27 Тамыз, 2016

Жасампаз елдің жарқын жеңісі

464 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
26-08-01Кеше Астанада олимпиадашылардың құрметіне арналған салтанатты шара өтті.  Рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттады Салтанатты шара алдымен Есіл өзе­нінің сол жағалауында орын тепкен жаңа әкімшілік орталықта бастау ал­ды. Мұн­да Олимпиаданың чемпион­дары мен жүлдегерлері «Бәйтерек» мону­мен­ті алаңында xалықпен кездесіп, көп­­ші­ліктің қошеметіне бөленді. Осы жер­де жұрт­шылық өздерінің сүйікті спортшыларымен бірге фотосуретке түсіп, емен-жарқын әңгімелесті. Одан кейін Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері мінген кортеж жүз­дері бал-бұл жанған жанкүйерлердің қо­ше­метімен «Қазақстан» орталық концерт залына дейін шеру тартып өтті. Ал Орталық концерт залына келгенде оларды астаналықтар мен қала қонақ­тары тағы да зор қошеметпен қарсы алды. Салтанатты шарада жұртшылық Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев пен олим­пиа­да­шыларға «Алға, Қазақстан! Жаса, Қазақстан!» деген ұранмен орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Осы жерде Мем­лекет басшысы барша қазақ­стан­дық­тарды ұлттық құраманың Рио-де-Жаней­родағы ХХХI жазғы Олимпия ойын­дарында табысты өнер көрсетуімен құттық­тады. – Біздің спортшыларымыздың Олим­пиа­дадағы медальдары, жоғары спорттық нәтижелері мен жетістіктері Қазақстан тәуелсіздігінің алдағы 25 жылдығына лайықты сый болып саналады. Сіздер біз­дің еліміздің халықаралық спорттағы мәр­тебесі биік екенін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті осы Олим­пиадада біздің құрама түрлі дәрежедегі 17 медальды иеленгенін атап өтті. – Бұл – Қазақстанның әлемдік олим­пиадалық қозғалысқа қатысу тарих­ын­дағы басқа Олимпия ойындарында алған жүлделерден әлдеқайда көп. Рес­ми емес медаль саны бойынша біздің олим­пиа­далық құрама әлемнің 207 елінің спорттық құрамалары ішінде 22-орында тұр. Баршамыз Риодағы Олим­пиада тұғыр­ларында еліміздің әнұраны 3 рет шыр­қалып, туымыздың 3 рет ең биікте жел­бірегеніне мақтанамыз. Осы­лай­ша, боксшы Данияр Елеусінов, суға жү­зуден ел тарихындағы тұңғыш чемпион Дмитрий Баландин, ауыр атлет Ниджат Рахимов ерекше жетістіктерге же­тіп, Олимпиада жеңімпазы атанды. Олимпиададағы табыстың ортақ қоржы­нына 5 күміс және 9 қола медаль иегер­лері олжа салды, – деді Мемлекет басшысы. Одан әрі Елбасы Олимпиадада күміс және қола медаль жеңіп алған спортшыларды құттықтайтынын айтты. Онда Нұр­сұлтан Әбішұлы күміс жүлдегерлер Әділ­бек Ниязымбетов пен Василий Левит­ке алтын медальдың сыйақысы тапсы­ры­латынын, өйткені, олардың жаһан­дық жарыста көрсеткен өнеріне тек Қа­зақстан халқы емес, барша әлем жан­күйерлері риза болғанын жеткізді. – Біз екі боксшымыздың медальдарын Олимпиаданың алтын жүлдесі деп санауымыз керек. Осыған байланысты олардың жүлдесін ынталандыру тұрғысынан алтын медальмен теңестірдім, – деді Президент. Сол сияқты ол жеңіл атлет Ольга Рыпакованың қола медалін алтын жүлде ретінде бағалайтынын атап өтті. Жақында спортшы Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан 11-ші «Гауһар лигасында» күміс жүлдегер атан­ған болатын. Бұл сында ол үш қарғып секіру бойынша 14,53 метрге секір­ді. Елбасы жеңіл атлеттің осы жетіс­тігін де ескеріп, Рыпакованың еліміз спор­тының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтты. – Жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова биік шыңнан түсіп көрген жоқ. Олим­пиадада жүлде жеңіп алу оңай емес. Бұл додаға мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік спортшылар ғана қатысады. Бәрінің арманы – Олимпиада медалі. Олар сол үшін жан алысып, жан берісіп жарысады. Ольганың қола медалі де алтын жүлдеге татиды. Себебі, ол Лондон және Рио Олимпиадалары арасында өмірге ұл әкеліп үлгерді. Қазір баласы үшке толды. Ольга – біріншіден ана, екіншіден нағыз батыр әйел. Екі үлкен доданың арасында