрмеулінің күрмеулісі. Он алтыншы жылыңыз қанша аз жазылды, жеткіліксіз бейнеленді, ұлт санасында ақтаңдақтар басым дегенімізбен, кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» бар. Өзгеше өрнектегі өршіліңіз Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» бар. Әсіресе, «Қилы замандайын» қазақ прозасының «Хантәңірі» тұрғанда, Нұржекеевіңізге нағыз нарға лайық, аса ауыр жүктің түскенін түйсінген абзал. Шебер прозашыңыз, шынайы шығармагеріңіз Бексұлтан Нұржекеев Әуезовтейін мұхитыңыздың тереңдерінен тұспалдар термелеп әуреленбейді. «Қилы заманның» қалқасында қалып қоймайды. Жәмеңке, Әубәкір, Ұзақтардан бір-бір ауыз сөз сездіреді де, өз маржанын мәністеуде дарын даралығын танытады. Шәйі мен Тазабектің тағдырлары, іс-әрекеттері, азап-мехнаттары, қайталанбас махаббаттары, қайтпас-қайсар қажыр-қайраттары, бірте-бірте биіктеу, бірсін-бірсін өсу, өрлеулері арқылы осы екеуінің де, өзге көптеген кейіпкерлерінің де өшпес бейнелерін жасайды. Характерлерін аса иланымды ашады. Өмірбек пен Тілеулі ақсақалдар, қадірменді Қалиша апа образдары, қарапайым халықтың өзге де өкілдері өзгеше өрнектерін табады. Шәйі мен Тазабек бүгінгі оқырманның көркем әдебиеттегі нағыз сүйікті кейіпкерлеріне айналады. Бара-бара автор секілді сіз де Шәйіні – Шәйкен, Тазабекті – Тәйкен деп еркелеткіңіз келеді. Олар небір-небір нәубеттерді, қырғындар мен қантөгістерді, әділетсіздіктерді бастан кешеді. Жауыздықтарға тап болады. Ең қымбат – етжақындарынан, дос-жарандарынан айырылады.
Берг дейтін жауыздың өзі қаншама қазақты қырады. Тәтті ұйқыда жатқан ауылдың елу адамын атып, шауып өлтіреді. Келесіде әскерін екі топқа бөліп, ауылды қоршап, қазақтарды шетінен қылышпен шауып, баудай түсіреді. «Сол қолма-қол шайқаста сексенін өлтіріп, он екісін жараладық», – дейді Берг мақтанып. Қарқараға қарай беттеген Бергтің жендеттері тағы да талай адамды атып, он үйді өртейді. Осындай-осындайдың бәрін естіген орыс қызы Сопыйа: «Жазықсыз, қарусыз халықты қырып салғанына мақтанған мыналар орыстың жауынгері деген атақтан садаға кетсін!» дейді. Сөйткен Сопыйа қаншама қырғынды көріп, қазақтарға қашып кетеді. Қожақ оған ғашық. Бірақ, кейіннен Қожақ та, Сопыйа да сол сойқандардан мерт болады.
Романдағы мағлұматтардың, яғни қорғансыз қазақ қырғыны туралы деректер мен дәйектердің бәрі де архивтерден алынған ғой. Бауыржан Момышұлы меңзеген мәселедағы.
Сондай-сондай сойқандарды көзімен көріп кектенген Тазабектің Шәйісін орыстар тағы қорлайды, қалмақ зорлайды. Шәйі ғана емес, сүйікті жеңгесі Жүзік те, қайынсіңлісі Жәмеш те... Зорланады. Қазақ бұрынғыша қырылып жатыр. Шыдау да, төзу де мүлде мүмкін еместей. Алайда, «Әй, дүние-айдың» кейіпкерлері шыдайды, төзеді. Тазабек те тым-тым текті төрден, таудай биіктен табыла біледі. «Қайтуші ек? Төземіз», – дейді романдағы тау тұрпатты, даладай дархан тұлға Қапез әнші Тазабек тоқырағандай күйге түскенде. – Әрбір адам сияқты халықта да тағдыр деген болады. Қазақтың тағдыры осындай. Орыстар бізді сыйламайды, тіпті көбі адамға санамайды. Неге? Өйткені, олар бізді менсінбейді. Қазақ жерінде тұрғанмен, қазақпен олардың ешқандай рухани, мәдени байланысы жоқ. Тарихымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білмейді».
Жалпы, бұл туындыда Шәйі мен Тазабектен басқа да таңғажайып кейіпкерлер көп-ақ. Солардың бірегейі – осы ойшыл, терең білімді, өре-өрісі өте биік, әнді де талғап салып, таңдап айтатын талант иесі Қапез. Тазабекті де һәм тереңдете түсетін осы Қапезіңіз. «Біз бірікпедік, бір-бірімізге бағынбадық, өзіміз секілді бір бауырымызға бағынғанды қор санадық. Ақырында жұртқа жем болдық», – дейді әйдік әншіңіз. Ыстанбұлда білім алған оқымыстыңыз. Романда Қапезіңіз өнерді өрістетіп, әнін салып, Қаратайдай шәкірттерін де баулып жүр. Елдік, мемлекеттік, ұлттық тұрғыдағы текті тұжырымдарын да сәулесі бар саналарға сіңіре білетіндей.
«Дейін» тарауының соңында Шәйі де, Тазабек те тау тұлғалана түседі. «Шәйкен, еркек әйелді не үшін қорғайды?» – дейді Тәйкен. «Өйткені, ол оған ұрпақ сыйлайды», – дейді Шәйкен. «Ал ұрпақ үшін неге жанын қияды?» «Өйткені, ол өзі үшін ғана емес, халқы үшін де қымбат. Ұрпағы қалмаған халық қаншама данышпан болса да, түптің түбінде құрып бітпей ме?» «Иә, сөйтеді. Құдай құрып біткеннен сақтасын!»
