26 Тамыз, 2016

Шағын несие шын несібе көзі ме?

436 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
cadf52862c66ca0a18ac88c59c0a2e0e_LДүние жүзіндегі халық­тар­дың бітім-болмысы мен жаратылы­сы­ның өзге ұлттармен салыстыра қа­рағанда мықты қырлары болуы­мен қатар, әлсіз, осал тұстары да кездесуі – табиғи заңдылық. Осы орайда ағайындарымыздың бір осал жері, қит етсе болды несие алуға бейім тұратындығы деуге болады. Әрине, мұның ешқандай айыбы да, сөкеттігі де жоқ. Өмір болған соң барлық адамдардың арасында несие алуға деген қажеттілік болмай тұрмайды. Дегенмен әр нәрсенің белгілі бір реті мен шегі бар екенін де ескерген жөн секілді. Өйткені көптеген жағдайларда несиеге жылжитын және жылжымайтын мүліктер сатып алудың немесе той өткізудің пайдасынан гөрі несие алушыларға тигізетін зияны әлдеқайда басым түсетін жағдайлар жиі кездесіп қалып жүр. Осындай несие алуға құмар­лықты бірқатар екінші деңгейдегі банктер мен шағын несие ұйымдары өз пайдалары мен ұпайларын түгендеуге пайдаланып қалып жүргендері де жасырын емес. Сөз жоқ, олар мұндай іс-қимылдарға жөнсіз, жобасыз тектен-тек бармайды. Несиелендіруді белгілі бір заңнамалық актілер арасында жүргізеді. Соның жетілдірілмеген солқылдақ тұстарын тәп-тәуір пайдаланады. Әрі осы заңдылық шеңберінде тұрғындарға белгілі бір қаржылық қызметтер көрсетеді. Дегенмен несиелеудің мұндай түрлері осы кезге дейін қарапайым тұрғындар үшін тиімді әрі қол­жетімді бола алмағаны тағы да аян. Кейінгі кезде қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі осындай себептерден туындағанына шек келтіре алмаймыз. Банк мамандары арасында соңғы уақытта «жұмыс істемейтін кредиттер» деген ұғым қалыптаса бастаған болатын. Осы тіркес несие­леу саясатын түбегейлі жолға қою жөнінде айтқан Елбасының сөзіне де арқау болғаны ұмытыла қойған жоқ. Оның неге бұлай аталғаны сәл кейінірек оқырмандарға тү­сі­ніктірек болады ғой деген ойдамыз. Жоғарыда аталған құжат биылғы 2016 жылдың 1 қаңтарынан, ал оның кейбір қалған бөлігі 2016 жыл­дың 1 шілдесінен қолданысқа енгізілген. Бұл өзгерістердің бү­гінгі әңгімеміздің басты тақы­рыбына айналып отырған еліміздегі шағын несиелік қаржы ұйымдарына да тіке­лей қатысы бар. Осы арада аталған өзгерістер тұтынушылардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау мақсатында жасалғанын айтқан жөн. Бұған дейін бірқатар жағдайларда олардың шағын несие алу жөніндегі заңды талаптары аяққа басылып келгені айқын. Өйткені шағын несие ұйымдарының қызметі мемлекеттік органдардың қадағалау жасау аясы мен тәртібінен тыс қалып қойды. Осылайша, қазақшалап айт­қанда, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ болғандықтан олар ха­лыққа берілетін несиенің пайыздық үстемесін аспандатып жіберді. Ел-жұрт пен тұрғындардың кепілдікке қойған мүлкін тартып алған шағын несие ұйымдарының жетекшілері де кездесті. Аталған қаржылық құ­рылымдар несиені өте қысқа мер­зімге беру үрдісін орнықтырды. Көзді ашып-жұмғандай осы қысқа уа­қыттың аралығында біреулер алған несиесін қайтарып үлгерді. Екін­ші біреулері оны қайтарып үлге­ре алмай, шағын несие ұйым­дарының «тонауына тап болды. Сонда қалай болғаны? Алдағы уақытта да осындай көңілсіз көріністер одан әрі жалғаса бере ме? Жоқ, ендігі жерде бұлай болмайды екен. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ұлттық банк Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия Сатыбалдина айтып берді. Яғни, оның келтірген деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта мем­лекетіміздің бас банкі шағын несиелік ұйымдардың қызметін реттеп, қадағалап отырмақ. Жаңадан белгіленген осы құқықтық актілерге және тәртіп пен нормативтерге сәйкес шағын несиелік ұйымдар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін Ұлттық банкке ресми түрде тіркелуі керек екен. Сонымен бірге жарғылық капи­талдары мен қаржылық ресурстары және оның мөлшері жөніндегі деректерді де Ұлттық банкке жолдау тәртібі енгізілген. Оның мөлшері отыз миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Егер аталған шағын несие ұйымдары осы аталған жаңа заңнамалық талаптарды сақтамаса, мұндай жағдайда жоғарыда аталған өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі заңға сәйкес таратылмақ. Немесе қайтадан тіркеліп, соған сәйкес қайтадан құрылмақ. Бұлай болмаған жағдайда олардың несиелеуге құқығы жоқ, дейді филиал басшысы Ғалия Сатыбалдина. Әйтсе де облыстық әділет департаментінен алынған деректерге үңілсек, өңірде әлі күнге дейін несиелеу ісін жүргізуге құқығы жоқ жиырма жеті шағын несие ұйымы бар екенін көреміз. Облыста бүгінгі күнге дейін тек жеті шағын несие ұйымы ғана Ұлттық банктің реестріне ресми түрде тіркеліпті. Бұлардың қатарында «Жаңа Отау», «Теректа-Финанс», «Қазына Кредит», «Орал», «Credital», «ProfitЦентр» және «Микрофинансовая организация МФО «Кәсіпкер-Бірлік» секілді шағын несие ұйымдары бар. Аталған қаржылық құрылымдар тоқсан, алты ай және тұтастай жыл қорытындылары бойынша Ұлттық банкке өз есептерін беріп отыруға тиіс. Өйткені республика заңына енгізілген өзгерістерге орай шағын несие ұйымдары қаржылық мониторинг субъектілері қатарына қосылған. Міне, шағын несиелеу ісінің бірқатар иірімдері мен үлкен мәселелері осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар

Көпшілік тілегі орындалады

Пікір • Бүгін, 09:45

Мұнайшылар шет қалмады

Референдум 2024 • Бүгін, 09:40

Реформалар жүйелі іске асырылып келеді

Референдум 2024 • Бүгін, 09:37

Мерекелік рәуіште өтті

Референдум 2024 • Бүгін, 09:30

Демократия нышаны

Референдум 2024 • Бүгін, 09:27