жарыстарға қатысып, биік белестерден көрініп жүрді. Бұл спортшының өз кәсібіне адалдығын, өз еліне деген адал қызметін, құрметін көрсетеді, – деді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қола жүлде алған спортшыларға бола­шақта биік тұғырлардан көрінулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ұлт­тық құраманың жаттықтырушылар құрамына, олимпиадашылардың отбасыларына және барша қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін, ал спортшыларға нағыз бәсекеде көрсеткен ерік-жігері мен олимпиадалық даңққа ұмтылысы үшін алғыс айтты. Қазақстан Президенті ұлттық құра­маның жетістіктері Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы ХV жазғы Паралимпиялық ойындарға қатысатын спортшыларға рух беретінін айтып, оларға табыс пен жоғары нәтиже тіледі. Биылғы Паралимпиадаға Қазақ­станнан 10 спортшы қатысады. Олардың арасында жүзуден Роман Агалаков, Наталья Звягинцева, Әнуар Ахметов пен Зүлфия Ғабидуллина, дзюдодан Әнуар Сариев бар. Пауэрлифтерлер Гүлбану Әбдіxалықова, Раушан Қойшыбаева, Вадим Дукарт та Паралимпиада медалі үшін күш сынасады. Жеңіл атлетикада ел намысын Аман Қалқаев, садақ атудан Александр Медведев қорғайды. Мемлекет басшысы Қазақстан құра­­масының Олимпиадада көрсет­кен жетістіктері спортшы-паралим­пиа­да­шыл­арымызға шабыт беретінін, енді бір­неше күннен кейін олар Рио-де-Жа­нейрода жарысты бастайтынын айтты. – Паралимпиялық ойындар – жауапты сын. Осы сында сәтті өнер көрсетуді жә­не жоғары нәтижелермен оралуды тілейік, – деді Президент. Елбасы Әлемдік олимпиадалық қоз­ға­лысқа қатысқан атлеттеріміз Қазақ­стан­ның 25 жылдық белесінде көптеген жар­қын жеңістерге қол жеткізгенін айтты. – Қазақстандықтардың 2016 жылғы же­ңіп алған марапаттарын қосқанда еліміздің олимпиадалық қазынасындағы медаль саны 69-ға жетті. Біздің елімізде 1992 жылдан бергі Жазғы және Қысқы Олимпиялық ойындарында жеңімпаз болған 19 Олимпиада чемпионы, 22 күміс және 28 қола медаль иегері бар. Бұл жоғары жетістіктер – мемлекеттің тұрақ­ты қамқорлығының және спортты дамы­туға жағдай жасаудың нәтижесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. DA8_6931+ DA8_6703+ DA8_6413+Осыдан кейін Елбасы Олимпиада чем­пиондарын II дәрежелі «Барыс» орде­німен марапаттады. Елбасы қолынан жоғары награданы Олимпиада чемпиондары Данияр Елеу­сінов, Дмитрий Баландин мен Ниджат Раxимов алды. Сонымен бірге ол осы орденді бокстан Олимпиаданың кү­міс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке де тапсырды. Осы кезде салтанатты шараға жинал­ған халық Мемлекет басшысының шеші­міне ризашылықтарын білдіріп, олимпиа­дашыларға орындарынан тұрып құрмет көрсетті. «Барыс» ордені Қазақстан Рес­пуб­ликасының мем­лекеттігі мен егемендігін нығайту iciне, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бір­лігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қыз­метте, халықтар ара­сындағы ынты­мақ­тастықты нығайтуға, ұлттық мәдениет­терді жақындастыру мен өзара байытуға, мемлекеттер арасындағы достық қаты­настарды дамытуға ciңipгeн ерекше еңбегі үшін беріледі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Барыс» ордені үш дәрежелі болып бекітілді. Кездесуде Н.Назарбаев күміс жүлде­гер­лер Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюрова (қыздар күресі) мен бокстан қола жүлдені иеленген Иван Дычкоға «Парасат» орденін табыс етті. Ал «Құр­мет» орденімен қола жүлдегерлер – дзю­­дошы Галбадраx Отгонцэцэг, зілте­мір­шілер Карина Горичева, Алек­сандр Зай­чиков пен Фарxат Харки, еркін күрес шеберлері Екатерина Ларионова мен Эль­мира Сыздықова және боксшы Да­риға Шәкімова марапатталды. Салтанатты шарада Олимпиада чем­пион­­дары мен жүлдегерлері сөз алып, елі­мізде спортты дамыту бағы­тын­да жүргізіліп жатқан саясатқа, жан­күйер­лердің қолдауына ризашылығын білдірді. Алдымен Данияр Елеусінов сөз сөй­леді. – Аса мәртебелі Елбасы! Біз Риоға ат­танарда «Жеңіспен оралыңдар» деп