«Кейін» тарауын автор төңкерістің табиғатын халықтың, қарапайым қазақтың көзқарасымен тәптіштеп бастайды. Жаңа өкімет билігін, бәлшебектердің, орыстардың әрекеттерін сырттай ғана бақылап-байқайтындай сыңаймен-ақ терең сезіндіреді. Тазабек пен Шәйі, басқа да кейіпкерлер білім алуға ұмтылады. Құлшынады. Әттең-ай, әттең! Тағы да тексіздік. Арызқойлық. Алауыздық. Ақырында Тазабек мерт болады. Шәйі бар болғаны жиырма беске жетпей, жесір қалады.
Бұл тарауда Қапезбен қатар орыс Кобозев бейнесі жан-жақты ашылады. Орыс пен қазақ бауырластығы, тамырластығы жарасымды бедерленеді. Кобозевтің, өзге де мейірбан орыстардың адалдығы, шыншылдығы, сайып келгенде, адамдықтың, адамгершіліктің ұлт таңдамайтыны әдемі әдіптеледі. Қырғыз Табайдың әрекеттері де үйлесімді, ұнасымды. Кобозев Тазабекке өкіл аға болады. Алайда, қазақ ән өнерінің болашағындай көрінген жас әнші Қаратайдың қазасы, Қапез дос санаған Бәкеннің опасыздығы, сатқындығы тағы да қайғыға батырады. Талайларды.
«Жер бетінде жақсы адам көп болса, жақсыны аңсап неміз бар, кез келгенімен көңіл жарастырып кетпейміз бе? Орыстың бәрі Кобозевтей болса, он алтыншы жылы қазақты орыс қасқыр шапқан қойдай қырар ма еді? Бәрі адамның ала-құлалығынан. Тазабекті дәл Кобозевтей бірде-бір қазақ жақсы көрген жоқ шығар. Екеуінің соншалық бауырлардан бетер сыйласуында не сыр бар екенін бір Құдай білмесе, басқа ешкім білмейді. Өлгеннен кейін де өзгермей сыйлау туған бауырдың да қолынан келе бермейді», – дейді автор әрі өз атынан, әрі Шәйінің ойын аңғарта ағынан жарылып.
Ашаршылықтың зар-запыраны жас талант Қаратай тағдыры мен Қапездің мұңға батырар әні арқылы үстемелене суреттеледі. Шәйі бәрін де бастан кешіреді. Соғысты да. Қаншама қайғы шегеді. Ашаршылықтың азабын, соғыста құрбан болған перзенттерін, басқа да жақындарын еске түсіреді. Бір түнін қиған қимас басқармасы да отыз жетінші жылы қамалады.
Шіркін Шәйіңіз не көрмеді десеңізші! «Әй, дүние-ай!» деп, романның атын қайталайсыз. Қайта-қайта. Немересі Нұрбек 1986 жылғы желтоқсанда өткен пленумды айтып, өз пікірін білдіреді. Шайлығып қалған Шәйіңіз: «Қой, балам! Біреу естісе, басың бәлеге қалар. Одан да шәйіңді іш», – дейді. Жиырма екінші желтоқсанда қара мәшине Шәйінің шөбересі Кәусеннің боп-боз, ақ шөлмектей боп, шалқалап жатқан жансыз денесін әкеледі.
1991 жыл. Шәйі де 91 жаста. Он алтыншы жылы он алтыдағы шырын Шәйіңіз ғой. Шалажансар күйде. Ауруханада. «Темірөзек кемпірдің қайта тірілгеніне дәрігер қауымы да қатты қуанды, әрі қатты таңғалды. Көзіне жас ала қуанған Нұрбек әжесін әбден қуантқысы келді.
– Әже, бүгіннен бастап біз тәуелсіз мемлекет болдық!
– А-а?
– Тәуелсіз жеке ел болдық. Бүгін Қазақстанның тұңғыш Президенті Назарбаев тәуелсіздігімізді жариялады.
– Уһ! – деді кейуана кәдімгі сау кісіше күрсініп. Тозығы жеткен радионың үніндей қырыл-сырылды бәрі естіді:
– Құд-дай бар екен ғой!
Үстінен ауыр жүк түскен адамша Шәйі жайбарақат көзін жұмды...
Тоқсан бір жыл бойы бір кеудеде бір-бірімен арпалысып келген қуаныш пен қайғы сол кеудеде бір сәтте бірге тынышталды».
Мемлекеттік сыйлыққа әбден-ақ лайық «Әй, дүние-ай!» романы осылай аяқталады.
«Ең үлкен ерлік – ой ерлігі» депті дүниежүзілік деңгейдегі данышпанның бірі. Аталмыш шығармада жақсы адамдар, бауырмалдық, сүйіспеншілік, туған жер, қазақтың тауы мен даласы, бүкіл байтағыңызға деген перзенттік махаббат, ұлт бірлігі, ұлтаралық татулық, тәуелсіздік турасындағы орасан ойлар, пәлсапалық пайымдар тұнып тұрыпты. Автордың қалам қуатына, дарын даралығына тәнтісіз. От-жалынға оранған он алтыншы жыл туралы романды тау тұрпатты туындылар қатарына қосылған қазақы олжа дедік. Солай санадық. Біз.
Мархабат БАЙҒҰТ
ШЫМКЕНТ