Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 25 жыл! 1991 жылдың 29 тамызында өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жапқан Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядролық қарусыз дамуының жаңа кезеңін бастап берген және сол ізгі мүдде үшін осы күнге шейін күресіп келе жатқан саяси дара тұлға! Адамзат баласының мүддесі үшін ядролық қару-жарақсыз әлем құрудың бастамашысы және оны батылдықпен жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Мұны әрдайым қайталап айтудан жалықпайық! Өйткені, Қазақстан 1991 жылы, өз тәуелсіздігінің қарсаңында тұрған тұста, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырған еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт дүниеге жаңа дем бергендігі мен дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы үшін әлем жұртшылығының алғысын арқалап келе жатқандығы да бар. Кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Сталиннің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағының тұсында өзінің Жарлығымен жапқаны да жаһан жұртының есінде әлі. Елбасының бұл парасаттылығы мәңгі ұмытылмайды және адамзат дамуы өркениетінің беттеріне алтын әріптермен жазып қойылған. Көне тарихтың зерделі жадындағы жайттың бірі сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында «қырғи-қабақ соғыстың» басталуымен есте қалған-ды. «Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зардабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тартқан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен біржолата арылту үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында АҚШ-пен кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, Қазақстандағы ядролық арсеналдың тағдырына қатысты мәселе екі ел басшылары үшін алдыңғы қатарлы маңызға ие болды», деген бір ойымызды тағы да қайталай отырып, 1991 жылдың 30 желтоқсанынан бастап, Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ, 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын ядролық арсеналға ие болып қалған әлемдегі төртінші мемлекеттің бірі болғандығын бүгінгі әңгіме орайында тағы да бір еске сала кетейік. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің тарихи жолымыздың ең бір есте қалар тұсы тағы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық шабуылдаушы қаруларға шектеу қою және қысқарту жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау міндеттемесін бекітті және ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тартты. Мұны да ұмытпайық! Қазақстан Парламенті әлемдік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификациялап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химиялық қаруды қолдануға, жинау мен өндіруге, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға да қол қойған болатын. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты Қазақстан Парламенті 1993 жылдың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гор Қазақстанда ядролық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашатын негіздемелік келісімге қол қойған еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да қосылатындығы жайындағы ратификациялық құжаттарды Вашингтонда АҚШ-тың сол кездегі Президенті Б.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тарту туралы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келе жатыр. Бұл да әрдайым есте жүрерлік жай! Тағы да жады мықты тарихқа жүгінер болсақ, 1994-жылдары Қазақстандағы ядролық оқтұмсықтар саны 1400-ге жетіп қалған-ды. Сол тұста Қазақ еліндегі тажал қаруы Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемлекеттерінің ядролық қаруын қоса алғандағыдан да көп болғандығын айта кету керек. Елбасының ядролық жойқын қарудан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі Қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді. Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақпанынан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше болып кірді де, қазіргі таңда еліміздің барлық ядролық нысандары МАГАТЭ-нің кең ауқымды кепілдігінде тұр. 1996 жылдың 21 сәуірінде ел аумағынан 1216 дана ядролық қаруды алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сынақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажал қарудан біржолата босатылып, халқымыздың көз жасын құрғату, қасиетті жеріміздің топырағын залалсыздандыру басталды. 1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі мен ізгі қадамы екендігі де әрдайым мақтаныш етуге тұрарлық іс! Ал енді бүгінгі аласапыранды және де адамдары босқан дүние мен бір-біріне оқ қаруын кезеніп, бейбіт күннен үміті үзілгелі тұрған дүниеге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі тағы да бір жаңа дем берді. Қазіргідей жаһандық қауіп пен қатерлер асқынып, адамзат баласының тағдыры қыл үстінде қылпылдап тұрған сәтте 2016 жылғы сәуір айының алғашқы күндері Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтонда болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитке әлем бар назарын аударған еді. АҚШ-қа әлемнің 51 елінен келген президенттер мен премьер-министрлер бастаған, және де бұған қоса Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия, МАГАТЭ-сі бар, бұдан да өзге халықаралық беделді ұйымдардың әйдік жетекшілері жиналған бұл Саммиттен не күтуге болатын еді?! Әлем жұртшылығының көкейіндегі осы бір үміті ақталып, күдігі сейілгендей болды. Сол үміт болып қайта жанған да және сол күдікті көңіл сейілткен де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі еді! Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем мемлекеттерінің басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақыруға және де бұл іске бастамашы болуға толық моральдық та, адамдық та құқы бар болатын. Бүгінгі дүние дамуының және барша адамзат баласы алдындағы жан мен ар тазалығының айғағындай болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айдай әлемге және де сол әлемді оның бүгінгі де келер ұрпақтарын, жалпы адамзатты соғыстан құтқарып, арылтудың өзіндік жүрек үні – өз манифесін жариялады! Бәрі де есімізде! 2010 жылдан бері әрбір екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің үшінші кезеңі 2014 жылы Нидерландтың Гаага қаласында өткендігі де есімізде. Мұны бүгінгі алаң дүниенің бүгінгі адамдары да ұмыта қойған жоқ. Сол Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ саммитке қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2014 жылғы наурыз айының 24-інде қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» атты жаңа түрінің таныстырылып, сыйға тартылғандығы да есімізде! Сондағы көңіл қуанышымен: «Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды. Нұрсұлтан Назарбаев қарусыздану мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болды. «Қырғи-қабақ соғыстың» ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты! Бір-бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар деген сенімін оятты!» Бұл ойымызды сол кезде айтқан да, жазған да болатынбыз. Вашингтондағы саммитте сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі өте жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығының қатарына кіретінін айта келіп, Қазақстанның бүгінгі күні уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып, осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті. Ендігі арада түрлі елдердің ұлттық энергетикалары мен өнеркәсіптерін төмен байытылған отынға көшіру ісін ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттігін алға тартты. Өйткені, тұтас планета бойынша жыл сайын адам санының жедел артуы мен осы заманғы ғылымның шапшаң қарқынмен дамуы энергия көздеріне деген сұранысты өлшеусіз өсіре түспек. Ендігі заманның мүддесін ядролық технологиясыз елестетудің өзі мүмкін емес. Елбасының «мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қолжетімділігі тең болуы тиіс» деуі адамзат санасындағы атомның күші мен құдіреті сол адамзатты қырып-жоюға бағытталған деген әуелгі сананы өзгерту керектігін меңзегендігі деп ұғынғанымыз абзал. Қазіргі уақытта оқта-текте болса да аспанға көтерілген ұшақтардан бастап, адамдардың ең көп шоғырланған жерлерінде аяусыз жарылыстар жасап жатқан терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдаланып кетулерінің нақтылы жағдайға айналып отырғанын да айта келіп, Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында барлық елдің қатысуымен терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру қажеттілігінің де пісіп-жетілгендігін алға тартуы бүгінгі үрейлі әлемнің жарияланбаған соғыстан жеңіліс таппауын алдын ала ойлағандығы еді. Мұнда жалпы адамзат тағдыры жатыр. Сол барша адамзатқа жаһандық соғыс қатері төніп тұрғандығын да Нұрсұлтан Назарбаев өз манифесінде ашық айтты. Дүниені соғыс вирусы жайлап бара жатқандығына алаңдаушылығын білдірген Елбасы сол соғыс және де милитаризм адам баласының ой санасы мен мінез-құлқына тереңдей бойлап, еніп барады дегенді де жасырмай айтты. Ал адам баласының санасындағы соғыс кез келген қару түрінен де қауіпті болары бар. Өйткені, Елбасы өз манифесінде «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындамауда. Ажал себетін қару мен оны дайындаудың технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарап отыр. Олардың терроршылардың қолына тиюі уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана сияқты көрінеді», деп мәлімдеуі қаһарлы сипатқа ие болып бара жатқан халықаралық терроризмнің бүгінгі қаупін дөп басқандығы деп санаймыз. Үрей көп адам баласында. Сол үрейдің ең бастыларын Елбасы атап айта отырып, әлемнің көрнекті оқымыстылары Альберт Эйнштейн мен Бертран Расселдің «қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген осыдан алпыс жыл бұрын адамзаттың алдына тартылған манифесін бүгінгі дүниенің есіне тағы да бір салғаны бар. Соны айта келіп, Қазақстан Президенті адамзат баласының баршасына «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет деген ой тастады. Сол ойын нақтылы етіп тұжырымдай отырып, бұл бағдарламада негізгі үш басты қағидатты, «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі», «жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылуы ықтимал басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді» және де «мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек» дегенді алға тартты. Егер де адамзат баласы – біз қазіргі мына тіршілікті, өзімізді және келер ұрпақты сақтап қаламыз десек, Елбасының бұл қағидаттары бүгінгі дүниенің берік ұстанымына айналуға тиісті. Елбасы манифесін адамзаттың ендігі дамуы үшін міндетті түрде орындалуға тиісті басты бағдары деп қабылдар едік. Манифестегі бес бірдей міндетті қағидаттардың біразын Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-парасатымен, ерік-жігерімен жүзеге де асыра бастаған мемлекеттердің бірі. Елбасы атап көрсетіп отырғандай, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Айдай әлемге анық жай, Қазақстан осыдан 25 жыл бұрын әлемде алғаш болып Семей ядролық сынақ полигонын мәңгіге жапты және де Кеңес Одағынан мұраға қалған атом қаруынан, оны жеткізу құралдарынан өз еркімен бас тартты. МАГАТЭ аясында Қазақстан аумағында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байытылған ядролық отын банкі де құрылды. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, бүгінгі күні ядролық қаруларын ендігі арада ғарыш кеңістігіне, әлемдік төрт мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау мәселесінің де аса көкейкестілігіне дүние назарын аудара отырып, жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат жасап, оны орындауды міндеттеу маңызды екенін көлденең тартты. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланыла алатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал, деген ойы да әлем халықтарының зор разылығын тудырды. Әзірге әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар болса, ендігі арада халықаралық бар күш-жігерді Таяу Шығыста ядросыз аймақ құруға белсенді кірісу керектігін Елбасы өз манифесінде тегіннен тегін айтып отырған жоқ. Өйткені, сол Таяу Шығыс өзінің геосаяси жағдайына байланысты қазіргі де, болашақтағы да қарулы қақтығыстардың өршіп, ушыға түсер орталығы болып қала берері анық. Бұл ушығудың соңы ядролық лаңкестікке әкеліп соқпасына әзір ешкім де кепілдік бере алмай отырғандығы тағы бар. Олай болса, Елбасының таяудағы он жылдықтың жалпыға ортақ міндеті ретінде Ауғанстан, Ирак, Йемен, Ливия мен Сирия, одан қалды Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль қарсы тұрушылықтарын тоқтату, Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі мен Арктика ендігіндегі жарылыс қаупін азайтуды ұсынуы XXI ғасырды және тұтас адамзат өркениетін ешқашан және ешбір «жеңімпазы болмайтын» жаһандық соғыстан құтқарып қалудың планетарлық маңызы бар жедел шаралары ретінде тани білсек, адамзаттың бейбіт те алаңсыз өмірінің жаңа кезеңі басталды дей беріңіз. Біз – кешегі Кеңес Одағы бар тұста әлемдегі әскери блоктарды жатқа біліп өскен ұрпақпыз. Кеңес Одағы мен Еуропадағы сол кездегі социалистік мемлекеттер Варшава шарты әскери блогының құрамында болатын да, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Варшава шарты блогы да тарап, кешегі күні кеңестік армияның тұрған орындарын түрлі желеулермен ақырын жылжып НАТО блогы ала бастағаны да осы күнгі анық жай. Елбасы өз манифесінде: «Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болатын болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күш тудырады», дей келіп, қазіргі әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жауапкершілігін толық сезіне де бермейтін түрлі мемлекеттердің еніп отырғандығына өз алаңдаушылығын білдіреді. Бұл – бүгінде бүкіл дүниені алаңдатып отырған мәселе! Ал сол жай әлемдік арена төрінен тұңғыш рет айтылды! Айтқан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев! Және Елбасы осыған орай не істеу керектігін де айта келіп, ендігі арада әскери блоктарға Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астында өзге де мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік үшін Жаһандық коалициясын қарсы қою қажет деген пікірін білдірді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу идеясымен де аса маңызды болып саналады. Таяудағы жылдары жер-жаһанды әскери әрі саяси милитарландырудан, қару-жарақтың одан әрі таралуынан сақтап қала алмасақ, жаңа қатерлердің бірінен соң бірінің туындай беретіндігін де Елбасы атап көрсетті. «Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқансу әлемдік апатпен пара-пар», деген Елбасының тұжырымы – жер-жаһанның және адамзат баласының тіршілігі мен өркениетінің де жер бетінде сақталып қалуына деген алты құрлықтың төрт бұрышын да алаңдатып отырған мәселесі. Иә, Елбасы айтқандай, ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутатыПрезидент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31
Ауыр атлетика федерациясының президенті ауысты
Спорт • Бүгін, 18:00
Көлікке жылқы тиеп алған Қарағанды тұрғыны ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 17:39
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы сотталды
Оқиға • Бүгін, 17:15