тап­сырма берген едіңіз. Сол тапсыр­маң­ыз орындалды. Сол сенімді, үмітті ақ­тап шыққаныма мақтанамын. Мен тәуел­сіздіктің төл құрдасымын. Жасым 25-те. Осы тәуелсіздік жылдарында елі­міз­дің жеткен жетістіктерін айтып жеткі­зу мүмкін емес. Біз, Тәуелсіздіктің перзент­тері, әрқашан сіздің сеніміңізден шығуға ты­рысамыз. Мен білемін, көбіңіз түн ұйқы­ларыңызды төрт бөліп, Рио-де-Жаней­рода жүрген біздерге жанкүйер болдың­ыздар. Осы қолдауларыңызға алғыс айтамыз, ардақ тұтамыз. Барлық­тарыңызға раxмет! – деді. Ал елімізде тұңғыш рет су спортынан Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған Дмитрий Баландин де Мемлекет басшысының спортты дамытып, жарыс жолында жүрген отандастарымыз­ды қолдап-қолпаштап жатқанына мың да бір алғыс айтты. Одан кейін ол жан­күйерлерге алғысын білдірді. – Қолпаштап, демеп жүрген сіздерге ризамыз! Біз Олимпиадада соның бәрін сезініп жүрдік. Сіздердің қолдауларыңыз болмаса, біз Олимп шыңын бағындыра алмас та едік. Сол үшін үлкен раxмет! – деп сөзін аяқтады ол. Келесі болып сөз алған ауыр атлет Нид­­жат Рахимов, Жазира Жаппарқұл мен күрес шебері Гүзел Манюрова да мем­лекетке, жанкүйерлерге алғысын жеткізді. – Аса құрметті Елбасы, – деп бастады сөзін Жазира. – Ақордада берген ақ батаңызбен Олимпиададан жүлделі оралып отырмын. Сізге ел алдында жүлде ала­мын деп серт берген едім. Сол сенім­ді ақтап шықтым. Бұл жүлдеге жан­күй­ер­лердің қолдауының арқасында жет­тім. Жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Ал Гүзел Манюрова болса толқып, те­біреніп сөз сөйледі. Ол елімізге Ел­ба­сының қолдауының арқасында Олим­пиялық ойындарға тағы бір мәрте қатысуға және елімізге медаль алып беруге мүмкіндік алғанын айтты. – Бұл – ұмытылмас сәт. Мен өзім­нің Президентіме, еліме деген мақтаны­шым­ды әлі де болса жасыра алмай жүрмін. Біз Қазақстанның әлемдегі спорттық держава екенін тағы бір мәрте дәлелдедік деп санаймын, – деді өз ойын айтқан күміс жүлдегер. Шараның соңында Президент ­Н.На­зар­баев барша қазақстандықтарды Олим­­­пиа­дадағы жеңіспен құттықтап, әлемдік спорт биігінде жаңа табыстарға жетуге ті­лек­тестігін білдірді. Осы кезде залда бір кішкентай баланың жылаған дау­ы­сы ес­­тілген еді. Соны байқаған Елба­сы зал­ға қарата: «Бұл бала да бола­шақ­та Олим­­­пиада чемпионы болады. Соған жет­­кіз­сін», деді. Залдағы қалың ел де Ел­­ба­­сы сөзін жақсы ырымға балағаны анық. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы болған Бекзат Саттарханов та 1980 жылы Серік Қонақбаев ағасы Олим­пиа­даның күміс жүлдегері атанғанда бе­сік­те жылаған екен. Анасы мұны сол кез­де жақсылыққа жорығанын айтқан. Ел­ба­сының салтанатты шарадағы сөзіне біз де қо­сылып, болашақта баланың Олим­пиа­да чемпионы болуына тілектестік білдірдік. Кездесуде Президент олимпиадалық жеңіске үлес қосқан әрбір спортшыға, жаттықтырушылар құрамына, спорт­шы­лардың туыстарына танытқан ерік-жігерлері үшін алғыс айтты. Осы ретте ол шараға қатысушыларға спорттық жетістіктерді еселей түсу тіле­гін жеткізді. «Олимпиада чемпионы үне­мі жаттығуы керек, себебі, келесі Олим­пиадаға дейін ешкім де бір орында тұр­май­ды, яғни, баршасы дайындықтарын жал­ғастырады», деді. Осыған байланыс­ты Нұр­сұлтан Әбішұлы Олимпиада чемпион­дары мен жүлдегерлеріне өздері туып-өскен жерлерінде де сый-құрметтің көр­сеті­летінін, дегенмен, осы атақ, құрмет­ке масат­танбай, белдерін буып, алда­ғы жарыс­тарға дайындалып жүру керек­тігін айтты. Кездеудің соңында Олимпиада чем­пио­ны Д.Елеусінов Елбасына Мем­лекеттік Туды табыс етті. Бақтияр ТАЙЖАН, Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Соңғы жаңалықтар

Көпшілік тілегі орындалады

Пікір • Бүгін, 09:45

Мұнайшылар шет қалмады

Референдум 2024 • Бүгін, 09:40

Реформалар жүйелі іске асырылып келеді

Референдум 2024 • Бүгін, 09:37

Мерекелік рәуіште өтті

Референдум 2024 • Бүгін, 09:30

Демократия нышаны

Референдум 2024 • Бүгін, 09:27